Бүгінгі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1974-1980 жылдары ректоры болған көрнекті ғалым, тарихшы Жүнісбек Жұмабековтің осы оқу орнын дамытудағы алатын орны ерекше. Ол өткен ғасырымыздың 70-80 жылдарында қазақстандық ғылым әлемінде аса танымал тұлға болуымен қатар жоғары оқу орындарының қызметін шебер ұйымдастырушысы бола білді.
Жүнісбек Жұмабекұлы басқарған кезеңде Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты 1978 жылы 12 қазанда КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен педагогикалық мамандарды даярлау мен тәрбиелеудегі қол жеткізген табыстары мен жетістіктері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Сол кезден бастап 1990 жылға дейін «Еңбек Қызыл Ту орденді Абай атындағы Қазақ педагогика институты» деп аталған. Институттың 50 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде атап өтуде ұжымды шебер ұйымдастырып, институттың бас ғимаратының жобасын бекітіп, жас мамандарға арнап қазіргі Төле би мен Ш.Уәлиханов көшелерінің қиылысындағы тұрғын үй салып беруге атсалысты. Адал, өз ісіне жан-тәнімен берілген, артына ғылым жолындағы көптеген шәкірттерін қалдырған және барлық іске асқан жауапкершілікпен қарайтын ғалым болды.
Жүнісбек Жұмабекұлы сонау 1927 жылы Алматы облысы, Шелек ауданындағы Малыбай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Жұмабек Қаңтарбаев ортасына сыйлы, көзі ашық, еті тірі адам болған. Ұжымдастыру кезінде белсенділік танытып, ұжымшарларға басқарма төрағасы болып басшылық жасаған. Әкесінің ұжымдастыру кезінде өңірде қазақ ауылдарын отырықшылыққа көшіруге, ұжымшарлар құруға белсене араласуы кейін Жүнісбек ағамыздың болашақтағы ғылыми жұмысының тақырыбын таңдауға да әсері болса керек. Анасы қайтыс болғанда Жүнісбек жеті жасқа ғана толған еді. Ұлы Отан соғысының қайнаған кезі 1943 жылы 16 жасында аудандағы жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін Қадам жетіжылдық мектебіне қызметке тұрып, мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі болады. Өзі сұранып соғысқа да аттанбақ ниеті болғанымен, бірақ жасы толмағандықтан оған соғысқа қатысу бұйырмады. 1949 жылы Алматы Мемлекеттік заң институтын бітіріп, сол оқу орнында оқытушылық қызметке қалдырылады. Институт қабырғасында оқытушылық қызметпен бірге ғылыми жұмыспен де белсенді айналысты. Сол кездегі талапқа сай зерттеу объектісіне кеңестік кезеңнің өзгерістерін талдауды, яғни Кеңес өкіметі тұсындағы ұжымдастыру кезеңін алды.
Өзінің ғылымға деген ұмтылысы, қажымай-талмай ізденуінің арқасында 1954 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Ғылыми Кеңесінде диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Сол кездегі беделді тарихшылар жас ғалымның еңбегіне жоғары баға береді. 1955-1958 жылдары Семей малдәрігерлік институтында кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарған кезінде де, 1958-1966 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ денешынықтыру институтында доцент, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарғанда да жұмысына жауапкершілікпен қараумен қатар ғылыммен де белсенді түрде айналысты.
Оның ғалымдығымен қатар ұйымдастырушылық қабілеті де көзге түсіп, 1966 жылы Қазақ КСР Жоғары оқу орындары министрлігі қоғамдық ғылымдарды оқыту бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалды. 1971 жылы XX ғасырдың 30-жылдарында қазақ еңбекші шаруаларын жаңа өмірге тарту мәселесіне арналған докторлық диссертациясын сәтті қорғаса, 1973 жылы Жоғары Аттестациялық Комиссия шешімімен «профессор» ғылыми атағын алды. Ал 1974 жылдың наурыз айында Жүнісбек Жұмабекұлы Қазақстандағы жоғары білімнің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ педагогика институтына ректор болып тағайындалды. Осы қызметті өмірінің соңына дейін, яғни 1980 жылдың
4 сәуіріне дейін атқарды.
Ол ректор болған жылдар университет тарихында түбегейлі өзгерістерге, білім берудегі сапалық көрсеткіштерге қол жеткізу жолындағы және студенттердің мәдени-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға арналған іс-шаралардың қолға алынуымен ерекшеленеді. Бұл жылдары институт жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатып, профессор-оқытушылар оқу-әдістемелік, тәрбиелік жұмыстарды жандандырып, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді түрде айналысып, көптеген нәтижелерге қол жеткізді. 1974 жылы институттың ғылыми-өндірістік жұмысын ұйымдастыру және басқару үшін ғылыми-зерттеу бөлімі құрылып, институтта мектептерге арналған оқу-әдістемелік құралдар, студенттерге арналған қосымша материалдар, т.б. көптеп шығарыла бастады. Әсіресе оқытушылардың біліктілігін арттыру, кәсіби бағдар беру, бітіруші студенттерді арнайы жолдамамен мамандарға сұранысы көп өңірлерге жіберу жолға қойылды.
Институттың материалдық-техникалық базасын жақсартуға да көп көңіл бөлді. Жаңа факультеттер мен сұранысқа ие мамандықтарға сай кафедралар ашылды. Түсушілер саны да күрт өсті, жаңа жатақханалар салынып, профессор-оқытушыларға пәтерлер берілді. 1975 жылдың көктемінде
7 қабатты оқу ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ол кезде ректор болуымен қатар Жүнісбек ағамыз оқытушылықтан да қол үзбей, тарих факультетінде студенттерге дәріс оқыды. Оның шәкірттері бүгінгі таңда Қазақстандағы тарих ғылымдарының дамуына өз үлестерін қосып жүр. Олардың ішінде ағамыздың соңғы шәкірттерінің бірі, көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков те бар. Жүнісбек ағамыз республикалық және қалалық қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты, Халық депутаттары Алматы қалалық Кеңесінің екі шақырылымына депутат болды, Фрунзе аудандық партия комитетінің мүшесі, оқу-ағарту, жоғары мектеп және ғылыми мекемелер қызметкерлері республикалық кәсіподағының мүшесі, республикалық «Білім» қоғамының пленум мүшесі болды. Жүнісбек Жұмабекұлы қажырлы еңбегінің арқасында екі бірдей «Құрмет Белгісі» орденімен (1961, 1976 ж.ж.), «Ерен еңбегі үшін» медалімен және басқа да мемлекеттік наградалармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. 1978 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағы берілді.
Оның есімі атаусыз қалған жоқ. Туған жеріндегі елді мекендегі көшелердің біріне және Алматы қаласы Ақбұлақ шағын ауданындағы бір көшеге оның есімі берілді. Сонымен қатар 2009 жылы осы оқу орнының тарих факультетінде Жүнісбек Жұмабеков атындағы дәрісхана ашылды. Онда Тарих және құқық институтының студенттері тарихқа арналған іс-шаралар өткізіп, оның соңына қалдырған мол мұрасын оқып-үйреніп, игі істерінен үлгі алады.
Қазақта «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар, сондықтан Жүнісбек ағамыз тұрған үйге Алматы қаласы әкімшілігінің шешімімен 2019 жылдың 9 ақпанында ескеркіш-тақтаның ашылуы ғалым-қайраткерге деген үлкен құрмет.
Такир БАЛЫҚБАЕВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ