• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
08 Мамыр, 2012

Владимир Путин қызметіне кірісті

355 рет
көрсетілді

Владимир Путин қызметіне кірісті

Сейсенбі, 8 мамыр 2012 7:49

Кеше Ресей Федерациясының жаңадан сайланған президенті Владимир Путин Кремльге жиналған жұртшылық алдында еліне, халқына адал қызмет ету туралы ант беріп, президенттік міндеттеріне ресми түрде кірісті.

 

Сейсенбі, 8 мамыр 2012 7:49

Кеше Ресей Федерациясының жаңадан сайланған президенті Владимир Путин Кремльге жиналған жұртшылық алдында еліне, халқына адал қызмет ету туралы ант беріп, президенттік міндеттеріне ресми түрде кірісті.

Бұған дейін президент болған Дмитрий Медведев енді президент Владимир Путиннің ұсынысымен үкімет төрағасы болуы мүмкін. Ол үшін Д.Медведевке Ресей Федерациясы парламентінің жоғарғы және төменгі пала­таларының  депутаттары қолдау білдіруі тиіс. Ал В.Путин премьер-министрдің міндетін уақытша атқаруды бірінші вице-премьер болған Виктор Зубковқа тапсырды.

17 ЖЫЛДАН СОҢҒЫ СОЦИАЛИСТЕРДІҢ ЖЕҢІСІ

Жексенбі күні  Францияда пре­зи­дент­тік сайлаудың екінші туры болып өтті. Онда аздаған басымдықпен Фран­суа Олланд жеңіске жетті. Дауыс санау нәтижесінде оның 52,1 пайыз дауыс алғаны белгілі болды. Соңғы 5 жыл президент  болған Николя Саркозиді франциялықтардың 48,9 пайызы қолдаған.

Ф.Олланд дауыс жария етілгеннен кейін жақтас­тары­ның алдында сөйлеген сөзінде бар күш-жігерін экономиканы көтеруге, жұмыс орындарын көбейтуге, білім беру саласын жаңғыртуға, экология  проблемаларын шешуге жұм­сайтынын мәлімдеді. Социалистер билікке Франсуа Миттеран кеткен 17 жылдан кейін енді келіп отыр.

СЕРБИЯ ПРЕЗИДЕНТІ 2-ШІ ТУРДА АНЫҚТАЛАДЫ

Сербия президентін сайлауда екінші тур өтетін болды. Оған бұрынғы мемлекет басшысы Борис Тадич пен оппозиция серкелерінің бірі Томислав Николич қатысады. Бұл туралы кеше «Франс-пресс» агенттігі хабарлады.

Елдегі 8 мың сайлау учаскесінің арасынан іріктеліп, 1 мыңына жүргізілген сауалдама нәтижесінде сайлау­шы­лардың 26,7 пайызы өз дауыстарын Тадичке, ал 25,5 пайызы Николичке беретіні анықталған. Сайлаудың бірінші турында дауыс берушілердің 58,7 пайызы өз таңдауларын жасаған болатын. Ал екінші тур 20 мамырға белгіленіп отыр.

КҮДІКТІЛЕР СОТ АЛДЫНДА ЖАУАП БЕРУДЕ

2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі лаңкестікті  ұйымдастырды деген күдікпен қамауға алынған Халид Шейх Мохаммед пен оның төрт серігі Гуантанамо  базасындағы әскери трибунал алдында жауап беруде. Алғашқы сот мәжілісінде Мохаммед судья Джеймс Полдың сауалдарына жауап беруден бас тартқан.

Адвокаттардың сөздеріне қарағанда, айыпталушы сот әділетсіздігіне өзінің наразылығын осылайша білдірген. Пол Мохаммедке бұлай жасауға болмайтынын ескерткеннен кейін сот процесін оның қатысуынсыз жүргізген. Сот процесі көптеген жылдарға созылуы ықтимал делініп отыр. Егер айыптылардың кінәлері мойындарына қойылса, онда олар өлім жазасына кесіледі.

ТҮРМЕДЕГІЛЕРДІҢ БҮЛІГІ КҮШПЕН БАСЫЛДЫ

Ташкентте түрмеде отырғандар пойызбен басқа жаққа көшірілу барысында бүлік шығарған. Бұл туралы «Ферғана» агенттігі хабарлады. Агенттіктегі дерек көзінің мәлім­деуін­ше, Ташкенттің Яккасарай ауданында атылған оқтың дауысы естілген.

Жасырын қалған күш құрылымдары қызметкерлерінің айтуларынша, сотталғандар бірнеше вагонды басып алған. Бүлік қатаң түрде басып-жаншылған. Оққа ұшқандардың саны белгісіз. Дерек көздерінің сөздеріне қарағанда, сотталғандар тиелген пойыз бұрынғысынша сол орнында тұр. Ресми орындар  оқиға туралы әзірше жұмған аузын ашқан жоқ.

НАРАЗЫЛЫҚ АКЦИЯСЫНДА ҰСТАЛҒАНДАР КӨП

Канаданың Квебек провинциясындағы Виктория­вилл қаласында білім беруге бағаның өсуіне қарсы наразылық акциясы болып өтті. Акция барысында 106 қатысушы қамауға алынған. Наразылық біл­діруші студенттер мен  полиция арасындағы қақты­ғыс барысында 9 адам зардап шеккен.

Олардың үшеуі полиция қызметкері болса, алтауы демонстранттар. Үш студент бастарынан алған жарақаттары ауыр болғандықтан, ауруханаға жатқызылған. Жағдайлары орташа тұрақты көрінеді. Квебектегі студенттер наразы­лығы ақпан айының ортасынан бері жалғасып келеді. Өңірлік  үкімет бюджет тапшылығын қысқарту мақсатында оқу ақысын орташа  есеппен 1625 долларға көтермек болып отыр.

Қысқа қайырып айтқанда:

* Израиль үкіметі кеше өткен өзінің мәжілісінде премьер-министр Биньямин Нетанияхудың ел парламентіне мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы бастамасына қолдау білдірді. Сөйтіп, кнессетке сайлау үстіміздегі жылдың 4 қыркүйегіне белгіленді.

* Ресей президенті В.Путиннің кешегі инаугурациясы кезінде Мәскеуде 120 адам қамауға алынды. Олардың арасында оппозиция серкелерінің бірі  Борис Немцов бар. Олар  қоғамдық тәртіпті бұзуға болмайтыны туралы әңгіме өткізілгеннен кейін босатылыпты.

* Оңтүстік Кореяның Пусан қаласындағы  караоке-барда болған өрт салдарынан 9 адам қаза тапқан. Тағы 25 адам зардап шексе, кейбіреулері өлім аузында жатқанға ұқсайды. Өрттің шығу себептері әзірше белгісіз.

* Әзербайжанның Закаталы қаласы маңында ең күштісінің магнитудасы 5,5 балл болған қатарынан үш жер сілкінісі тіркелді. Табиғат  апаты салдарынан 15 адам зардап шеккен. Олардың бәріне алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, оқиға орнына құтқарушылар жіберіліпті.

Интернет  материалдары негізінде әзірленді.