• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2010

ИЫҚТАН ШАШЫ, ТӨГІЛІП ЖЕРГЕ

1251 рет
көрсетілді

Бұрымы 1 метр 50 сантиметр болатын алпыс тоғыздағы кәсіпкер ана туралы бір үзік сыр Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Сарыкемер ауылынан өтіп бара жатып, жүрек жалғап алайын деп “Ару ана” кафесінен дәм-тұз та­туы­ма тура келген. Тоқсаныншы жыл­дары жұрт қазан таңдамай, қамыр талғамай бұйырғанын ішіп-жеп, жөніне кете беруші еді ғой. Қазір талап та, талғам да өзгерген. Мұндай “реформалар” біздің бас­тың ішінде де бұлқынып жатқан сияқты. Әйтеуір, өздері де, сөздері де мәдениетті жерге тоқтағысы кеп, қожайынынан бизнесінің жай-күйін білгісі кеп елпілдеп тұрғаны. Бақытыма орай, дәмхананың иесі аудандағы кәсіпкер аналардың маңдайалдысы болып шықты. Жан дүниесі де өнерге етене жақын. Өзі де “Ахау, Семей” атты әнге ай­нал­ған ғажайып қалада дүниеге ке­ліпті. Әкесі Арғынғазы Аймурзин белгілі қаламгер-журналист-ре­дактор Ғайса Сармурзиннің ағасы. “Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан” деген осы”, – дей­мін ішімнен. Өйткені, Ғайса ата­мыздың кеңестік тәртіптің қы­сымынан қорықпай Қордай барып, Кекіліксеңгір асып, кеудесі алтын сандық жақсылармен сырласып, Кенесары хан туралы мақала жаз­ғанын білем. Тұщынып оқығаным да бар. Қысқасы, көктен іздегенім жерден табылғандай. Негізі, ата-бабаларымыздың “жүрген аяққа жөргем ілінеді” деген сөзін есті қаламгер қойын дәптерінің бірінші бетіне түртіп қоюы керек. “Әкеге қарап ұл, анаға қарап қыз өсер”деген. Зиялылар өсіп-өнген тегіне тартқан асыл жеңгеміз сегіз қырлы, бір сырлы болып шық­ты. Құдай қосқан қосағы Рақымбай ағамыздың жүрегін жаулап алған мінезі мен жүзінде, тіфә, тіфә, әлі мін жоқ. Алпыс деген ақылман жас­тың тоғызына келсе де қиылған қас пен төгілген шашқа қылау түспеген. Шынымды айтсам, мені әсіресе, жеңгеміздің тобығына түсетін қолаң шашы қатты таңғалдырды. – Мұндайды қазақтың ғашық­тық жырларындағы сұлулардың ғана маңдайына жазылған бақыт деп ой­лау­шы ем. Айып етпесеңіз, то­бы­ғы­ңызға түсетін шашыңыздың қан­ша­лықты ұзын екенін айтпас па екенсіз? – Айып ететін ештеңесі жоқ, құлақ үйренген сұрақ ғой. Ша­шым­ның ұзындығы 1 метр 50 сантиметр. – Мұндай шашы бар қыз-келіншектер бүгінде жоқ-ау. – Мүлде жоқ деп айта алмаймын, бірақ некен-саяқ. – Өзі қалың, өзі ұзын шашты жуу, тарау, өру де біраз шаруа шығар. – Кейбір қыз-келіншектерге қиын жұмыс болып көрінуі мүм­кін. Бірақ мен шашымнан ыңғай­сыздық көргенім жоқ. Осы шашым арқылы телебайқауға қатысып, бірінші орынды жеңіп алғанмын. Сахнада ән салған кезде де бұрымыма жасанды шаш жалғап, әуре болмаймын. Қысқасы, мен шашымды құдайдың берген сыйы деп бағалаймын. – Ән де саласыз ба? – Ауданда әжелер ансамблін ұйымдастыруға атсалыстым. Өзім­нің жеке репертуарым да бар. Мереке сайын аудандық Мәдениет үйінің сахнасына шығамыз. – Қандай әндер айтасыз сонда? – “Сағыныш”, “Қимаймын”, “Сен ғана”,.. көп қой. Жақында он бір әннен тұратын дискімді жаздырттым. – Оһо, сіз нағыз қазіргі за­ман­ның адамы болып шықтыңыз ғой. – Құдайға шүкір, отбасымызға жететін кәсібіміз де баршылық. Аудан орталығы мен қалада кафе, дүкендеріміз де жұмыс істеп тұр. Бір ұл, екі қызым бар. Үш немере сүйіп отырмын. Тек осының бәрін Рақымбай ағаң ақырына дейін көре алмады. Осыдан бес жыл бұрын 66 жасында қайтыс болды. Екеуміз жиын-тойда бірге ән салушы ек... Қызмет бабымен жүріп әртүрлі адамдарға жолығасың. Жақсылары уыздай ұйыған ұйымшылдығымен жабырқау көңіліңе жамау бола білсе, бір қазанға бастары сыймай отырған жамандары көңіліңе кірбің ұялатады. Сондықтан болар, көбіне бірлігі мен тірлігі жарасқан қуанышты отбасының ұйытқысын іздеп, сабылып жүргенің. Жаңа ғана жарқырап тұрған күннің көзін көшпелі бұлт кеп жапқандай бір жабырқау сәт орнады. Жеңешем­нің жүзіндегі “бұлтты” қуып, ойын серпілту үшін дереу әңгіменің арнасын өзгерту керек. – Эльмира деген атыңыз да осы заманға лайық. Қазақтар 1941 жылы қыздарына мұндай есім қоймауы тиіс сияқты еді, әлде өзіңіз таңдап алдыңыз ба кейін? – Құдай сақтасын, азан шақырып қойған атым. Айттым ғой, әкем Сармурзиннің ағасы, кезінде прокурор болған, шығыс пен батыстың әдебиеттерін көп оқыған, көзі ашық адам деп... Жақсыны көрсе де көрме­ген­дей, білсе де білмегендей кейіп та­нытып қатар жүре беретіндер көп. Риза болғаным, аудандағы қоғам­дық жұмыстарға белсене атсалы­сып, тұрмыс-тіршілігі төмен от­ба­сылар мен зейнеткерлерге қамқор болып жүрген анадан Байзақ ау­данының әкімі Батырбек Құлекеев, орынбасарлары Әзімхан Қилыбаев, Кәдірбек Сәдубаев және басқа да басшылар құрмет пен қошемет­те­рін аямайды екен. Үздік кәсіпкер ретінде облыс, аудан әкімдерінің қо­лынан алған дипломдары мен ал­ғыс хаттары да жетерлік. Бұр­нағы жылдары Астанада өткен ел кәсіпкерлерінің жиынына қаты­сып, өткен жылы Байзақ ауда­нының Құрметті азаматы атағына ие болыпты. “Диірмен бір айналғанша, иесі мың айналады” деген мақал рас. Эль­мираның кәсіпкерлік жолы оңайға түскен жоқ. Үйінің ас бөл­месін босатып, оны кеспе шыға­ратын цехқа айналдырған алғашқы қадамын әлі ұмытпайды. Кейін ескі технологияны жаңасымен ал­мас­тырып, тәулігіне 15 түрлі 3 тон­н­а өнім өндіруге қол жеткізді. Оған тұшпара цехы қосылды. Бірақ нарықтағы бәсекелестік артқан тұста, өндірілген өнімді өткеру де­ген мәселе туындайды ғой. Бұл қи­ын­дықты олар кеспелерін базар нар­қынан төмен бағамен сатып жеңген. Бүгінде Эльмира ханымның аудан мен облыс орталығынан ашқан дүкендері мен кафесінің табысына шүкіршілік етіп отырған жайы бар. Шағын және орта бизнеске қолдау жақсара түссе, қолға алмақ жаңа жобалары да жоқ емес. Жалға алған жері де бар. “Табыстың бір ұшы білекте болса, екінші ұшы өжет жүректе” дегендей, сонау бір жылдары Ал­матыдағы қыздар педагогикалық институтының библиография факультетін бітірген Эльмира Ай­мурзина кеңес жылдары мектепте қызмет етті, аудан орталығындағы №4 балабақшаның меңгерушісі болды. Енді, міне, зейнеткер атан­ған алпыс тоғыз жасында кәсіп­керге айналып отыр. “Шыққан тауың биік болса, лақтырған тасың алысқа түседі”. Кәсіп деген қызықты болса, шау тартқан адамның өзін ширатып, жасартып, жігерлендіріп жібереді... Қандай мазмұнда дүние жаз­байын, бірінші кезекте тақыры­бы­ның тартымды болуы есте тұрады. Осы жолы да Сарыкемерден “сар­желдіріп” келе жатып, тақырып ту­ралы ой қаузадым. Қапелімде ойы­ма жөндемді ештеңе түсе қоймады. Сосын көлігімнің радиосын қос­тым. Эфирден марқұм Мәдина Ера­лиева нақышына келтіріп ай­татын ән орындалып жатыр екен. Иықтан шашы, Төгіліп жерге. Күмістен шашбау, Жарасып белге, – дейді күміс көмей әншінің сазды үні көлік ішінде қалқи естіліп. Боранды бекетке концерттік сапармен келген кезінде Мәдина Ералиевамен жуалылық кәсіпкер Мұсатайдың үйінде дастарқандас болып, талантына тәнті болғаным бар еді, сол есіме түсіп, сөзі де, са­ғынышқа айналған өзі де жүрегімді толқытып, жандүниемді астан-кестең етіп жіберді. “Таптым, – дедім ішім­нен, – Иықтан шашы, төгіліп жерге! Бара сала осылай деп жа­замын...” Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы. ЕЛ БЕСІГІН ТЕРБЕТКЕН АНА Сонау қиын кезеңнің өзінде жекеменшік балабақша ашқан Раушан Мадина бүгінде осы мекемені гүлдендіріп отыр Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостан­ай­дағы темір жол вокза­лы­ның жа­нындағы ба­лабақша-гим­назияны тұр­ғындар “те­мір жол ба­лабақ­ша­сы” деп атап кет­кен. Бұл ба­лалар мекемесі осыдан отыз жыл бұрын “Қазақстан темір жо­лына” қарағандықтан осылай атал­ған ғой. Нарық келген кездегі қиындық шойын жолды да шыр­мап алды. Бұрынғыдай емес, желі бойындағы мектептер мен бала бақшаларға аямай бөлетін қаржы­ның аясы тарылды, бірте-бірте оларды өз балансынан шығарып та тастады. 80-ші жылдардан бері Раушан Мадина басқарып келе жатқан балабақша-гимназия да солардың қатарында болатын. Оны енді Қостанай қалалық білім бөліміне беретін болды. Ал бұл мекемені ұстап тұру үшін бюд­жет­тен жылына 37 миллион теңге қаржы бөліну керек. Қаланың бюд­жетіне бұл аз салмақ емес, сон­дықтан балабақшада тәрбие­ші­лерден басқа баланы жан-жақ­ты дамытып, білім іргетасын қалап жатқан педагог, басқа да мамандардың барлығы қысқару керек болды. Раушан Нұркен­қы­зының жүрегі шымырлап қоя бер­ді. Өзі де мектепке дейінгі тәр­бие саласының маманы бол­ған­дықтан балабақ­шадағы педа­гог­тардың қарымын, баланы дамы­тудағы шеберлігін жақсы біледі. Жұмыстан қысқарса, бүл­дір­шін тәрбиесі үшін бар өмірін сарп еткендер қайда барып күн көрмек? Раушан балабақшаға бір жаңалық әкелсе ұжымы оған ешқашан қарсы тұрған емес, бірін бірі емеурінінен түсініп, дереу іске кірісер еді. Сондай ұжымды қалай таратпақ? Осылай әрі-сәрі күй кешіп жүргенде бір лауа­зым­ды шенеуніктің қылығы Рау­шан­ның намысына от тастап жіберді. Әлгі шенеуніктің балабақша балан­сындағы ғимараттарға көзі түскен екен. Әрине, ғимарат оның қолына тисе балабақша жұмысын тоқ­татады деген сөз. Оның ойланып жатуға енді шамасы келмеді, “несие алуым керек, балабақшаны жекемен­шікке айналдырамын, ұжымды сақтап қалудың жалғыз жолы – осы!” деді де іске кірісті. – Біз өз балаларымыз Қайрат пен Алматты өсіріп, бір емес, бірнеше жоғары білім бергенбіз. Екеуі де қызмет істейді. Өз табы­сымыз өзімізге жетерлік. Бірақ Раушанды алған бетінен қайтару мүмкін емес еді. Ол бұл іске кә­сіпкер бола қояйын деп кіріскен жоқ, балабақша жұмысы десе бәрін де ұмытады, – дейді Рекең­нің өмірлік жолдасы Әуесхан Мадин. – Несие алу жеңіл бол­ған жоқ, соның соңында бір жа­рым жыл жүгірді, қаншама уақыт айлық алмай жұмыс істеді. Со­ның барлығына төзді. “Бар ниетіңмен алға қойған мақсаттың орындалмауы мүмкін емес” дегенді Раушан Мадина әр­дайым қайталайды. Ауыздан шық­қан лебіздің артында намыс атой­лап тұр­ғандай. Оның осы сөзінің растығын өз ісі әрқашан дәлелдеп келеді. Рау­шан Нұркен­қызы аса қи­ындықпен несиеге қол жеткізіп, ба­лабақшаны жекеменшікке ай­нал­дырды. Есесіне ұжымда бір адамды да қысқарт­қан жоқ, негізгі құ­ры­лымды сақ­тап қалды. Бұл сол уақыт­тың тұр­ғысынан қарағанда ағысқа қарсы жүзумен бірдей еді. Себебі, жап­пай жа­бы­лып қалған балалар бақ­ша­ларын қай­тадан ашуға еш­кім­нің де құлқы бол­ған жоқ. Олар­дың босаған ғи­мараттары қал­та­лылар­дың коттед­жіне, не меке­ме­лердің офисіне айналған болатын. Осы балабақшаға меңгеруші болып 1980 жылы келген Раушан Мадина жаңашылдық әдістеме­лерді енгізумен бүкіл темір жол желісі бойындағы мектепке дей­інгі ме­кемелер арасында үздігі де үлгісі болатын. Оның еңбегі де елен­бей қалмаған еді. “Құрметті темір­жол­шы”, “Қазақстан білім беру ісінің үздігі” атанды. Ол 80-жыл­дардың ішінде басшылардың көзін жеткізу арқылы қаржы бөлгізіп, бірнеше маман педа­гогтарды Мәскеуге оқуға жіберді. Тамаша дайындықтан өтіп келген ол­ар келе сала Одаққа белгілі пе­дагог Л.В.Занковтың бағдарла­ма­сын тәжірибеге енгізді. Бала­лар­ды дифференциялды дамыту ба­ғытын ұстанатын бұл бағдарлама нәтижесіз де болған жоқ. Орта­лықтан шығатын журналдардан оқыған бір мақаланың әсерімен Раушан Прибалтикаға баруды ойлады. 1984 жылы оған да қол жеткізді, балабақшадағы ұжым­ның тең жартысын, яғни педа­гог­тар мен тәрбиешілерді ертіп алды да Латвияға жол тартты. Сөйтіп, Рига қалалық білім басқармасына кіріп, келу мақсатын айтты да, рұқ­сат алып, қыздарымен бірге ба­ла­бақ­шаларды аралады. Ла­тыш­тар бала­бақшада тек латыш тілінде сөйлейді екен. Балалар ойнайтын әр бөлмеде респуб­ли­каның мем­лекеттік рә­міздері, Латвия таби­ға­ты туралы, басқа да тақырыптарға арналған бұрыш­тамалар жасақ­тал­ған. Ұлты­ның ұрпақ тәрбиесін бесіктен ой­лаған, тілі мен діліне берік латыш­тардан үйренетін нәрсе баршылық екен деп ұқты Раушан. Прибал­ти­кадан қанаттанып оралған ол Қоста­най­ға келісімен Қазақстан темір жо­лы Қостанай бөлімшесі кә­сіп­одақтар комитетінің төрағасы Мо­лодцов дегенге кірді. Рау­шан­ның: “Балабақшада қазақ тоб­ын ашамын” деген ұсы­нысына кә­сіподақ төрағасы: “Неге қазақ тобын ашуың керек, неге болгар тобын аш­пайсың?” деп қисық та қы­ңыр жауап берді. Әрине, төр­аға мен балабақша меңге­ру­шісінің кездесуі сол әңгімеден жеті жылдан кейін, яғни 1991 жылы болса Мо­­­лодцовтің жауабы да басқаша болар еді. Бірақ Раушан төрағамен сал­ғыласқан жоқ, өзінің білгенін істеді. Сол жылы балабақ­шада қазақ то­бы ашылып, қазақша сауатты педагог Гуля Бәкірова бүл­дір­шіндердің тілін сындыра бастады. 80-ші жылдардың ішінде Қос­танайдағы мектеп­ке дейінгі мекемелер ара­сын­дағы тұңғыш қазақ тобының ашылуы таңқалар­лық оқиға боп көрінген. – 90-шы жылдардың басында барлық жерлерде бала бақшалар жабылғанда жанымыздағы сондай мекеменің ғимаратын біздің ба­лансымызға берді. Мен оған қа­зақ тілінде білім алатын бастауыш мектеп-интернат аштым. Ол кезде темір жол бекеттерінің бар­лығында өзіміздің қаракөз ағайындар тұра­тын. Онда не балабақша, не мек­теп жоқ, уақыттан қалып қой­ғандай күй кешетін. Мен сондай бекеттерді аралап, он үш бала жинап әкелдім. Балабақша жа­нындағы қазіргі гимна­зия негізін сол бастауыш мектеп қалаған бо­латын, – дейді Раушан Нұркен­қызы. – Қазір онда орыс және қазақ сыныптары бар. Біздің бала­бақша бір жарым жасында келген сәбиді төртінші сыныпты бітіртіп, балапан қанат етіп ұшырады. Осы алтын ұяда бүлдіршін үшін компьютерлік сынып, сурет салу студиясы, хореографиялық, дене­шынықтыру залдары, логопед, сауна, бассейн бәрі бар. Мектепте балаға үш тіл қатар оқытылады. “Ел болам десең – бесігіңді түзе”. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов айтқан осы сөзді Раушан Құран сүресіндей ақиқат деп біледі. Халқымыз жас шыбықты қалай исең солай өсетінін де мең­зеген. Раушан Нұркенқызы балабақша-гимназияда бүлдір­шін­дерге сапалы тәрбие, іргелі білім беру үшін тыным көрмейді. Қостанай. ӨМІРДІҢ НҰРЫ – ӨЗДЕРІҢ! Көктемдегі 8 наурыз – Халық­аралық әйелдер мерекесі қарса­ңын­да өңірдегі әр шаңырақты шаттыққа бөлейтін аналар мен қыз-келін­шектердің қуанышына ортақтасу, құттықтау дәстүрі орныққан. Жұма күні облыс әкімі Серік Үмбетов 200-ден астам Ұлы Отан соғысына тікелей қатысқан және сол сұрапыл жылдарда әр салада өзіндік қолтаң­басын қалдырған тыл еңбеккерлері мен соғыс ардагерлері жесірлерінің басын қосып, олармен жүздесті.  “Ер елдің иесі, әйел – үйдің киесі” дегендей отбасындағы береке-бір­лікке, өмірдегі әсемдік пен нәзік­тік­ке жолбасшы бола жүріп, айна­ла­сы­на инабатты­лықтың нұрын сеп­кен, самайларын ақ қырау шалған алды 90-нан асқан әжелерге ыстық ықыласын арнаған облыс басшысы оларды мерек­е­лерімен шын жүрек­тен құттықтады. – Ел зердесінде есімдері мәңгі өшпейтін Ұмай ана мен Тұмар ханым, Домалақ аналардың ғұмыры қай дәуірде де ғибратқа толы. Бұлақтай мөлдір махаббат пен пәк сезімнің символына айналған Айша бибіні, Қыз Жібек бен Баян сұлуды, елі үшін жанын пида еткен қаһар­ман қыздарымыз Әлия мен Мән­шүкті әрдайым мақтан тұтамыз. Бүгінгі ұрпақ соларға қарап ой, бой түзесе деген тілегіміз де бар. Сіз­дер­дің араларыңызда Еңбек Ерлері Зы­лиха Тамшыбаева, Рахилям Сейі­това, Мәмиля Әлімбаева, Адалят Зайнаудинова және басқа да “Алтын Алқа” иегерлері мен ел басына күн туған кезде ер азаматтардың орнын жоқтатпай Отанын қастерлі, ошағын киелі санаған абзал аналар отыр, – деді Серік Әбікенұлы. Мерекелік кездесуде пікірлескен қараталдық Нина Қабдырахманова жасы келгеніне қарамастан бүгінгі мерекеге шақырылғанына, көптен көрмеген замандастарымен қауыш­қанына ризашылығын білдірді. Әжей соғысқа дейін фармацевт мамандығын меңгеріп, 1941-1945 жылдары госпитальда жұмыс істеп, кіші лейтенант шенін иеленіпті. Со­ғыс ардагерінің омырауында Отан наградалары сондағы жанқиярлық еңбектің көрінісіндей. Салтанатты жиынға қатысқан ардагер аналардың құшақтары гүл шо­ғына толып, түрлі сыйлықтар алып мерейленді. Бұл марапатқа лайық аналардың жүрегі – әлемнің тірегі десек, олар жер бетіне ты­ныш­тық, балаларының бақытын тілейтін қамқоршы жандар екені даусыз. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. Суретте: кездесуден көрініс. О, МАХАББАТ, ЖЕБЕ СЕН! Қыз жүрегі-нәзік тым, Намысқойлық  бары  рас. Тағдыр ма, әлде жазықты Мұң мен соры арымас. Сырлы сезім тиегін, Іздеп мүмкін таппаған. Бір жігітті сүйеді Барлық халық мақтаған. О, Махаббат! Жебе сен. Сол қыздардың арманын. Өткен күнмен егесіп Қалған шайнап бармағын. Ақталмаған ақ үміт, Нөсерлеген көз жасы, Өміріне бағынып Өтер сүйеп өз басын. Бабам сөзін хаттаған, Тимесін деп жат табан. “Жіңішке” деп қыз жолы Ардай биік сақтаған. Қыздың мұңы сан ғасыр, Сыр-сандықта жиылған. Әдемілік табасың Қылық, иба, бұрымнан. Қыз тағдыры қашанда, Жат жұрттыққа бұйырған. Кейде сезім өртімен Шыбын жаны қиылған. Оған мысал-Баян қыз, Қыз Жібектей арулар. Пенделікпен аярмыз Заманға не дәру бар? Намысы үшін елінің, Белін буып бекемге. Қасиетті жерінің Қасиетін көтерген. Қолдағасын Күн, Айы, Мігір таппай күні-түн Келін болып сыпайы Ақтаған ел үмітін. Болашақтың бесігін, Ана болып тербеткен. Ұрпағыңды өсірген Саулық тілеп Жер, Көкке! Болмаған аз азабы, Әже болып қамыққан. Елдің білсең ажары Аппақ қардай жаулықта. Аспан мен Жер арасын, Жақын қылып даласын. “Қыз мұраты кетумен” Болашаққа барасың... Маржан ЕРШУ. ЖАЛҒЫЗІЛІКТІ ЖАНДАРДЫҢ ЖАНАШЫРЫ Тереза ана атанған семейлік Галина Қалиқызы көңілі жарым адамдардан қашанда жақсылығын аямайды Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Елімізде жалғызілікті зейнеткерлерге арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы осыдан 20 жылдан астам уақыт бұрын, нақтылап айтсақ 1989 жылы ең алдымен Семейде ашылған еді. Сонда жаңа қаланың Жаңасемей бөлігіндегі Пятилетка деп аталатын көшесіндегі көп қабатты үйдің бірінші қабатынан жаңадан ашылып жатқан орталыққа деп қалалық атқару коми­тетінен 5 бөлмелі пәтер бөлінгенде, орталық басшысы Галина Қалиқызының қуанышында шек болмаған. Солай дей тұрғанмен, оны жалғызілікті жандардың сүйікті демалыс орнына айналдыру оңайға түспеген. Әйтеуір, кезінде мұның комсомол, партия қызметінде болған­дығы, облыстық кәсіпшілер одағы мен қалалық атқару комитетінде қызмет жасап, үлкен өмір мектебінен өткендігі, ең бастысы адамдармен тіл табыса білетіндігі текке кетпей өз нәтижесін бере бастаған. Солайша әлгі пәтер ішінен демалыс, ұлттық дәстүр бөлмелері, кітапхана, медицина кабинеті, асхана, тіпті оны айтасыз, табиғат бұрышы да ашылған. Рас, арада көп уақыт өтпей орталық­тың бас ғимараты қала орталығындағы бұрынғы балалар бақшасының екі қабатты үйіне келіп жайғасқан. Бірақ, осыдан 30 жылдай уақыт бұ­рын салынған бұл үйдің аты бар да заты жоқ еді. Бұларға тағы да тер төге отырып, жұмыс істеуге тура келді. Сонда қайсыбір шаруаларды өз қолдарымен жасап алғандары да шындық. Басқалар босап қалған мұндай балалар бақ­шасының ғимаратын баю мақсатында жанталасып жөндеп жатса, ал Галина Қалиқызы болса оны қайтсем де жалғызілікті жандардың қажетіне жаратамын деп шарқ ұрғаны да рас. Соның нәтижесінде әбден тозған ескі ғимарат енді тамаша шипажай – профилакторийге айналды. Орталықтың бас корпусында демалыс, еңбек бөлмелері, медицина кабинеті мен жаттығу залынан басқа, қолданбалы өнер және тарихи зерде мұражайына дейін ашылған. Орталық бөлмелерінің бірі қазақ киіз үйі ретінде безендірілген. Бөлмедегі төсеніш пен көрпешелерді осында демалып, тынығып қай­татын әжелер өздері жасап тіккен. Түрлі ұлттық мерекелер осы бөлмеде өткізілетін көрінеді. Орталық бүгінде айына жүзге жуық жал­ғызілікті жандарға қызмет көрсетуде. Олар орталыққа таңғы жетіден бастап келе бастайтын көрінді. Содан түскі екіге дейін осында болып, екі рет тамақтанады. Олардың айтуынша, мұндағы тамақ сапасы шипажай-санаторий­дегіден артық болмаса, кем емес. Дастарқан мәзірінде сүт өнімдері, ет тағамдары, жеміс-жидек пен көкөніс те жеткілікті. Галина Қали­қызы сөз арасында әңгіме тақырыбын осында тынығушылар мен оларға мінсіз қызмет жасап келе жатқан әлеуметтік қызметкерлерге қарай бұра берген. Арасында орталық өміріндегі қызықты оқиғалар да айтылмай қалмады. Мәселен, мұнда осы өткен жиырма жыл ішінде орталықтан өз бақыттарын тапқандар да аз емес көрінеді. Яғни, барлығы 17 жұп осында таны­сып, бас қосыпты. Тағ­дырдың жазуымен жалғыз қалған жандар қартайғанда екі жарты бір бүтін болып бас қосып жатса, оның не сөкеттігі бар? Өйткені, ең үлкен қасірет жалғыздық емес пе? Орталық басшысы әңгіме тақырыбын басқаларға бұра бергенмен, оның өзі туралы сол басқалардың пікірі де өте жоғары екендігін естіп білдік. Соның бірі А.Махметова деген әжей өзінің бірінші топтағы мүгедек екендігін, көп жылдан бері төсек тартып жатқандығын, туыстары жоқ екендігін айта келіп, семейлік Тереза ана атанған Галина Қалиқызына шын жүректен шыққан аналық ақ алғысын білдіріп жатты. Оны Ұлы Отан соғысының ардагері А.Щеглова деген әже де қолдай келіп, мұндай орталық болмаса қайтер едік дейді. Хакім Абай өзінің қара сөзде­рі­нің бірінде “жұртқа жақсылық істе және өзің де қайырымды бол, өйт­кені Алла жақсылық істеу­шіні жақсы көреді” деген екен. Галина – Ғалия Қа­ли­­қызы, міне, осындай жан. Семей. СЕН АРҚЫЛЫ АЙНАЛДЫ ӨМІР ЖҰМАҚҚА Былдырлаған кіп-кішкене балақан, Жүрегімнен саған шуақ таратам. Саған деген махаббатты мендегі Сезіне алмас бұл дүниеде жан адам. Саған ермек бесіктегі сылдырмақ, Маған өзің жыр оқисың былдырлап. Мынау өмір айналды ма жұмаққа Сыр айтады құс тілінде күмбір бақ. Менің орта көңілімді толтырдың, Менің орта өмірімді толтырдың. Қайда кеткен бұл күндері таң қалам Бір кездегі көңілдегі мол кірбің? Сен арқылы айналды өмір жұмаққа, Сенен балам, кете алмаймын жыраққа. Сезінемін қайда жүрсем деміңді Былдыр үнің естіледі құлаққа. Содан кейін үйге қарай ұшамын, Қуаныш пен шаттық толып құшағым. Сен арқылы ғашық қылған дүниеге Шүкір айтып Жаратқанға, құшамын. Гүлзада НИЕТҚАЛЕВА.