Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында тағылымы мол мәдени шара ұйымдастырды. «Әйел орамалының поэзиясы» атты тақырыппен өтіп жатқан тамаша көрменің төрінен арулардың айнымас серігі – орамалдар мен шәлілер және түрлі бас киімдер орын алды.
Шарада модельерлер алуан түрлі бас киімдерді көрермен назарына ұсынса, стилист-мамандар қызығушылық танытқан келушілерге шәлі мен орамалды қалай байлауды, бөкебайды қайтіп сәндеп тағуды көрсетті.
– Көрмеге мұражай қорының жәдігерлері мен қаламыздың тұрғындары әкелген жеке заттар қойылды. Экспозицияда небір үлгідегі тамаша орамалдар мен шәлілер бар. Сонымен қатар мұнда Кеңес кезеңінің 60-70-ші жылдардағы орамал үлгілері де бар, – дейді мұражайдың экскурсиялық-бұқаралық бөлім меңгерушісі Зәуреш Тебаева.
Көрмеде, сондай-ақ, «Жаңаның бәрі – ұмытылған ескі» тақырыбында көздің жауын алған орамалдар тарихынан сыр шерткен көрсетілімі ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, көрермендер бұл жерде Қарағанды сән және технология колледжі студенттерінің қолынан шыққан қазақтың сәукеле, кимешек, жаулық сияқты ұлттық бас киім үлгілерін тамашалады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ