Жұма, 3 ақпан 2012 7:55
Елімізде өткен парламенттік сайлаудан кейінгі жаңадан жасақталған Үкіметтің мүшесі – Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың алғашқы шетелдік сапары мұхит асып, жұмыр жердің батыс жарты шарындағы алпауыт ел – АҚШ-та өтіп жатқандығы жайында газетіміздің өткен сандарында жазған болатынбыз. Кеше осы елдегі ресми сапарын қорытындылаған қазақстандық министр АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшысы Хиллари Клинтонмен кездесті.
Жұма, 3 ақпан 2012 7:55
Елімізде өткен парламенттік сайлаудан кейінгі жаңадан жасақталған Үкіметтің мүшесі – Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың алғашқы шетелдік сапары мұхит асып, жұмыр жердің батыс жарты шарындағы алпауыт ел – АҚШ-та өтіп жатқандығы жайында газетіміздің өткен сандарында жазған болатынбыз. Кеше осы елдегі ресми сапарын қорытындылаған қазақстандық министр АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшысы Хиллари Клинтонмен кездесті. Осыған дейін Бонн қаласында Ауғанстан мәселесіне қатысты бірлесе ұйымдастырылған конференцияның қорытындысына сәйкес Вильнюсте өткен әріптестер кездесуінде Ауғанстанмен қатар, аймақтық саясат, алда Қазақстанда болатын парламенттік сайлау әңгіме етілген еді. Сол жолы Клинтон ханым Қазыхановқа қаңтар айында АҚШ-қа жасалатын ресми сапары барысында әңгімені жалғастыруға ниет білдірген болатын.
Әрине, АҚШ үшін Қазақстанның маңыздылығы тек мұнай, газ, уран, т.б бағыттарда ғана емес, «Үлкен Орталық Азия» дамуы тұрғысынан алып қарағанда да аса өзекті. Бұл жерде, сөз жоқ, аталған аймақтағы Қазақстанның саяси және экономикалық әлеуеті қаперде тұрғандықтан, АҚШ-тың елімізге деген қызығушылығы өзгешерек болатыны да аян.Осы «Үлкен Орталық Азия» дамуында «Жаңа Жібек жолы» бастамасы үлкен рөл атқарады. Нәтижесінде, Орталық Азия мемлекеттерімен аймақтық интеграция өрістеп қана қоймай, АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан сынды үшінші ойыншыларға қатысты сауда кедергілері алынып тасталмақ. Және бұл үдерістен халықаралық қаржы институттарының да қалыс қалмайтынын есте ұстасақ, бұл бүкіл Орталық Азия аймағы үшін екінші тыныс ашатын, оның әлеуетін арттыратын қадам екені анық.Аймақ дамуы, оның тыныштығы дегенде Ауғанстан мәселесі үнемі алдан шығып отырады. Бұл ретте Қазақ елі 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде көптеген жұмыстар атқарып, гуманитарлық көмектен тыс, ауған жастарынан білікті мамандар даярлап шығу ісін де қолға алған болатын. Осы орайда, Мемдепартаменттегі кездесуде еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысы мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы арасындағы әңгіменің бір тақырыбы Ауғанстан мәселесі болатыны да күмән туғызбаған.Жалпы, Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Мемлекеттік хатшы Хиллари Клитонмен екіжақты келіссөз барысында Қазақстан мен АҚШ-тың стратегиялық әріптестікті нығайтуда қол жеткізілген прогреске қанағаттанушылық білдірді.Е.Қазыханов біздің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ Президенті Барак Обамаға жауап жолдауын табыс етті. Жолдауда соңғы 20 жылда Қазақстан мен Американың таратпау және қарусыздану салаларында екі ел көшбасшысы қол жеткізген келісімге жоғары баға беріледі, сондай-ақ, Ауғанстанды тұрақтандыру мен қалпына келтіру мәселелерін қоса алғанда, бірлескен өңірлік жобаларды жүзеге асырудағы кең ауқымды әріптестіктің маңызы атап көрсетіледі.Кездесу кезінде тараптар екі елдің өзара іс-қимылының өсе түсіп отырған деңгейі мен мазмұнына толықтай жауап беретін екіжақты саяси конституцияларды «Стратегиялық әріптестік жөніндегі Қазақстан-Америка комиссиясы» деңгейіне дейін көтеру тетіктерін қайта құру туралы шешім қабылдады. Ауғанстан бойынша үнқатысуды, демократияландыруды, қауіпсіздік және ядролық таратпау, энергетика және сауда-саттық жөніндегі стратегиялық басымдықтарды нығайтуға жақындық тағы да қуатталды.Сыртқы саясат ведомстволарының басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Америка ынтымақтастығының барлық кешенін талқы таразысына салып, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі, біздің еліміздің экономикасын ғылыми-техникалық кооперацияларды дамыту арқылы әртараптандыруды қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударды. АҚШ бұдан әрі қарай да Қазақстанның ірі инвесторы және сауда әріптесі қатарында қалу ниетін танытатыны атап өтілді.Келіссөз барысында жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы біріккен күш-жігерді қамтамасыз ету жайына да баса назар аударылды. Сондай-ақ алдағы наурыз айында Сеулде өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші саммит аясында президенттер Н.Назарбаев пен Б.Обаманың кездесуі де әңгіменің негізгі арқауына айналды.Сонымен қатар, Қазақстандағы демократияны дамыту үдерістері туралы да пікір алмасылды. Тараптар көппартиялы Парламент құруға жол салған 2012 жылдың 15 қаңтарында өткен Парламент Мәжілісінің сайлауының нәтижесі елді саяси дамытуда маңызды ілгері қадам болғанымен келісетіндерін білдірді. Америка тарабы Қазақстан Президентінің Жаңаөзенде сайлау өткізу туралы шешімін жоғары бағалайтынын мәлімдеп, сондағы қайғылы оқиғаларды ашық та мөлдір зерттеуге ұмтылыс танытылатынына сенімділіктерін жеткізді.Екі ел арасындағы ресми, іскерлік, жеке, студенттік және туристік сапарларды жеңілдету мақсатында жақын уақытта 5 жылдық виза беру туралы келісімге қатысты дипломатиялық ноталармен алмасуға қағидатты уағдаластық жасалды.Сыртқы істер министрі мен Мемлекеттік хатшы екі елдің университеттері мен зерттеу институттары арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің перспективалары мол екенін қанағатпен атады.Е.Қазыханов Мемлекет басшысының жақындағы Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған жаңа міндеттер туралы егжей-тегжейлі хабардар етіп, мұның екіжақты байланыстарды дамытудың стратегиялық бағыттарына толық көлемінде сәйкес келетінін атап көрсетті.Қазақстандық министр сондай-ақ бірқатар ықпалды сенаторлармен және конгресшілермен кездесті. Атап айтқанда, ол сенатор Р.Лугармен, АҚШ Өкілдер палатасының халықаралық қатынастар жөніндегі комитетінің төрағасы И.Рос-Лехтиненмен жүздесіп, пікірлесті. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Құрама Штаттардың басқа да көрнекті қоғамдық-саяси қайраткерлерімен кездескен болатын.Сапар аясында британиялық жазушы және биограф Джонатан Айткеннің «Қазақстан: сюрприздер мен стереотиптер. Тәуелсіздіктің 20 жылы» деп аталатын кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасының тұсаукесері ұйымдастырылды.Кездесуден Ержан Хозеұлы жақсы көңіл-күймен шықты. Бірқатар мәселелер бойынша ортақ пікірге келген әріптестер Сеулде болатын ядролық қаруды таратпау мәселелеріне арналған саммитте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Барак Обаманың кездесуіне қажетті даярлықтарды бастап кеткенін, визалық режімнің де жеңілдейтін болғанын жоғарыда айттық (Министрмен сапар жайындағы сұхбат алдағы нөмірлердің бірінде жарияланады).Мұнан соң «Willard» отелінде америкалық белді-белді бизнес серкелерімен ланч-кездесу өтті. Оған «AGCO», «Conoco Phillips», «Chevron», «Exxon Mobil», «Sikorcky», «Boeing Compani, «Shell Oil Compani» және өзге де көптеген ірі корпорациялар мен компаниялар өкілдері қатысты. Ол бітісімен министрмен «Reuters» агенттігінің тілшілері сұхбаттасты. Жалпы, біздің сыртқы саясат ведомствосы басшысының осы сапарына америкалық масс-медианың ықыласы үлкен болғанын айта кеткен жөн. Алдында «Wall Street Journal» басылымының журналисімен сұхбат жарыққа шықса, онан соң «CNN» агенттігіндегі әріптестеріміз де Ержан Хозеұлымен әңгімелесуге асыққан еді.Тұтастай алғанда, Е.Қазыхановтың сыртқы саясат ведомствосының басшысы ретінде АҚШ-қа жасаған алғашқы ресми сапары стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы халықаралық және өңірлік көкейкесті мәселелерді, сондай-ақ мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген екіжақты қарым-қатынастар рухындағы уағдаластықтарды одан әрі ілгерілету бойынша іс-қимылдарды сапалық тұрғыдан жаңа сатыға көтеруге оң ықпал ететіні анық.Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Вашингтоннан.