• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
31 Тамыз, 2012

Дүбірге толы дүние

335 рет
көрсетілді

Дүбірге толы дүние

Жұма, 31 тамыз 2012 7:11

Әділеттің күмәнді салтанаты 

Өткен аптада Норвегия соты лаңкестік және адам өлтіргені үшін деген айыппен Андерс Брейвикке 21 жыл түрмеде отыру үкімін шығарды. Бұл үкімді біреулер әділеттіктің салтанаты десе, біреулер қанішердің қылмысына сай емес жаза дейді. Әртүрлі пікір әлі жалғасып жатыр

 

Жұма, 31 тамыз 2012 7:11

Әділеттің күмәнді салтанаты 

Өткен аптада Норвегия соты лаңкестік және адам өлтіргені үшін деген айыппен Андерс Брейвикке 21 жыл түрмеде отыру үкімін шығарды. Бұл үкімді біреулер әділеттіктің салтанаты десе, біреулер қанішердің қылмысына сай емес жаза дейді. Әртүрлі пікір әлі жалғасып жатыр

Еркісіз өзің де пікіріңді біл­діргің келеді. Бұл сот процесі әлемдік телеарналардан көп көр­сетілді. Сол сотқа дейін де қан­ішер Андерс Брейвик талай те­лехабарлардың кейіпкері болған. Қазір ол көп адамға таныс тұл­ғаға айналды. Мойнында 77 адам­ның қаны бар, өзінің ай­уандық ісіне бір сәт өкінбей, күлімсіреп тұр­ған, тіпті түюлі жұдырығын көте­ріп «гитлерше» сәлем беру кейпі жаныңды түр­шіктіреді.

Жаза әділ болсын дейді жұрт. Әділ жазаның мұраты – алда бас­қалар қылмысқа бармасын, жұрт қылмыс жасағанды ауыр жаза күтіп тұрғанын сезінетін болсын дегенге саяды. Сол жазадан қорыққандар қылмысқа бармаса керек. Брейвикке қолданған жазадан кейін оның қылмысын қай­талайтын адамдар сирей қой­май­тын шығар-ау.

21 жылға түрмеге жабу Нор­вегиядағы ең ауыр жаза екен. Өлім жазасы туралы әңгіме жоқ. Тіпті өмірбақи түрмеге жабу да бұл елде көрсетілмеген. Тек әлгі 21 жылды өтеген соң қылмыс­кер­дің жазасын одан әрі созу мүм­кіндігі ғана бар.

Енді нақты Брейвикке келсек, оның қылмысы, сірә, тарихтағы ең бір сорақы, ең бір жантүр­ші­герлік қылмыстың бірі. Ол ел астанасы – Осло қаласының үкіметтік орамында автокөлікті жарумен қатар, Утейя аралын­дағы жасөспірімдер лагерінде қарусыз балаларға оқ атып, 77 адамның өмірін қиып, 96 адамды жаралаған. Ол өз әрекетін Еуро­паның исламдануына, соңғы жыл­дары өріс алған мультикультурализмге қарсылық деп есеп­тейді. Бұл жерде жазықсыз бала­лар­дың оған қандай қатысы бар дейсің.

Ең сорақысы, біреулердің оған ара түскісі, белгілі дәрежеде ақтағысы келетіні. Әрине, адво­кат­тардың өз қызметі бар, ол туралы сөз жоқ. Адам құқы деген желеумен кейбіреулер оның ақыл-есі дұрыстығын айқындау керек, ауру болса, күштеп емдеу керек деп, оны жазадан құтқаруға тырысады. Ал қанішердің өзі еш­қандай да ауру емеспін, барлық ісімді саналы түрде біліп істедім, деп тапжылмай отыр. Өзін саясаткер санайтын біреулер Брей­виктің Еуропаның исламдануына, мультикультурализмге қарсы күресі орынды екенін айтып, оны ақтау ісіне өзінше үлес қосады.

Енді оның жазасын қалай өтей­тіндігі туралы мағлұмат­тар­ды оқығанда да оның құрбан­ды­ғына ұшырағандардың әруағын қорлағандай жағдайға кезігесің. Оған арнап Ила түрмесінен 3,5 миллион еуроға бір блок салған көрінеді. Үш бөлмелі жайдың бір бөлмесі – кабинет, бір бөлмесі – жаттығу залы. Бір сөзбен айт­қанда, керекті нәрсенің бәрі бар. Бұл жаза ма, жарылқау ма? Ондай «жазаны» өтеуге құмарлар көп табылар еді-ау. Қылмыскер де адам, оның да құқы бар дегенге қосыласың ғой. Ал қылмысқа лайықты жаза қолданбаса, әділет қайда қалады?

 

Саяси дүрбелеңнің алдында тұр

Қырғыз парламентінде қызық болып жатыр. Өткен сайлаудан кейін әупіріммен құрылған коалиция күйреді. Одан «Атамекен» және «Ар-намыс» партиялары кетті. Соған орай, үкімет те орнынан түсуге мәжбүр болды.

Коалиция – одақ. Одақтастар кетіскенмен, жауға айналмауға тиіс қой. Кешегі досыңмен бүгін жау болсаң, не абырой қалады? Адамдар арасындағы қарапайым қарым-қатынаста ол сатқындық делінеді. Кешегі достығың жал­ған болса, онда кім болғаның, ер­тең саған кім сенеді? Кім сенімен одақтасады?

Бұл елдегі саяси партиялар басшыларына осындай көп сұ­рақтар қоюға болар еді. Әңгіме тек партиялардың коалициядан шығу ғана емес, олардың бас­шыларының бір-біріне бет көріс­пейтіндей қатқыл сөз айтып, ақыл­ға сыйыңқырамайтындай әре­кетке барып отыр. Халыққа саяси көшбасшы болады деген партиялар мен олардың басшы­ларының сиқы осындай болса, оларға сенген халықты аяйсың.

Парламенттегі қарым-қаты­нас, әдетте, оның мінбері арқылы жү­реді: онда әркім өзінің ой-пікірін жариялайды, ол бір-біріне қиғаш ке­ліп жатуы әбден мүмкін. Көп­шілік дауыс алғанның сөзі – сөз. Ал Жооғарғы Кенеште бірін-бірі тың­дау қиын. Кейде сөз орнына басқа нәрсені пайдаланады. Жақында бұрынғы ішкі істер министрі, қазіргі депутат Болот Шер (бұрын – Шерниязов) сөз орнына үкімет басшысы Өмірбек Бабановқа конвертке салып екі оқ жіберіпті.

Әдетте біреу таяғын көрсетсе, таяқпен ұрамын дегені, мылты­ғын көрсетсе, атамын дегені деп қабыл­данды. Үкімет басшысына оқ жібе­рудің қалай қабылда­на­тыны белгілі. Рас, депутат Шер кейін мұны өзінше басқаша түсін­діргені бар: айыпты болсам, сол оқтың бірімен өзімді атамын, егер маған жала жапсаң, бір оқпен өзіңді ат дегенім еді депті. Бүйтіп жұмбақтамай-ақ, адамша сөзбен айтса, болмай ма?

Бәрі үкімет комиссиясының тексеруі барысында соңғы «революция» кезінде дүние тонаушылар өздерінің Болот Шерден, «Атамекен» партиясының көсемі Өмірбек Текебаевтан нұсқау ал­ғандарын мойындаған көрінеді. Мұны «Республика» партиясы­ның фракциясы жұртқа таратып жіберіпті. Бұл үшін Шер үкімет басшысына оқ жіберсе, Текебаев граната жібере­тінін мәлімдеген. Әзірге зеңбірек жіберетіндер табыла қойған жоқ.

Енді бұл парламент қайтеді? Ондағы партиялар қайта бас қо­сып, коалицияға біріге ала ма? Қа­лай дегенде де, бет жыртыс­қандардың, бір-біріне оқ, граната көрсеткендер­дің бірігуі қиын-ау. Ал біріге алмаса, парламент таратылады, тағы да сүрең саяси кү­рес басталады. Одан қинала­тын қарапайым халық. Еңбек етіп, бала-шағасының ризы­ғын табу орнына, саясатшылардың дүрме­гіне ереді. Бұл дүрмек жақсы­лыққа апармайды. Қырғыз аға­йындар оны талай көрген.

Сөйтсе де бірігуге әлі де үміт бар. Оған Социал-демократиялық партия ұйытқы болмақ. Ол – президенттің партиясы. Президент Атамбаев өз партиясына парламенттік коалиция құруды тапсырды. Бұрынғы премьер-министр Феликс Кулов коалицияға өзінің «Ар-намыс» және «Атамекен» партиясы кіруі мүмкін еке­нін айтты. Ал СДП-ға жақындау жүретін Ө.Бабановтың «Республика» партиясы да кіремін десе, онымен араздас жоғарыда атал­ған екі партия қайтпек? Бас тарта ма? Бас тартпағанда, бүгінгі бет жыртысудан кейін бір-біріне қалай қарайды? Бұрын коалициядан сырт қалған «Ата жұрт» пар­тиясының пікірі қандай? Бел­гісіздік белең алған сәт.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».