Бұл қандай батпан құйрық дерсіз. Бірақ расы сол. Қармақшы ауданындағы жас кәсіпкер өзі тұратын Дүр Оңғар ауылындағы әлеуметтік жағынан аз қорғалған 12 отбасыны тегін сүтпен қамтып отыр.
Талапты һәм табанды адамға алынбайтын қамал жоқ. Данияр Шаянбаев «Zhas Рroject» жобасы жайында интернеттен көріп, кәсіпкерлікті бастауға үлкен мүмкіндік екендігін түсінді. Сөйтті де, аудандық «Жастар ресурсы» орталығына барып, тренингтерге қатысты. Өзінің жаңа жобасын ұсынып, 1 млн теңге қайтарымсыз грант жеңіп алды.
Аяқ астынан миллионер болып шыға келген Данияр кейбір құрдастарындай қызық қуып кетпей, үш бас сауын сиыр сатып алады. Сүтті үш сиыр баға білгенге әжептәуір байлық. Сүттен қаймақ айырғаннан бөлек, айран ұйытып, құрт, ірімшік, сары май алған Даниярдың жұмысы жүріп сала берді. Бизнес жобадағы бастамасына орай 12 отбасының азығын айырған жас жігіт бұл жетістігіне тоқмейілсіп отырған жоқ. Қасына ауылдағы жұмыссыз жүрген үш жасөспірімді тартып, айлық төлеп отырған Даниярдың ендігі межесі Жастар жылына орай берілетін 3 млн теңгелік грантты жеңіп алу болып отыр. Бір миллионмен-ақ бірталай әлеуметтік мәселелерді шешкен жігіт өзінің келешекте мықты кәсіпкер боларына сенеді.
Қармақшы аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Әділ Ибрахим «Zhas Рroject» жобасы бойынша ауданда 30-дан аса жоба ұсынылғанын айтады. Соның ішінде жұмыссыз жүрген 13 жас қайтарымсыз грант ұтып алған.
Мемлекеттік көмектің қолтықтан мықтап демерін сезінген жастар бизнес несиелер мен бизнес гранттардың оқыту курстарына көптеп жазыла бастаған.
«Zhas Рroject» – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Елбасы «Nur Otan» съезінде мемлекеттік қолдаулардың әлі де тиімді пайдаланылмай жатқаны жайлы айтқан-ды. Расында, миллиардтаған қаржының ізі жоқ сағым жобаларға салынып, талан-тараж болуы жиілеп кетті. Сондай «су аяғы құрдым» жобалардан гөрі аз ғана ақшамен үлкен нәтижеге жеткен Данияр сияқты жастарға қолдау көрсетілгені әлдеқайда тиімді екені сөзсіз.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Egemen Qazaqstan»
Қызылорда облысы