• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Наурыз, 2019

Қызды құтқарам деп суға кеткен Шалқар Ақымғалиев мемлекеттік наградаға ұсынылады

2022 рет
көрсетілді

Атырауда қызды құтқарам деп суға кеткен Шалқар Ақымғалиев мемлекеттік наградаға ұсынылады. Бұл жайында Ішкі істер министрінің кеңесшісі әрі ресми өкіл-баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз айтты.  

«Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полиция қызметкері Ақымғалиев Шалқар Көкінбаевтың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Атырауда қызды құтқарам деп суға батып кеткен патрульдік полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев мемлекеттік наградаға ұсынылады.Ш.Ақымғалиевтің отбасына ІІМ жеке құрамы тарапынан материалдық көмек көрсетілетін болады», - деді Нұрділдә Ораз.

ІІМ Ерлан Тұрғымбаев Шалқардың анасы  Ләззат Мәженқызына жолдаған көңіл айту хатында ішкі істер органдары және қалың қазақ жұрты өзінің ер-жүрек, батыр ұлынынан көз жазып қалғандығын, бұл орны толмас қайғы екендігін баса атап өткен.

«Қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының «Адам болу - қасиет, азамат болу - міндет, патриот болу - парыз» деген қанатты сөзі бар. Сіздер тәрбиелеп өсірген ұлдарыңыз Шалқар Көшкінбайұлы осы қасиеттерге лайық еді. Адам ретінде қалыптасты, азамат болып атқа қонды, патриоттық болмысымен ел тыныштығын қорғады. Ол әрбір қазақстандықтың өмірін сақтауды өзінің қасиетті борышы санады. Сондықтан сын сағаттарда нағыз батырларға тән ерлікке барып, өзгенің өмірі үшін өз жанын құрбан етті», - деп жазды ол.

Министр хатында Шалқар Көшкінбайұлы ішкі істер саласында бес жыл қызмет атқарғанын, оны әріптестері қызметіне адал, достыққа берік, жүрегі үлкен азамат ретінде білетіндігіне баса назар аударған.

«Елін шексіз сүйген, халқы үшін адал қызмет атқарып, туған жер тыныштығын қас қақпай қорғаған батыр ұл өсіргендеріңіз үшін  алдарыңызда басымызды иеміз. Біз оның ерен ерлігін, батырлық болмысын, биік азаматтық келбетін ешқашан ұмытпаймыз. Асыл ердің жаны жәннатта, топырағы торқа, иманы жолдас болсын!»,  деді Е.Тұрғымбаев. Бұған дейін Атырауда полиция суға батқан әйелді құтқарам деп мерт болғанын хабарлаған едік.