• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Наурыз, 2019

Көпбалалы отбасылар үшін «Бақытты отбасы» бюджеттік несие беру бағдарламасы іске қосылды

3657 рет
көрсетілді

Алматы қаласының әкімдігі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен бірлесе отырып, көпбалалы отбасылар үшін «Бақытты отбасы» бюджеттік несие беру бағдарламасын іске қосты.

Бұл бағдарлама Алматы қаласы әкімдігінде баспана алу үшін кезекте тұрған 1 276 алматылық көпбалалы отбасыларды пәтермен қамтамасыз ету мәселесін шешуге көмектеседі. Бүгіннен бастап олардың барлығы бағдарламаға қатысу үшін өз өтініштерін арнайы жасалған http://www.baqytty-otbasy.kz сайты арқылы онлайн режимде берулеріне болады, деп хабарлайды «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ баспасөз қызметі.

Құжаттар 2019 жылдың 15 наурызына дейін, 5 күн ішінде қабылданады. Содан кейін Тұрғын үй басқармасы өтінішті қарастырып, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушылардың тізімін бекітеді.

Бюджеттік несиелендіру бағдарламасына қатысушылар тұрғын үй сатып алу үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) жылдық 2 пайыз мөлшерлемемен алдын ала заем алуларына болады. Ал жеңілдетілген несие алу үшін заем сомасының 10 пайызын құрайтын мөлшерде алғашқы жарна болуы қажет. Бұған қоса, бюджеттік несиелендіру бағдарламасына қатысушы көпбалалы отбасылар Алматы қаласы әкімдігінен құны 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификаттарын алады. Бұл қаражат заем алар кезде алғашқы жарнаны өтеуге арналған.

Несие тек жаңа тұрғын үйді сатып алу үшін беріледі. Заемның ең жоғарғы сомасы 15 млн теңгеге тең.

– Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде көп балалы отбасыларды қолдап, олар үшін қолжетімді тұрғын үй санын арттырып, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жеңілдетілген несие беру тетіктерін дайындауды тапсырған. Қазіргі сәтте Қазақстанның барлық өңірлерінің тұрғындарын қамтитын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңа бір бағыт әзірленуде. Алматы қаласының әкімдігі жаңа ереженің бекітілуін күтпестен, алдын ала қалалық бюджеттен қаражат бөліп, көп балалы отбасылар үшін «Бақытты отбасы» бюджеттік несиелендіру бағдарламасын іске қосты. Жақын арада бұл отбасылар жалға алған пәтерлерінен өздерінің жеке пәтерлеріне қоныс аударатын болады, – дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Алматылық тұрғындар «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтерді өздері іздеп табуы тиіс. Ол үшін оларға бір ай көлемінде уақыт беріледі. Пәтерлерді іздеп табуға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қызметкерлері көмектесетін болады. Қазір арнайы осы үшін банктің қалалық филиалында барлық пөлшемдерге сәйкес сатылымға қойылған тұрғын үйлердің тізімі жасақталуда.

Ең жоғарғы сомасы 15 миллион теңгені құрайтын заем бойынша несиені өтеу үшін айына 79 000 теңге төлеу қажет болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі төлемқабілеттілігін бағалау үдерісі жеңілдетілген тәртіпте өткізілетін болады. Бағдарламаға қатысушылар несиені өтеуге қажетті ай сайынғы төлем сомасы мен ересек кісіге шаққанда 5 АЕК (12 625 теңге) мөлшеріндегі өмір сүруге арналған ең төменгі соманы төлеу үшін жеке табысының жеткілікті екендігін растауы керек. Төлемқабілеттілікті бағалау кезінде балаларға жұмсалатын шығын түрлері есептелінбейді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ