Маңғыстау кәсіпкерлері жетпесті жалғап жіберу, сүрінгенді демеп жіберу сынды ізгілікті істердің қасынан табылады. Ізгі ниет, қайырымды пейілдерінен жаңылмаған олар биыл мейірімге толы шаруаны тағы қолға алды. Енді кәсіпкер құрылысшылар өңірдегі әлеуметтік ахуалы мәз емес 300 отбасыны өз қамқорлықтарына алып, оларға бір жыл бойы тұрақты көмек көрсетуге бел буды. Бұл үшін арнайы «Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан» атты акцияны қолға алып, Амал мерекесі қарсаңында өз жұмыстарын Жаңаөзен қаласынан бастады.
Өңірдегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қамқорлық таныту, қолынан іс келетін, жеке кәсібін ашуға ниетті, бірақ мүмкіндігі жоқ жандарға қолдау көрсету мақсатындағы акция аясында әр кәсіпкер бір жыл бойы 10 отбасына шама-шарқынша көмек қолын созбақ. Сөйтіп әл-ауқаты төмен отбасыларының жақсы өмір сүруіне талпынысын оятып, аяққа тұрып кеткенше көмектеседі. Тек бір жолғы қаржы беріп немесе азық-түлік алып беру емес, олардың күнкөрісін жақсартуға бағытталған нақты шаралар ұйымдастыру бағытындағы кәсіпкерлердің әлеуметтік көмек беруі түрлі бағытта жүзеге асады.
– Акцияның «Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан» деп аталуының өзінде үлкен мән жатыр. Қайырымдылық қанымызда бар қасиет болғандықтан, өңірдің кәсіпкерлері бірігіп, ізгі шараны қолға алып отырмыз. Мақсат – осы шараны басынан аяғына дейін жеткізу. Кәсіпкер ретінде талпынған, кәсіппен айналысамын деген отбасыларға көмектескіміз келеді. Батылдығы, жігері мол адамдар көп, тек істің басын қалай бастарын білмей жүр. «Бұлақ көрсең – көзін аш» дегендей, олар алғашында сәл демеп жіберуді, бағыт көрсетуді қажет етеді, – дейді жобаға атсалысушылардың бірі, кәсіпкер Иса Бимырзаев.
Шара барысында акцияға қатысу үшін мешіттен, жұмыспен қамту орталықтарынан сұрату арқылы тұрмыстық жағдайы, күнкөріс деңгейі төмен, тіпті ертеңгі ас-суын қалай табарын білмей отырған, көмекке зәру 300 отбасы іріктеліп алынды, олардың 90-ға жуығы Жаңаөзен қаласында тұрады. Бүгінде Жаңаөзен қаласындағы бірнеше отбасына пәтер сыйға тартылып, бірнеше үйде жөндеу жұмыстары басталды. Жеке бизнесін ашқысы келетін «Рахат» ауылының тұрғыны Наурыз Алдабергеновке кәсіпкер Самат Мұсабаев жылыжай салуға көмектесетін болды. Сондай-ақ акцияға бюджет қаржысы жұмсалмайды, кәсіпкерлердің жеке қаражатынан көмек көрсетіледі.
Кәсіп ашу үшін жоба жасағанымен, оны жүзеге асыруға қаржысы болмаған отбасылардың басым бөлігі мал шаруашылығымен, құс өсірумен, тігінмен айналысуға ниет білдірді. Ал акцияны қолға алған кәсіпкерлер тұрғындарға қажетті құралдарды, шаруашылық жүргізу үшін мал, құс сатып алып береді, қора мен жылыжай да салып береді. Қайырымдылық жасауда мүжәлсіз отбасыларға бір реттік көмек көрсетумен, яғни азық-түлік таратумен шектелетін ізгілік ісінің ауқымын ұлғайтып, нақты іске негізделген акция «балықшыға балық берме, қармақ бер» деген ұстанымға арқа сүйейді. Акцияны республика деңгейінде жүзеге асыруды көздеп отырған ұйымдастырушылар алдымен Маңғыстау облысының барлық аудандарын, шалғай ауылдарын араламақ.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Маңғыстау облысы