Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына қолдау көрсетуге және жастардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беретін жаңа жоба Атырауда бастау алды. «Zhas project» деп аталатын жоба аясында жұмыссыз жүрген, көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар грант алып, кәсіп аша алады.
- Әлеуметтік жобаға 4-29 жас аралығындағы жастар қатысады. 3-5 адамнан тұратын топтар құрылып, жоба дайындайды және іске асыруға жұмыстанады. Ол үшін алты ай уақыт беріледі және әр топқа кеңес беретін, көмек көрсетілетін жетекшілер тағайындалады, - дейді жобаны үйлестіру агенттігінің өкілі Алена Баянбекова.
Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкінің бірлесіп ұйымдастырып отырған бұл шарасы жастар корпусын дамытуды мақсат етеді. Қанатқақты жоба енгізілетін өңірлердің қатарында Атырау да бар. Енді мұнайлы аймақтағы жастар бастамада бақтарын сынай алады.
- Жобаны жүзеге асыру бағытына шек қойылмайды, әлеуметтік маңыздылығы бойынша бағаланады. Жоба қатысушылары ай сайын стипендиямен қамтамасыз етіледі, ал үздік деп танылған жұмысқа 1 млн теңге көлемінде грант қарастырылған, - дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Роллан Құспан.
Бақытгүл БАБАШ,
«Egemen Qazaqstan»
АТЫРАУ