• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2010

ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС ҚҰРЫЛДЫ

1098 рет
көрсетілді

Елбасы, “Нұр Отан” партиясының Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет пен қоғамды дамытуда белгілеп берген жаңа бағыттары оның заңдық-құқықтық жұмысына “Нұр Отан” партиясының белсене қатысуын талап етіп отыр. Сондықтан барлық күш қазақстандық заңдылықтарды жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге жұмылдырылады. Осы мақсатта партия жанынан  Консультативтік-кеңесші  орган – Құ­қықтық кеңес құрылып отыр. Төр­ағасы – Парламент Мәжілісі­нің де­путаты, “Нұр Отан” ХДП фрак­циясы мүшесі   Нұрлан Әбді­ров. Кеңес құ­рамына Парламент де­путаттары, та­нымал ғалымдар мен құқықтану­шылар, қоғамдық ұйым өкілдері кірді. 4 наурызда партияның Орталық аппаратында Құқықтық кеңестің алғашқы жиыны өтіп, алдағы жұ­мыс­тың негізгі бағыттары анық­талды. Басым бағыттар қатарында заң­дылықтарды жетілдіру, әлеуметтік жағынан жәбір көрген тұрғын­дар­дың заңды мүдделері мен құқын қор­ғау мәселелерін айтуға болады. Сонымен қатар, жастар проб­ле­ма­сын шешуге, тұрғындардың құқық­тық-мәдени деңгейін арттыруға, азаматтардың кәсіби заңдық көмек алуға қолжетімділігін қамтамасыз етуге баса назар аударылады. Құқықтық кеңес үш секциядан тұрады: мемлекеттік құрылыс сек­циясы, соттық және құқық қорғау жүйесі секциясы, азаматтар құқын қорғау секциясы. Кеңес жұмысы мемлекеттік, жергілікті өзін-өзі басқару орган­дарымен, қоғамдық бірлестіктер­мен, мемлекеттік емес ұйымдар­мен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, сондай-ақ, қоғамдық қабылдау, партиялық бақылау ко­ми­теті, Жемқорлықпен күрес жө­ніндегі республикалық қоғамдық кеңес, Парламентаризм институты сынды басқа да партия құрылым­дары­мен етене қызмет атқаратын болады. Құқықтық кеңес – “Нұр Отан” партиясының құқықтық саясатын қалыптастыру және жүзеге асыру­дағы негізгі күш саналады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. ЗАУЫТ ҚЫЗМЕТІ ОҢ БАҒАЛАНДЫ Қолға алынған жобалардың жағдайын білу мақсатында “Нұр Отан” ХДП-ның Парламент Мәжілісіндегі Фракциясы жанындағы Экономикалық саясат кеңесі “Елімізді жеделдетілген индустриялық-инновациялық дамытуды жүзеге асыру қадамдары” тақырыбында көшпелі отырысын өткізді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. Алдымен депутаттар индус­трия­лық жобаның алғашқы қар­лы­ғаштарының бірі болып табы­латын Астанадағы локомотив құ­растыру зауытының жұмысымен танысты. Зауыт биыл 38 локомо­тив шығаруды жоспарлап отырса, соның 8-іне ресейлік компаниялар тапсырыс беріп үлгеріпті. Егер өндіріс өркендеп жолға қойылған жағдайда, посткеңестік елдердің біразы біздің өнімімізді сатып алуға ниет білдіріп отырғаны бел­гілі болды. Негізінен локомотив бөлшектерінің 18 пайызы өзімізде жасалса, бірер жылда оның кө­лемін 50 пайыздан асырамыз деген жоспар да жасалыпты. Зауытпен жақын танысқан депутаттар оның жұмысын жоғары бағалады. Кеңестің көшпелі отырысы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес төрағасы Кенжеғали Саға­диевтің жетекшілігімен өтті. 2020 жылға дейін ішкі жалпы өнімдегі қайта өндеу өндірісінің үлесі 13 пайызға, ал шикізаттық емес экспорт көлемі 27-ден 45 пайызға, ал ауыл шаруашылығындағы өсім 4 есе өседі деп күтілуде. 2010-2014 жылдарға арналған жеделдетілген индустриялық-инновациялық да­­мудың мемлекеттік бағдарлама­сына орай 162 жоба болашағы бар делініп, арнайы карталары да жа­салып қойылған. Соның 97 жоба­сына республикалық карта белгі­ленсе, 65-і өңірлік саналады. Ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыру тізбесі жасалып, әрбір бесжылдық жоспар бойынша олардың нақты орындалуы пысықталған. Қазіргі таңда арнайы техникалық кадрлар дайындау жолға қойылып, шетел­дік инвесторларды 160 миллион тұрғыны бар рынокқа тарту жайы да нақтылану үстінде екен. “Биз­нестің жол картасы” бағдарламасы аясында бірқатар іс-шаралар қолға алынып, арнайы даму институт­та­ры жұмыс істемек. Елі­мізді же­делдетілген индустрия­лық-инно­вациялық дамытудың бағдарларын айқындап алу үшін Индустрия және сауда минис­трі­нің орынба­са­ры Нұрбек Раев пен Экономика және бюджеттік жос­парлау ми­нис­трі­нің орынбасары Марат Құ­сай­ыновтың баянда­малары тыңдалды. Сондай-ақ отырыста Мәжіліс депутаттары Мейрам Пішембаев, Иван Чиркалин және Владимир Бобров, “Қазақстан темір жолы” ААҚ президентінің орынбасары Ерік Сұлтанов сөз сөйледі. Де­пу­таттар министрліктердің кәсіп­керлер жұмысына араласудан гөрі олардың еркін жұмыс істеуіне, стратегиялық жобаларды әзірлеуге ден қоюы қажеттігіне назар ау­дарт­ты. Әсіресе, жаңадан конс­трук­­торлық бюролар құрғанша, қазіргі жұмыс істеп тұрғандарына жан-жақты көмек көрсету қажет­тігі атап көрсетілді. Сондай-ақ жобаларға бөлінген қаржы­лар­дың тиімді жұмсалуы, жобаларды бітіру мерзімдерінің нақты әрі түсінікті болуы керектігіне екпін түсірілді. Нәтижесінде отырыс қорытын­ды­сы бойынша Үкіметке жолда­на­тын ұсыныстар қабылданды. Онда мұнай химиясы мен ғарыш өн­дірісін және ғылыми технология­лар­ды дамыту сияқты өзекті мәсе­лелер қамтылған. Сонымен қатар, шикізаттық емес экспортты 40 пайызға жеткізу, агроөнеркәсіп өндірісін екі есеге арттыру сияқты басым бағыттар да бар. ШАҢЫРАҒЫ ОРТАҚТЫҢ МІНДЕТІ ДЕ ОРТАҚ Күмісжан БАЙЖАН. Бүгінде кез келген мемлекеттің негізгі мақсаты ұлт мұраты мен халықтар арасындағы құндылық­тарды жеткізуші тіл мен өзара бір­лікті нығайтуға жұмылдыру екені анық. “Нұр Отан” халықтық-де­мо­кратиялық партиясы облыстық филиалы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлары құрметіне өткізілген біріккен ша­ралар алға қойған мақсат-мүд­десінен шыққанын айтуға болады. Облыстық партия ұйымының “Ашық есік” күні өткізіліп, оның жалғасы “Этносаралық келісімнің қазақстандық моделінің тиімді дамуы” атты форумға ұласып, партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Сейітов 1999 жылдың 1 наурызында “Отан” республикалық саяси пар­тия­сының №1 съезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевты партия­ның Төрағалығына сайлап, оның мүшелігінің №1 куәлігін салтанат­ты жағдайда тапсырғанына тоқ­талды және содан бергі кезеңдегі партия беделін арттыру мақса­тындағы ұтымды ұйымдастыру жұмыстарына екпін берді. Сонымен қатар, еліміз сан алуан ұлттар мен ұлыстардың ме­кені саналады. Өйткені, Қазақ­стан­да 140 этнос пен 40-тан астам кон­фессия өкілдері ортақ шаңы­рақ­қа бірігіп, ынтымақ пен тату­лықты ту етіп, ертеңгі күнге деген үміттерін үкілеп келеді. Форум Қазақстан халқы Ассамблея­сының 15 жылдығына арналған­дықтан, облыстық партия ұйы­мының қатарындағы өзге этнос өкілдері де басқосуға арнайы шақырылыпты. “Нұр Отанға” деген халықтың сенімі уақыт өткен сайын нығая түсуде. Қазіргі кезде облыстық партия ұйымының қатарында 76971 мүше тіркелсе, оның 20190-ы өңірдегі өзге этнос өкілдерінің қатарынан. Саяси жағынан шың­далған партия мүшелерінің мақ­сат-мұраты да ортақ. Олар ортақ шаңырағымыз егеменді, тәуелсіз еліміздің баянды болашағы мен Мемлекет басшысы, партия Төр­ағасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатын қолдау мен қоғамды де­мократияландыру арқылы халық­ты Көкбайрақтың астына топтас­тыру, этносаралық келісім мен татулықты, тұрақтылықты сақтауға үндеу және оған баянды түрде қол жеткізу екендігін ортаға салды. Форумда Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы облыстық хатшылы­ғы­ның меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай “Қазақстан халқы Ассамблеясы – бейбіт өмір кепілі” деген тақы­рып­та ой өрбітіп, бүгінгі қоғам­да­ғы адамгершілік құндылықтар мен этностық және діни ерекшелікке қарамастан, азаматтардың өзара түсіністігі мен достығын кемел­дендіріп, келісімде өмір сүруге жолбасшы екендігімен байланыс­тырды. Сонымен қатар, мемле­кеттік тілдің мәртебесін көтерудегі Ассамблея мүшелерінің алдағы міндеттері жайлы да айтып өтті. Татар этномәдени “Туған ел” бір­лестігінің өкілі Р.Ибрагимова қо­ғамдағы бейбітшілік пен келісім өзара түсіністікті қалыптасты­ру­дағы аталған орталықтардың ат­қаратын жұмыстары нәтижелі екенін айтып өтті. Оның пікірін Қазақстан халқы Ассамблеясы об­лыстық хатшылығының жанын­да­ғы “Бірлік” жастар ассоциация­сы­ның өкілі Е.Коновалова мемле­кет­тік тілде қолдай сөйлеп, өздерінің әрдайым қоғамдағы барлық мәсе­лелерге жастық жігермен қаты­сатындығын жеткізді. Форумда осылайша биылғы Жол­дауда көрсетілген асқаралы мін­деттерді жүзеге асыру мен бас­ты құндылығымыз – тәуелсіздікті ны­ғайту бағытындағы іс-әре­кет­терге белсене атсалысу әркімнің парызы екендігі атап көрсетіліп, пікірлер бір арнада тоғысты. Алматы облысы. ТӨРТЖАҚТЫ КЕЛІСІМ ҚУАТТАЛДЫ Еркін ӘБІЛ. Облыс әкімдігі мен облыстық Азаматтық альянс қауымдастығы және “Игілік” корпоративтік қо­­­­­ры, сондай-ақ облыстық жастар ор­талығы арасында өзара ынты­мақ­тастық туралы меморандумға қол қою рәсімі болды. Осы бір игілікті шараны ашқан облыс әкімі Б.Қуандықов үкі­мет­тік емес ұйымдардың Сыр айма­ғын­да өткен жылы атқарған жұ­мыстарына талдау жасап, оң баға берді. Атап айтқанда, есепті жыл ішінде облыс бойынша 690 үкі­мет­тік емес ұйым тіркеліп, мемле­кет­тік әлеуметтік тапсырыс аясында жобалық құны 29,4 мың.теңге тұ­­ратын 8 әлеуметтік жобаны жүзеге асырған. Сондай-ақ өткен жылы облыс әкімдігі, облыстық Азамат­тық альянс қауымдастығы және “Игілік” корпоративтік қоры тара­пынан жасалған меморандум ая­сында ҮЕҰ-лардың 45 жобасы қол­дау тапқан. Өзара әріптестік қа­рым-қатынас орнатуының нә­ти­жесінде республикалық Азаматтық форумда Қызылорда облысы “Таным” сыйлығын иеленді. Шара барысында Азаматтық аль­янс қауымдастығының төр­айы­мы Д.Ақмағамбетова өткен жылы олар­дың тарапынан 35 жоба ұсынылған болса, ағымдағы жыл­дың өткен екі айында 36 жоба келіп түскенін жеткізді. “Игілік” корпора­тивтік қорының дирек­торы А.Шерехан үздік оқитын 58 студентке 13,6 млн.теңге қолдау көрсетілгенін айтты. Ал, облыстық жастар одағы қауым­дастығы ди­рек­торының міндетін атқарушы А.Тө­легенов жастар саясатын жү­зеге асыруға өткен жылы облы­с­тық бюджеттен 13,5 млн.теңге қаржы қаралып, айтарлықтай жұмыс атқарылғанын тілге тиек етті. “Жастар тәжірибесі”, “Жас маман” бағдарламалары арқылы жастардың өзекті мәселелері оң шешімдерін тауып келе жатыр, деді ол. Сонымен, шараға қатысу­шы­лар жастарды патриоттыққа тәр­биелеу, мүмкіндігі шектеулі жан­дар мен патронаттық тәрбиедегі балаларға қолдау көрсету, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын жоғары дәрежеде атап өту жұмыстарында ҮЕҰ-лардың белсенділік танытуы қажеттігіне баса назар аударып, төртжақты келісімге қол қойды. Қызылорда.