Достық үйінің аймағында Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен славян халықтарының дәстүрлі «Масленица» мерекесі аталып өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Масленица – қыспен қоштасып, көктемді қарсы алу мерекесі. Бұл мерекенің түп тамыры праславян кезеңінен негіз алады. Сондай-ақ, Масленицада өткізілген рәсімдер Көктемнің Қысты жеңуіне ықпал етеді деген сенім қалыптасқан.
Дәстүр бойынша масленицада құймақ немесе майшелпек пісіріліп, жақын адамдар бір-бірінен жыл бойына келтірілген қолайсыздық пен реніштері үшін кешірім сұрайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстанда тұрып жатқан этностардың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін құрметтеу, олардың мәдениетаралық үлгісін көрсету, қоғамда халықаралық келісімді және тұрақтылықты нығайту.
«Масленицаны мерекелеуге Астана қаласының этномәдени бірлестіктері: «Лад» республикалық славян қозғалысының астаналық филиалы, Астана қаласының «Злата» болгар этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі; «Радима» белорус мәдени орталығы» ҚБ, «Союз казаков степного края» ҚБ және «Тан» татар-башқұрт мәдени орталығы» ҚБ қатысты», – деп мәлімдеді Астана қаласы ҚХА-да.
Мерекелік шара барысында жәрмеңке, шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт, ойын-сауық, конкурстар мен жарыстар, дәстүрлі тағам құймақ (майшелпек) таратылуы ұйымдастырылды. Шара соңында Достық үйі маңында салтанатты түрде Масленица сабан қуыршағын салтанатты түрде өртеу рәсімі өткізілді.