Әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларға баспананың басты мұң екені белгілі. Бүгінгі таңда азаматтарға мемлекет тарапынан тұрғын үй алуға едәуір жеңілдік жасалып отыр десек те, әлі де көптеген жандардың үй-күйсіз жүргені шын.
Көп балалы, айлығы шайлығына жетпейтін отбасылар алғашқы жарнасын, одан кейін ай сайынғы несиесін төлеп, баспаналы болуға да қауқарсыз. Сондықтан да қазіргі кезде көп балалы және аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік мәселесін оңтайландыру өзекті болып тұр. Ал Жамбыл өңірінде жағдайы төмен жандарға арналған жатақхана салынады деген жаңалықтың да талай жүрекке жылу, талай көңілге үміт ұялатқаны анық.
Жуырда Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жергілікті көп балалы аналармен кездесіп, олардың әлеуметтік мәселесін шешу мақсатында өңірде 10 жатақхана салынатынын айтқан еді. Көктем шығып күн жылына салысымен, көп балалы отбасылардың көптен күткен үміті ақталғандай. Тараз қаласы №5 «Қарасу» шағын ауданынан көп балалы отбасыларға арналған 4 көпқабатты әлеуметтік жатақхана салынатын болды. Жамбыл облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровтың айтуынша, жатақханада барлығы 180 пәтер болады деп жоспарлануда. Аталған жобаның құны 812 миллион теңгеге айналады екен. Құрылыстың жалпы аумағы 8 100 шаршы метрді құраса, пәтердің бір шаршы метрінің құны 100,2 мың теңге болады.
Айта кету керек, жаңа салынатын тұрғын үйдің жатақхана деген аты болғанымен, заты заманауи талапқа сай кәдімгі пәтер. Алғашқы 4 бірдей жатақхана салынатын аталған аумақта инфрақұрылым мәселесі шешілген. Ал жатақхананың ішкі құрылысы кәдімгі екі бөлмелі пәтерлерден тұрады. Ондағы бір пәтердің жалпы ауданы 35-40 шаршы метрді құрайды. Әр пәтерде зал және жатын бөлмелер, сондай-ақ әр пәтердің ас үйі, әжетханасы мен жуынатын бөлмесі де жоспарланған. Жоспар бойынша жобаның барлық құжаттары алдағы үш айда дайындалып, құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталып, биылғы 1 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс.
Аталған мәселеге орай өткен жиында да әкім құжаттарды дайындау мен құрылыс жұмыстарын барынша жылдамдатып, ағымдағы жылдың қазан айына дейін жатақхананы тапсыру керегін баса айтқан еді. Егер әкімнің қойған талабы орындалып, тиісті мекемелер күш салса, жыл аяқталмай жатып-ақ талай азаматтың арманы орындалады. Сондай-ақ өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған 23 мың адам бар екен. Енді олардың мәселесін шешу үшін өңірдегі тұрғын үй құрылысының көлемін барынша арттыру қажеттігіне көңіл бөлініп, бұл бағыттағы жұмыстар күшейіп келеді.
Мәселен, 7 баланың анасы Айнұр Серікбаева отбасымен Тараз қаласында пәтер жалдап тұрады. Т.Рысқұлов ауданынан келген отбасы 7 жыл бұрын пәтер кезегіне тұрған. Бір қиыны, аз қамтылған отбасында дүниеге келген егіз балалардың сыңары бүгінде 6 жасқа келсе де, өздігінен жүре алмайды. Өздігінен сөйлей де алмайтын баланы Айнұр күйеуі екеуі жұмыс істемей үйінде отырып қарайды екен. Осы сияқты тағы қаншама әлеуметтік жағдайы төмен отбасы бар. Бір жақсысы, алдағы уақытта өңірде осындай аз қамтылған және көп балалы отбасылардың мәселесін шешу үшін шаралар қолға алынуда.
«Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Серік Олжабеков ұйым тарапынан биыл жоба құны 203 миллион теңгеден болатын әрқайсысы 45 пәтерлі екі көпқабатты әлеуметтік тұрғын үй салуды жоспарлап отырғанын айтты. Сонымен қатар серіктестік басшысы егер қолдау болса, бұл бағытта ауқымды құрылыс жүргізуге мүмкіншіліктері жететінін де мәлімдеді. Бұл орайда облыс әкімдігі тұрғын үй мәселесін шешуде мердігерлердің мүмкіншілігі мен әлеуетін пайдаланудың қос тарапқа да тиімділігін ескере отырып, нақты жұмыстарды бастады. Сондай-ақ Тараз және Шу, Жаңатас, Қаратау қалаларындағы тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған отбасылардың жатақхана мәселесін шешу жолдары сараланып, жаңа ғимарат салу немесе бос нысандарды сатып алып ыңғайластыру шаралары да жан-жақты талқылануда.
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы