• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
05 Наурыз, 2010

БАСШЫЛАРДЫҢ БАЙҚАП СӨЙЛЕГЕНІ ЖӨН

759 рет
көрсетілді

Жақында Мексикада Латын Америкасы елдері басшыларының басқосуында күтпеген жағдай болды: Венесуэла және Колумбия президенттері Уго Чавес пен Альбаро Урибе  сөзге келіп қалды. Сонда жұрт бұл екеуі айқайының тіпті осы басқосудың жұмысына салқыны тиер ме екен деп сескенген. Әрине, ай­тысқан жақтар өздерінікін құп көреді. Сол “сөз соғысынан” кейін әр жақтың ресми өкілдері өз басшыларының әрекеттерін тү­сіндіріп, екінші жақты айыпт­а­­ғаны бар. Әдетте мұндайда өз басшысының арсын-гүрсін сөздері мен шәлкем-шалыс әре­кеттеріне түсіндірме беріп үй­ренген Венесуэла жағы бұры­нырақ қимылдады. Олардың пікірінше, дауды бастаған Колумбия президенті Урибе. Ол Венесуэла тарапынан колумбиялық компанияларға жасалып отырған саясатты АҚШ-тың Кубаға жасаған қоршауына теңепті. Сонда Чавес өз мінезіне сай шарт кетіп, өзі билік басына келген 1999 жылдан кейін екі ел арасындағы тауар айналымы сегіз есе өскенін айтады. Сонда Урибе дөрекі түрде оның сөзін бөлмек болған екен, Чавес оған ескерту жасап, өз сөзін аяқтауға мүмкіндік бе­руді өтініпті. Бұл – венесуэ­лалықтардың айтатыны. Колумбиялықтардың пікірі өзгешелеу. Урибенің баспасөз хатшысы Маурисио Веласкестің айтуынша, осынау кикілжің бас­тамашысы Уго Чавес болған. Ол жұрт көзінше Колумбия прези­дентіне 300 жалдамалы баскесерді Венесуэлаға өзіне қастандық жа­сау мақсатымен жасырын жі­бер­дің деген айып тағады. Оған Ури­бе байқап сөйлесейші, алдымен өзіңді сыйлаған жөн ғой дегенді айтса керек. Сонда Чавес тағы ту­лайды, тіпті жүріп жатқан жи­ын­нан кетіп қаламын деп қор­қытады. Сонда Урибе: “Еркекше бетпе-бет сөйлесейік, әйтпесе сіз кейде сырттай біреуді жаманда­ғанды жақсы көресіз”, депті. Солай десе де, Веласкестің пікірінше, бұл соншалықты мән бере қоятын, тіпті басшылардың басқосуына ықпал ете қойғандай дау-дамай емес. Бірақ бас­қалар­дың айтуына қа­рағанда, екі пре­зиденттің сөз қа­ғ­ыстыруы тым тереңдеп кеткені соншалық, олар­ды тоқ­та­ту­ға Ку­ба бас­шы­сы Ра­уль Кастро ара­ласыпты. Әдетіне басып, Ча­вес айқайлап кетіп, өзінің ко­лум­бия­лық әріптесіне “құрып кетші” дегенге дейін барған сияқты. Бұл екі ел басшылары бі­раз­дан бері дүрдараз. Оның да өз­індік себебі бар. Колумбия өзінің әскери базаларын АҚШ-тың пайдалануына рұқсат еткен. Оны Венесуэла өзіне қарсы әрекет деп бағалап, тіпті соғыс ашамыз деп доқ та көрсеткен. Содан былтыр­дан бері екі ел арасы салқын. Реті келгенде бұл елдің басшылары бір-бірін тістеп қалады. Көбіне Уго Чавес қапы жібермейді. Бір жағы мұнайы көптеу де, одан түскен қыруар қаржыға қару-жарақ сатып алып, көршілеріне қоқаңдайтыны бар. Бұл екі ел соғыса қоймасын. Соғыса қойғанда, қару-жарағы баршылық, дегенмен, 26,3 мил­лион халқы бар Венесуэланың 45 миллион халқы бар және  айтар­лықтай әлеуетті одақтастары бар Колумбияны жеңе қоюы екіта­лай. Ал оның үстіне Уго Ча­вестің мұндай дарақылықтан беделі көтеріле қоймасы да анық. Ол бұрын да осындай жосықсыз әрекеттерімен сиық­сыз болып жүрген. Осыдан үш жыл бұрын Испания королі Хуан Карлос 1-мен дауласып, ақыры монархтың “Аузыңды жап­шы” деген сөзін естіп, мас­қара болғаны бар. Әрине, басшы да пенде, оның да тозатын жүйкесі бар, оған да адами қасиеттер тән. Бірақ жүк­телген жауапкершілік ерекше. Со­дан да ол қашан да аңдап сөй­леуге тиіс. Өзінің басшысының орынсыз әрекеттерінен зардап шегіп жатқан елдер де бар. РУ-ТАЙПА БОЛЫП АТТАРЫН БӘЙГЕГЕ ҚОСПАҚ Қырғыз ағайындар қызық: екіге бөлініп, айтысып жатады. Кейде ол асқынса, аяғы революцияға ұласып кетеді. Біреуі билікке жетсе, оған оппозиция дайын. Бұрын көбіне оңтүстік және солтүстік деп бөлінер еді. Енді ру-тайпа болып бөлінуді ұсынып жатқандар бар. Халықты бө­ліп, сол бөлін­ген­дерді бір-бі­ріне қарсы қой­ып,  сонда әл­сі­реген халықты жеңу де, билеу де оңай. Бұрыннан солай. Соған бір мысал осы қыр­ғыз елінің өзі. Парламентті, нақтырақ айт­қанда, оның бір палатасын ру-тайпа өкілдерінен жасақтау туралы ұсыныс айтылғаннан кейін-ақ бұл елде ақпарат құралдарында оны қолдаған да, сынаған да пікір айтыла бастады. Осыған орай біраз фактілер алға тосылды. Бұл елде жетекші сары бағыш, ичкілік, бұғы, мұндыз, саяқ, адыгене, тағы басқа рулар бар екен. Кешегі Кеңес өкіметінің басшылары осы рулардың өкілдерін республика басшылығына кезекпен қойып, бір жағы елдегі тепе-теңдікті ұстап отырса, екінші жағынан рулардың жігін ажыратып, халықты бөліп отырыпты. Одақтас республикалар пайда болғанда, ел компар­тия­сының бірінші хатшысына ичкілік  Ысқақ Раззақов сайланса, екінші кезекте сары бағыш Тұрдахын Үсібалиев тізгін ұстапты. Одан кейін билікке ичкілік Әбсамат Масалиев келеді. Соңғы буын жақсы танитын Асқар Ақаев сары бағыш екен. Одан билікті ичкілік Құрманбек Бакиев алып отыр. Жұрт рулық-тайпалық құры­лымға қайта көшу керек деп ұсыныс айтып жатқанда, біршама ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, ол бүгінде де жүзеге асып жатқандай екен. Президент Қ.Бакиевтің руластары Молдамұса Қонғантиев – ІІМ басшысы, Ел­мырза Сатыбалдиев – қорғаныс, қауіпсіздік жөніндегі кеңесші, Тә­жіхан Қалымбетов – вице-пре­мьер, Ысқақ Масалиев – парла­мент депутаты. Бірақ өкімет бас­шысы, парламент спикері, басқа да көптеген министрлік қызметтер барлығын еске алсақ, бәрін Бакиев жинап алды деуге де келмейтіндей. Оның есесіне са­ры бағыштар экс-президент Асқар Ақаевтан кейін, қауіпсіздік кеңе­сінің экс-хат­шы­сы Болат Жанұ­за­қов, ІІМ экс-бас­шылары Ке­ңеш­бек Дюшебаев пен Темірбек Ах­ма­талиевтердің қыз­метінен қуыл­ғаны бар. Бірақ оны да заңды деуге болғандай: президент кеткен соң, оның шашбауын көтерген бір-екі адамның кетуінде оғаштық жоқ. Бірақ бір күн ғана, 2005 жылғы 24 наурызда ішкі істер ми­нистрі болған Кеңешбек Дюше­ба­ев­тың өкпесі үлкен. Билік басында сары бағыш отырғанда, оның би­ліктегі күні ұзағырақ созылар еді. Сірә, содан болар, ру-тай­па­лық құрылымды пайдалану ұранын көтеріп жүргендердің бірі сол Дюшебаев. Бұл билікті халыққа жақындатады, дейді ол. Бұл пікірді ұлттық университет оқытушысы Азамат Борончиев те айтады. Оның ойынша, Қырғыз­стан құқықтық тұйыққа тірелген. Билік үшін күрестің барлық заң­дық тәсілі түгесілген. Зайырлы оп­позиция да жоқ. Мұндай жағдайда таңдау ру-тайпалық құрылымға түседі. Бұл ұсынысқа қарсылар да жетерлік және олардың уәжі де негізді. Ең алдымен “Демократия және азаматтық қоғам үшін” коалициясы ел басшылығына, пар­ламентке және БАҚ өкілдеріне ар­наған үндеуінде мұндай аран­датушылық бастамаға түбегейлі соққы беру керектігін айтады. Өйткені, бұл Қырғызстан халқын бөлшектеп, қоғамға рушылдық лаң кіргізеді. Бұл негізінен бұрын билікте болғандардың  әрекеті екеніне назар аударады. Қазақта “Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын” деген ынтымаққа шақырған жақсы сөз бар. Руға бөлініп, ол ресми мәртебеге жеткенде ауылдан да, аймақтан да, елден де береке кете­ді. Оны тарих талай дәлелдеген. Мамадияр ЖАҚЫП.