• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Наурыз, 2019

Түрме түйткілінің түйіні

1951 рет
көрсетілді

Қазіргі күні елімізде 86 түзеу мекемесі бар. Оларда бас бостандығынан айырылған адамдар жазасын қалай өтеуде? Қылмыс жасап қамалған адам, екінші қайтара қателікке бой алдырмауы тиіс десек те, неліктен түрме есігін қайта ашатындар көп?

Оның себебі жетерлік. Соның бірі ретінде, мамандар түрмелердің түзеу рөлінің төмендігін айтады. Кейбір деректерге қара­ған­да, сотталғандардың 70%-ға жуығы абақтыға қайта оралып, нағыз рецидивист, яғни кәнігі қылмыскерге айналады екен. Әрине, мұның бәрін түрме түйткілі деп жылы жауып қоя салуға болмайды. Бұл арада түрме олардың жандарына жаққандықтан оған қайта оралмайтыны белгілі. Айналасы сұрғылт дуалдармен, тікен сымдармен қоршалған, торлы тар терезелі қоңыр түсті ғимараттар кез келген жанның тұла бойын мұздатпай қоймайды. Ал оның ішіндегі тіршілік жағдайы айтпаса да түсінікті. Соны біле тұра қамшыдай қысқа ғұмырында, осы қапасты неге қайта-қайта бас­пана етер жандардың жағдайын кім жете білген дейсіз...

ҚАЖ мекемелерінде 2019 жылғы 1 ақпандағы есеп бойынша, 30 мыңдай адам жазасын өтеуде. Ал бір сотталғанды асырау үшін жылына миллионға жуық теңге жұмсалатын көрі­не­ді... Бүгінде олардың түзеу мекеме­леріндегі жағдайы өрке­ниет­ті елдердегідей жақсара түс­уі үшін, қылмыстық жазаны атқаруды әлемдік танылған стан­дарт­тарға жеткізу көзделіп отыр. Мәселен, өткен жылы қыл­мыс­тық-атқару жүйесін дамыту үшін әзірленген, 2019-2023 жылдарға арналған Жол картасына назар аударсақ, осы бағытқа 16,5 миллиард теңге жоспарланыпты. Осы орайда бұл қыруар қаржы­ның қайтарымы қалай бола­тын­ды­ғына, Жол картасы бойынша кәнігі сотталғандардың санын азайту мәселесі қалай шешімін табатынына қатысты қандайда бір пікір айту қиын.

Тиісті орындар соттал­ған­дар­ды әлеуметтендіру, қоғамнан алшақ­татпау жұмыстары олар­дың түзеу меке­мелеріне түскен күнінен бас­тап жүргі­зі­летінін әрі әрбір сот­та­лу­шының неге бейім екендігі, психологиялық және әлеуметтік ахуалы, еңбек­ке қабілет­тілігі ескеріліп, сол бойын­ша қажетті шаралар қа­был­­­­­данатындығын алға тарта­ды. Тіпті қылмыс жасап, түз­еу мекемесіне түскеннен кей­ін олардың көпшілігі жалпы орта білім беретін оқу орындарынан білім алып, жұмысшы мамандықтарын игерулеріне жағдай жасалған екен. Бұл өз кезе­гінде сотталушының бостан­дық­қа шыққаннан кейін әрі қарай отбасын асырау немесе қоғам­ға араласуы жеңіл болып, кәсібіне сәйкес жұмыс табуға үлкен мүмкіндік береді. Десек те, шындығында солай ма? Біздің ойымызша, дәл солай емес тәрізді... Осы тұста кезінде түзеу мекемелерінде басшылық қызметтер атқарған, бұл күнде заңгерлік қызметпен айналысатын сарапшы Жасұлан Исаның пікіріне көз жүгіртсек. 

«Жазасын өтеушілер екі санат­қа бөлінеді. Алғашқылары, бі­рін­ші рет сотталған немесе қыл­мысты байқаусызда жаса­ған­дар болса, екіншілері бірнеше рет (рецидивті) соттал­ған­дар. Бірінші санаттағылар, жазаларын өтеп шыққаннан соң, қалайда жұмысқа орналасуды қалайды. Егер олардың осы талабы орындалса, әрі қарайғы өмірлері дұрысталып кетеді. Ал жұмысқа орналаса алмаса, әрі-бері жүріп, екі қолға іс таппай, ақырында қайта қылмысқа ұрынады. Бұл рецидивистер санын көбейте түседі. Шынында, рецидивистер қоғамнан өз орындарын тауып кетеді деу қиын. Олардың көбісі, темір тордың «тәртібіне» еттері үйреніп алғаны соншалық, өз өмірлерін басқаша елестете алмаулары да мүмкін. Ондайлар демалысқа келгендей, бір-екі ай ғана бостандықта жүріп, сосын жаңа қылмыс жасап, үйренген жерлеріне қайта бара салады. Де­ген­мен, олардың арасынан түзе­ліп кететіндері табылып қала­тын­дарын жоққа шығаруға бол­майды. 

Сотталғандардың мерзімінен бұрын босаулары мен жазаларын өтеу жағдайына сай мінез-құлқын жақсартуды қадағалап отыру және орташа қауіпсіз мекемеден, қауіпсіздігі барынша төмен меке­меге ауыстыру – тікелей қыл­мыстық атқару жүйесінің қызметкерлеріне байланысты маңызды іс. Сотталғанның айы­бын түсініп, түзелуге бет алуы – оларды көтермелеу шара­ларының дұрыс үздіксіз жүргіз­іл­уінің нәтижесі. Бұл жерде, өздерін «белсенді» қылып көрсет­кендер ғана алғыс, марапат, тағы басқа да көтермелеу шара­ларына ие болып жатады. Ал өздерін көрсете алмағандар, кез келген көтермелеу шараларынан тыс қалады. Міне, сондықтан біртоға мінезді, бір ізбен ғана жүретін сотталушының ішкі көзқарасы түзу екенін байқай алып, соған сай көтермелеу жолдарын қарастыруы керек-ақ», дейді заңгер. 

Сотталғандардың қайта қыл­­­­мысқа баруына баспана­сы­н­ың болмауы, жұмыстың жоқты­ғы, криминалды істен қол үз­беуі, әлеуметтік-отбасылық байланыстың әлсіреуі сияқты бір­неше фактор әсер ете­ті­ні анық. Бұларға қосымша, ішкілікке, есірткіге салыну, бас бостандығынан айыру орындарында ұзақ мерзім отыруына байланысты туындаған теріс психологиялық әсерлер жазасын өтеп шыққандарды қайтадан қылмыс жасауға итермелейді. Бұл жерде жоғарыда айтылып өткендей, криминалды істен қол үзбеуі деген сөз, олардың толық түзелмегенін айғақтайды. Ендеше, осы жағдайларды болдырмас үшін 2016 жылдың соңында «Пробация туралы» заң әзірленген еді. Сонымен қатар Президенттің 2016 жылғы 8 желтоқсандағы Жарлығымен бас бостандығынан айыру орын­дарынан босатылған және про­бация қызметінде есепте тұр­ған азаматтарды әлеуметтік оңал­тудың 2017-2019 жылдарға арнал­ған кешенді стратегиясын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Өйткені пенитенциарлық жүйеде тәрбие процесіне мән берілуі тиіс. 

Біз айтып отырған мәселенің заңды талаптарға сай екендігін Конституциялық Кеңес мүшесі Үнзила Шапақ та қуаттайды. Ол: «Бостандыққа шыққанда әртүрлі өмірлік жағдайларда орынды шешім қабылдау дағдысы өзгереді, әлеуметтік-тұрмыстық байланыста қолданатын мінез-құлқын көрсету нысаны да өзгереді. Сондықтан қайта құ­қық бұзушылыққа баратын адам­дардың жеке тұлғасына пси­хо­ло­гия­лық сипаттама берген кезде, олардың жүріс-тұрысынан басқа адамдардан өзгеше сипаттарына мән беру қажет. Өйткені сотталушылардың мұндай мінез-құ­лықты түзеу мекемесінде болған басқа да сотталғандардың әр­түрлі оғаш қылықтарынан үлгі етіп, бойына сіңіріп алуы ық­ти­мал. Бұл сотталушылардың қайта құқық бұзушы әрекеттерге баруының алғышарты. Ендеше, түзеу мекемесінің сыртында, қоғамдық өмірде болып жатқан әлеу­меттік, экономикалық, сая­си және идеологиялық құбы­лыс­тарға дұрыс баға беру, соған лайық сотталғанның жүріс-тұрысын сәйкестендіру мәселесі бейімделу кезеңінде назардан тыс қалмауы қажет», дейді. 

Босап шыққан соң түзеу меке­ме­сіне қайта түсу жағдай­ла­ры жастар мен жасөспірімдер арасында да кездесіп жатады. Өткен жылдары 20-ға жуық жасөспірім қайта­дан аяқтарын шалыс басса, 10-нан аса жасөспірім үшін­ші рет, тіпті қайсыбірі төртінші рет заң бұзған. Мұның тағы да негізгі себебі, түрмеден оралған жастардың көбі үлкен өмірден қол үзіп қалғандықтан туыс­қан­дарымен қарым-қатынасты жоғал­тып, түрлі тұрмыс ауырт­па­лықтарымен бетпе-бет жалғыз қалуынан.

Иә, қалай десек те, пени­тен­ци­арлық жүйенің проблемаларына, түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан адамдармен және жазасын өтеп шыққан азаматтармен жұмыс істеу мәселесіне жіті назар аудару қажет-ақ. Сондай-ақ мемлекеттің бір міндеті түрме­де­гі адамдар санын азайту болса, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларды орындау институтын дамытып, жазасын өтеп шыққан адамдарды әлеуметке түпкілікті кіріктіру, сөйтіп қоғамға бейімдеу бойынша жүргізілетін шараларды міндетті түрде іске асыра алу түрме түйткілдерінен арылу­дың маңызды қадамы екенін түсін­ге­ні­міз жөн.

Александр ТАСБОЛАТ,

«Egemen Qazaqstan»