• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2019

Бірлік бар жерде – ынтымақ бар

1250 рет
көрсетілді

ҰҒА академигі, «Ғасыр ғұламасы» атағының иегері, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев маңызды мәлімдеме жасап, өзінің Президенттік өкілеттігін тоқтатты. Бұл шешім Қазақстан халқы үшін күтпеген жағдай болды. Елбасы терең ойланып, еліміздің тұрақтылығы үшін осындай шешімге келіп отыр. Осы отыз жылдықта ол парасат-пайыммен, сарабдал саясатымен Қазақ елінің қасиетін арқалап, әлемдегі абыройын асқақ етті. Бұл мемлекет тарихында ғана емес, әлем жылнамасында қалары сөзсіз. Қиын-қыстау кезеңде қиядан жол тауып, шекарамызды бекіттік, Астанамызды салып болашағымызға бағдар құрдық. Нұрсұлтан Назарбаев тек мемлекет деңгейінде шектелмей, әлемде болып жатқан оқиғалар мен түрлі жағдайларға сарабдал саясатымен үн қоса отырып, Қазақстанның өзге елдермен терезесі тең түсуіне ұйытқы болған парасатты басшы ретінде қолтаңба қалдыра білді. Ғасырлар бойы аңсаған тә­уел­сіздіктің туын тіктеген Тұң­ғыш Президент ең алдымен ха­лық­тың руханиятына еркіндік бер­ген­дігімен құрметке әбден лайық. 

Нұрсұлтан Әбішұлы отыз жылға жуық елді басқарды, қиын кезеңдерден өттік, ал оның бірқатары Қазақ­стан үшін қауіпті болды деуге не­гіз бар. Бірақ қандай қиын кезең­дерде де тиімді шешім тауып, ты­ғырықтан шығудың жолын таба білді. Мұның өзі ерлік. Әри­не отыз жыл бір адамның өмірі үшін үлкен мерзім, бірақ мем­ле­кет үшін бұл қас-қағымдай уақыт. 

Алдағы мерзімде де халқы­мызға ауызбіршілік керек. Алла тағала бізге тәуелсіздік берді, осы тәуелсіздігіміз мәңгі­лік болсын! Тәуелсіздік болса мем­лекетіміз болады, ауызбіршілік болса мемлекетіміз күшейеді. Алды­мызда үлкен сын сағаты соққалы тұр. Осы кезде сабыр­лықты серік ете отырып, төзімді­лік­пен ата-бабаларымыз аманат еткен дарқан даламызды сақ­тап, өсиеттерін өнеге ете отырып, алдағы күндерге адымдай бермекпіз. 

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кейінгілерге көрсеткен үлгісі және салып кеткен ізгі дара жолы мен еліміздің егемендігі үшін құрметіміз шексіз!

Мұрат ЖҰРЫНОВ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА президенті, академик