• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Наурыз, 2019

Жеке тұлғаға міндетті зейнетақы жарнасы бойынша шот ашу үшін қорға жүгінудің қажеті жоқ

1003 рет
көрсетілді

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына енгізілген толықтырулар мен өзгерістерге сәйкес, елімізде 1 қаңтардан бастап бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жүйесі іске қосылды.

Бұл жүйе азаматтарға бірден төрт түрлі төлем төлеу мүмкіндігін берді. Атап айтар болсақ, БЖТ арқылы салық төлеушілер мемлекеттік кірістер органына төленетін жеке табыс салығын, БЖЗҚ-ға төленетін міндетті зейнетақы жарналарын, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік аударымды сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының әлеуметтік жарналарын аудара алады.

БЖЗҚ Астана қалалық бөлімшесінің директоры -басқарушы директор Мұрат Шарипов  зейнетақы жүйесін жаңғыртудағы басты мақсат – зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыруға басымдық бергенін аййтты.

«Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттардың бір тарабы салық агенті болса, олар жеке тұлғаларға, оның ішінде фрилансерлерге берілетін табыстан міндетті зейнетақы жарнасын төлейді. Егер азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жеке тұлғамен жасалған болса, міндетті зейнетақы жарнасын төлеу – фрилансердің міндеті емес, құқығы болып саналады.  Бұл ретте жарналарды есептеу үшін алынатын ең жоғары жиынтық жылдық табыс республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінің 12 еселенген сомасынан аспауға тиіс», – деді Мұрат Шарипов.

2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап жеке тұлғаға міндетті зейнетақы жарнасы бойынша шот ашу үшін қорға жүгінудің қажеті жоқ. Жеке тұлғаның қорда міндетті зейнетақы жарнасы бойынша ашылған шоты жоқ болса, онда алғашқы жарна түскен кезде шот өздігінен рәсімделеді екен.

2019 жылдың 25 қаңтарынан бастап жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат электронды үкімет порталы арқылы алу тәртібі жеңілдетіліпті.

Салымшылар (алушы) жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені тек электрондық цифрлық қолтаңбамен ғана емес, бір реттік sms-парольдің көмегімен де алып жүр. Бұл үшін салымшы (алушы) электрондық үкімет порталының жеке кабинетінде тіркеліп, үзінді көшірме алуға сауал жолдап,  mGov мобильдік азаматтар базасында тіркелген салымшының (алушының) ұялы телефонына бір реттік sms-пароль жіберіледі.

«Мәселе осылайша оңай әрі жылдам шешіледі», – деді Мұрат Шарипов.

Гүлбаршын САБАЕВА,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ