• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Наурыз, 2019

Елордада арнайы орнатылған датчиктер бір отбасының газдан улануына жол бермеді

397 рет
көрсетілді

Төтенше жағдай «Көктал-2» тұрғын алабында болды деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты Астана қаласы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгін сағат 12:15-те «112» қызметіне жедел жәрдем стансасынан «Көктал-2» тұрғын алабында Ақмола көшесіндегі үйлердің бірінде тұратын азаматтардың иіс газынан улану белгілерімен ауруханаға жатқызылғаны туралы хабарлама келіп түскен болатын. Жедел жәрдемді сағат түнгі екіде шақырған әйелдің айтуына қарағанда, түтіннен дыбыс шығаратын арнайы құрылғы дабыл қағып, соның көмегімен қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін болған. Ұйқысынан оянған үш баланың анасы үйдің ішін желдетіп, ұйықтауға қайта жатқан екен. Таңертең ол екі баласын мектепке жіберіп, өзі 2009 жылы туған баласымен үйде қалады. Сәлден соң ол басының айналғанын, жүрегінің айнығанын сезген», – делінген ведомствоның хабарламасында.

Шамамен сағат 12:00-де жедел жәрдем бригадасы әйел мен оның баласын балалар ауруханасына жеткізді. Ауруханаға жатқызудың еш себебі болмаған соң, дәрігерлер оны баласымен үйіне жіберген. Бұдан кейін әйел ересектерге арналған ауруханаға барып, өз денсаулығын тексерген. Қазіргі таңда ана мен бала өз үйінде. Дәрігерлердің айтуынша, олардың денсаулығына ешқандай зиян келтірілмеген.

Еске салайық, арнайы датчиктерді бұл үйде Сарыарқа ауданы ТЖ басқармасының мамандары әкімдік қызметкерлерімен бірлесіп ақпан айында жеке секторда жүргізілген рейд барысында орнатқан болатын.