• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2019

Мәңгілік елді сақтау үшін аянбаймыз

996 рет
көрсетілді

Аса қадірлі  Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сіздің халыққа арнаған жол­дауларыңызды қазақстандықтар қашанда аса үлкен ықыласпен кү­теді, тыңдайды. Өйткені онда үне­мі ел дамуының стратегиялық жол­дары көрсетіліп, жұмыс ба­ғыт-бағдары айқындалып бері­леді. 

Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін тоқта­туыңыз туралы Үндеуіңізді қазақ­стандықтар, оның ішінде қазақ өнерінің қараша­ңырағы М.Әуе­зов атындағы Қазақ мемлекет­тік академиялық драма театры­ның ұжымы толқи, ерекше тебіре­ніспен тыңдадық. 

Сізге Тәуелсіз елдің алғаш­қы басшысы болу мәрте­бесі бұ­йырды. Өзіңіз жүргіз­ген мем­ле­кет­тік сарабдал сая­сатыңыздың арқасында Қазақстан шын мәні­сіндегі тәуелсіз де еркін, экономикасы мен мәдениеті дамыған өркениетті елге айналды, әлем қауымдастығынан лайықты орын алды.

Мәдениет саласындағы мем­ле­кеттік саясатыңыз – мәдени және рухани құндылықтарды жасауға, жаңғыртуға, қайта түлетуге, сақ­тауға, дамытуға, таратуға және пай­далануға бағытталғанын мақ­танышпен айтуымызға болады. Тәуелсіздік жылдары ұлттық өнер, сахна өнері құлашын кеңге жай­ды. Өзіңіздің бастамаңызбен Рес­публикада тәуелсіздік жылдары көптеген жаңа театрлар ашылды, талантты бірнеше жас буын өсіп шықты. 

95 жылдық тарихы бар қа­рашаңырақ, әлемнің көпте­ген ел­дерінде өнер көрсету мәртебесіне ие болған М.Әуезов театры өзіңіздің «Қазақстан-2050» страте­гия­лық бағдарламаңызда атап көр­се­тілгендей, «Қазақстанның мәде­­ниетті және прогрессивті идеал­­дар қоғамына айналуы...»  жолын­да аянбай  еңбек етіп ке­леді. Өзің­із бастамашы бол­ған «Рухани жаңғыру» мемле­кет­тік бағ­дарламасы аясында атқарыл­ған, әлі де атқарылатын жұмыстар аз емес.  

Кешегі тарихи Үндеуіңізде Өзіңіз елімізді басқарған 30 жыл бойы атқарылған жұмыстар туралы бірнеше сөйлеммен ғана түйіп айтып өттіңіз. Ал мұның астарында Сіздің ақыл-парасатыңыз, даналығыңыз, қаншама еңбегіңіз, күш-қуатыңыз бар екенін халық жақсы біледі. Біз, сахна қай­рат­керлері, оның ішінде М.Әуезов театрының ұжымы шын мәні­сіндегі тәуелсіз Қазақ елінің Тұң­ғыш Президенті, дара Тұлға, қайталанбас құбылыс – өзіңізбен замандас болғанымызға, ұс­тан­ған сара бағытыңызды мұрат­тас­тықпен қолдап, еңбек етіп келе жатқанымызға бақыттымыз.  

Сіздің кешегі тарихи Үндеу­ің­із­дің әрбір сөзі, сөйлемі біздерді қатты толқытты. «Маған ұлы хал­қыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды біл­діріп, басымды иемін» дедіңіз. Бізге өзіңіздей Елба­сы бұйыр­ғанына біздер де аса бақыт­ты­мыз. Және Тұңғыш Президен­тіміз­ге бүкіл Қазақстан халқы, олар­дың қатарында М.Әуезов театры ұжы­мы да аса үлкен ырза­шы­лы­ғы­мызды білдіріп, басымызды иеміз. 

Қазақстан халқына кешегі Үндеуіңізде: «...Елеулі өкілет­тігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төр­ағасы ретінде қызмет ете беремін. «Нұр Отан» партиясының Төр­ағасы, Конституциялық Кеңестің мү­шесімін. Яғни, өздеріңізбен бір­ге боламын. Еліміздің, халқы­мыздың қамы – менің мүддем бо­лып қала береді» деген сөзіңіз бізге қанат бітіріп, көңілімізге сенім ұялатты. 

Біз, сахна қайраткерлері елі­мізді жаңғырту процестерінің баянды жалғасатынына сенеміз және Мәңгілік елімізді сақтау үшін қолымыздан келгенді аямаймыз деп уәде береміз. 

Аса үлкен құрметпен,

КСРО халық әртісі, КСРО, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері, «Қазақстанның Еңбек Ері» Асанәлі ӘШІМОВ,

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Сәбит ОРАЗБАЕВ,

Қазақстанның халық әртістері Нүкетай МЫШБАЕВА мен Торғын ТАСЫБЕКОВА, 

театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Сәбит ӘБДІХАЛЫҚОВ, 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жалғас ТОЛҒАНБАЙ, 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат САТЫБАЛДЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Берік АЙТЖАНОВ пен Еркебұлан ДАЙЫРОВ,

Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Аян ӨТЕПБЕРГЕН 

және барша театр ұжымы