Сейсенбі, 7 тамыз 2012 7:49
Израиль мен Египет шекарасында 16 египеттік әскери қызметшінің қаза болуына соқтырған теракт әлемдік БАҚ-тар назарын өзіне аударып отыр.
Сейсенбі, 7 тамыз 2012 7:49
Израиль мен Египет шекарасында 16 египеттік әскери қызметшінің қаза болуына соқтырған теракт әлемдік БАҚ-тар назарын өзіне аударып отыр.
Теракт болысымен-ақ Египет президенті Мохаммед Мурси әскери басшылықпен және арнайы қызметтер басшыларымен шұғыл кеңес өткізіп, теракт жасаушылардың аяусыз жазаланатынын мәлімдеді. Осы ретте әскери киім киген лаңкестердің Египет армиясының Газа секторымен шекарадағы блокпостқа шабуыл жасағанын, кейбір содырлардың алдын-ала базаға еніп кеткенін айта кету қажет. Халықаралық жаңалық агенттіктері шабуыл жасаушылардың артында Синай жарты аралындағы терроршылар мен палестиналық содырлардың тұрғанын хабарлауда.
«Кьюриосити» Марстан фотосуреттер жіберді
АҚШ президенті Барак Обама «Кьюриосити» автоматты аппаратының Марстың үстіне табысты қонуына байланысты НАСА-ны құттықтады.
НАСА мамандарының айтуынша, аппарат Марстың үстіне мейлінше дәлдікпен қонған. Мамандар қазірдің өзінде планетаның үстінен бірнеше фотосуреттер алған көрінеді. Марсқа дейінгі жолдың 8 айдан астам уақытқа созылғанын атап өту қажет. Осы мерзім аралығында аппарат шамамен 570 млн. шақырымдай қашықтықты ұшып өткен. Аппараттың құны да өте қымбат, ол шамамен 2,5 млрд. доллар тұрады. Бұл америкалықтардың Қызыл планетаны игеру тарихындағы ең қымбат миссия болып табылады екен.
Үкімет әскері шешуші шабуылға дайындалуда
Сирияның мемлекеттік теледидары ел әскері «жалдамалы терроршыларды» Алеппо қаласында өте үлкен шығындарға ұшыратты деп хабарлауда.
Елдің экономикалық астанасы саналатын Алеппода қазір өте ауыр шайқастар жүруде. Әскери мәліметтерге қарағанда, ереуілшілерге қарсы кең көлемді шабуыл жасаушы үкімет әскерлерінің саны 20 мыңға жеткен көрінеді. Ереуілшілер де өз кезегінде елеулі шабуылға шығуға дайын екендіктерін мәлімдеуде. Бұған дейін Сирия армиясы ереуілшілерді олар осы уақытқа дейін қолда ұстап келген Дамаскінің соңғы ауданынан ығыстырып шығарғанын хабарлаған болатын. Үкімет әскерлері артиллерияны пайдаланып, ереуілшілерді ұшақтармен және тікұшақтармен шабуылдауда.
Ішкі терроризм ретінде танылды
АҚШ полициясы сикхтер храмында орын алған қанды қырғынды «ішкі терроризм» жағдайы ретінде тергейтінін хабарлаған.
Қазіргі уақытта Висконсин штатында болған оқиғаның нақты жағдайлары айқындала бастады. Белгісіз біреу діни рәсім өтіп жатқан шақта Оэк Крик қаласындағы сикхтер храмына басып кірген. Терроршының беталды атқан оғынан 6 адам қаза тапты. Қылмыс жасалған орынға полиция келген кезде қылмыскерге құқық қорғаушының бірін жаралаудың сәті түскен көрінеді. Бірақ оның серігі сол жерде терроршының көзін жойған. Сикхтер қоғамдастығында қанішер өз ортамыздан шыққан жоқ па деген үрей де бар.
Иран президентін
Меккеге шақырды
Сауд Арабиясының королі Абдалла ІІ Иран президенті Махмуд Ахмадинежадты тамыз айының ортасында болатын төтенше ислам саммитіне қатысуға шақырды.
Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 57 мемлекет басшылары қатысатын төтенше саммит Меккеде 14-15 тамызда өтеді. Форумның мақсаты, Сауд Арабиясы сыртқы істер министрі Сауд әл-Фейсалдың айтуынша, жікке бөліну қаупі төніп тұрған қазіргідей күрделі уақытта ислам әлемнің бірлігін тағы бір айғақтау. Соған байланысты ұйымдастырушылар үшін саммитке осыған дейін қарым-қатынастар тым күрделі болып келген Теһран өкілінің қатысуы өте маңызды болып табылады.
Хиросима қасіретінің 67 жылдығы атап өтілді
Жапонияда Американың Хиросима қаласына атом бомбасын тастағанына 67 жыл толуы аталып өтуде.
Қалалық Бейбітшілік саябағында өткен мемориалдық рәсімге елдің премьер-министрі Есихико Нода қатысқан. Обелискінің ішіне атом бомбасының құрбаны болған 280.959 адамның аттары жазылған жаңа тізім қойылған. Құрбандар қатарына соңғы бір жылда қосылғандар саны 5729 адамды құрап отыр. Хиросима қаласының мэрі өз сөзінде «Фукусимада» болған апатқа да тоқталып өткен. Сонымен бірге, ол өзге елдерді де әлемді ядролық қарудан азат ету жөніндегі Хиросима мен Нагасаки тұрғындарының тілегіне қосылуға шақырды.
Курд содырлары шабуыл жасады
Түркияның оңтүстік-шығысында түрік әскерлері мен курд содырлары арасында болған қақтығыстан 19 адам қаза тапқан.
«Бостандық» радиостансасының хабарлауынша, ұрыс курд ереуілшілерінің бір тобы Иракпен шекарадағы елді мекендердің біріндегі әскери бекетке шабуыл жасағаннан кейін басталған. Қаза болғандардың арасында 6 түрік солдаты, 2 жергілікті тұрғын және 11 курд содырлары бар көрінеді. Оның сыртында түріктің 15 әскери қызметшісі түрлі дене жарақаттарын алған. Осыдан 2 апта бұрын аталған провинцияда түрік армиясы Курд жұмысшы партиясының содырларына қарсы ірі әскери операция өткізген болатын. Сөз ретінде Курд жұмысшы партиясын АҚШ пен Еуроодақтың террорлық ұйым деп танитынын да айта кету қажет.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.