• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 04 Наурыз, 2019

Басқа басылымдардан: «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі

1341 рет
көрсетілді

«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезіндегі Елбасы бастамалары мен тапсырламалары әлемдік басылымдар бетінен көрініс тапты. Шетелдік БАҚ Елбасының халықтың әл-әуқатын көтеруге негізделген шараларын кеңінен талқылап, жаңа жобалар туралы жазды. 

«ЭФЭ» тәуелсіз ақпарат агенттігі: Мемлекет ресурстары орнымен қолданылуы керек

Атап айтар болсақ, Испанияның «ЭФЭ» тәуелсіз ақпараттық агенттігі «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық съезі өткенін хабарлай отыра, жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға көмек көрсетуге мемлекеттік бюджеттен 5,29 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінетінін хабарлады.

«Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараларды дамыту – мін­детіміз, – деді Н.Назарбаев «Нұр Отан» пар­­тиясының 20 жылына арналған съе­зінің ашылуы барысында» деп жазады Ис­пания басылымы.

Сонымен қатар басылым съезге дейін Елбасы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына көңілі толмай, министрлер кабинетінің құрамын өзгерткенін айтып өткен. «Елдегі экономикалық жағдай Қазақстан үкіметі отставкаға шыққаннан кейін отырыстың бас­ты тақырыбына айналды. Орталық Азия елінің көшбасшысы жаңа Үкі­метке неғұрлым жоғары нәтиже көр­сетуді және азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруды, бұған дейін орын­­далмаған міндеттерді тапсырды. Парламентті абсолюттік көпшілік дауыс­пен бақылайтын «Нұр Отан» пар­тиясының үндеуінде Мемлекет басшысы Қазақстанда 2020 жылы прези­денттік және заңнамалық сайлау өтетінін хабарлады» делінген басылым хабарламасында.

Испания агенттігінің жазуынша, Н.Назарбаев үкіметті теңдес­тірілген әлеу­меттік саясатқа негіздеп, оған мемле­кеттік ресурстардың бел­гіленген мақ­сатта жұмсалуын қамтамасыз етуін қадағалауды тапсырған.

«Рейтер» ақпарат агенттігі: Мем­лекеттің резервтегі қоры  пайдаланылады

Ал халықаралық «Рейтер» ақпарат агенттігі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз үкіметіне съез­де бюд­жет қызметкерлерінің жала­қысын арттыру және әлеуметтік көмек төлеу үшін, сондай-ақ тұрғын үй мен инфрақұрылымды дамыту мақсатында мемлекеттің резервтегі қорын пайдалануды тапсырғаны туралы хабарлаған.

«Ол мемлекет астанасында өткен «Нұр Отан» партиясының съезінде Үкі­метке аз қамтамасыз етілген отба­сыларға әлеуметтік көмек көрсету үшін шамамен $790 млн бөлуді тапсырды. Сонымен қатар қолжетімді тұрғын үй, денсаулық сақтау жә­не инфрақұрылымды дамытуға ба­ғытталған тапсырмалар беріп, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешудің жа­ңа стратегия­сын ұсынды. Оған қо­са Н.Назарбаев партиялық саммит­те алдағы үш жылда әлеуметтік бағдарламаларға 1,35 млрд теңгеден астам қаражат  жұмсалатынын айтты. Бұл шаралар пакетіне 55 АҚШ доллары мөлшерінде ай сайынғы төлем кіреді. Осылайша  қазіргі жүйеде төрт және одан да көп балалары бар аналар жалпы алғанда $45 мөлшерінде ақшалай жәрдемақыға үміткер бола алады» деп жазады «Рейтер».

Онымен қоса, медициналық қыз­мет­керлер, педагогтар және басқа да мемле­кеттік қызметкерлердің жа­­лақысы 30%-ға жоғарылайтыны шет­елдік агент­тіктің назарынан тыс қал­маған. Олар­дың айтуынша, жоға­рыда айтылған қызмет­керлердің жала­қысы 300 доллардан аз.

«Түркия» газеті: Қазақстан үкіметінің негізгі мақсаты – азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру

Түркия Республикасының «Түркия» газеті 1999 жылдың 1 наурызында Қа­зақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен құрылған «Нұр Отан» партиясына 20 жыл тол­ғанын, осыған орай Астанада кезекті съезі өтіп жатқанын хабарлайды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Нұрсұлтан Назарбаевты құттықтаған сөзін жариялаған.

«Қазақстан үкіметінің негізгі мақ­саты – азаматтардың өмір сүру дең­гейін арттыру. Бұл мақсатта 2019 жы­лы әлеуметтік саладағы шығын­дарға мемлекеттік бюджеттің 45 пайыздан астамы жұмсалады» дейді түрік басылымы. Олардың жазуынша, әлеуметтік саясат үш негізгі бағытта жүреді. Ал аз қамтылған отба­сылардың тұрғын үй мәселелері шешіліп, денсаулық сақтау саласына қосымша қаржы бөлінбек. Оған қоса, еліміздің соңғы жылдары жеткен жетіс­тіктері туралы айта келе, халық­тың табысы 16 есе өсіп, 141 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 1400 зама­науи аурухана мен емхана, 2865 жаңа мектеп, балабақша мен кәсіби мектептер ашылғаны туралы жазған.

Шолуды дайындаған Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»