Сейсенбі, 23 қазан 2012 7:27
Ливиядағы жағдай қайта шиеленісті
Муаммар Каддафидің көзін жойып, азамат соғысы ресми аяқталғанына бір жыл өткенде Ливияда жағдай тағы да шиеленісе түсті.
Сейсенбі, 23 қазан 2012 7:27
Ливиядағы жағдай қайта шиеленісті
Муаммар Каддафидің көзін жойып, азамат соғысы ресми аяқталғанына бір жыл өткенде Ливияда жағдай тағы да шиеленісе түсті.
Өткен демалыс күндері Каддафиге адалдығын сақтаған варфалла тайпасының астанасы саналатын Бани-Валид қаласында құлатылған режімнің жақтастары мен қарсыластары арасында кескілескен ұрыстар жүрді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, 30 адам қаза тауып, 200-ден астамы жарақаттанған. Араб БАҚ-тарының мәліметінше, Каддафидің 28 жасар ұлы Хамис қаза тапқан көрінеді. Жалпыға ортақ ұлттық конгресс төрағасы Мухаммед Юсеф әл-Магрефтің айтуынша, Хамис Каддафи жараланып, тұтқынға түскен және сол жарақат салдарынан қайтыс болған.
Денсаулығының нашарлағанын жоққа шығарды
Куба революциясының лидері Фидель Кастро өзінің денсаулығының нашарлағаны туралы шетелдік БАҚ-тарда жарияланған хабарды теріске шығарды.
Сөйтіп, команданте осы жылдың наурызынан кейін бірінші рет көпшілік алдына шықты. Мемлекеттік веб-сайтта жарияланған мақалада Фидель Кастро өзінің жағдайының жақсы екенін мәлімдеген. Мен бас ауруының не екенін ұмыттым, деген ол. Ал оның денсаулығының нашарлағаны туралы барлық ақпаратты Куба лидері барып тұрған өтірік деп атады. Кубалық БАҚ-тар мақаламен бірге командантенің фотосуреттерін де жариялаған көрінеді.
Бейруттегі жарылыс
Ливанның астанасы Бейрутте болған қуатты жарылыстан 80-ге жуық адам зардап шеккен. Қаза тапқандар саны 8-ге дейін жеткен көрінеді.
Жарылғыш зат толтырылған машина негізінен христиандар тұратын аудандағы Сасин алаңында жарылған болатын. Алғашқыда террорлық акт батысқа іш тартатын «14 наурыз коалициясы» лидерлерінің біріне бағытталған деп хабарланған еді. Бірақ ол сөз әзірге расталмай отыр. Жарылыс болған маңайдағы тұрғын үйлерге үлкен материалдық зиян келіп, ондаған машиналар зақымданған. Бес адам қаза тауып, 37 адам жарақаттанды деген мәлімет бар.
Ұлтшылдардың өңірлік сайлаудағы жеңісі
Шешуші автономиялардың бірі Галисияда биліктегі Испания халық партиясы көпшілік орынға ие болды.
Премьер-министр Мариана Рахой басқаратын оңшыл центристер үкімет қабылдаған қатаң үнемдеу шараларының қолдау таппағанына қарамастан, басым дауыс жинауға қол жеткізген. Осылайша халық партиясы өз позициясын күшейтіп отыр. Баскілер елінде Ұлттық партияның жеңіске жеткеніне қарамастан, олар өз позицияларын аздап әлсіретіп алды. Оған өткен жылы осында жаңа саяси коалицияның пайда болғаны себепкер көрінеді.
Оңтүстік Корея тойтарыс беруге дайын
Оңтүстік Корея өкіметі таяуда КХДР тарапынан болуы ықтимал әскери соққыға тойтарыс беруге дайындалуда.
Екі мемлекет арасындағы дау-жанжал оңтүстіккореялық белсенділер таратқан үгіт парақшалар салдарынан туындап отыр. Оларда КХДР режімін айыптаған сөздер мен араб елдеріндегі демократиялық төңкерістер туралы жаңалықтар болған. Оңтүстік Кореяның әскери күштері жоғары жауынгерлік дайындыққа келтірілген. Ел билігі белсенділерге одан әрі үгіт парақшалар таратуға тыйым салып отыр.
Бүлікшілер әрекеті іске аспады
Гвиния-Бисау мемлекетінің билігі өз елінде төңкеріс жасамақ болғандардың әрекетін тұншықтырғанын мәлімдеді.
Бүлікшілер уақытша үкіметті құлатпақ болған көрінеді. Ел билігі мұндай әрекетті ұйымдастырды деп Португалияны, сонымен бірге Португал тілді елдер достастығын және елдің бұрынғы премьер-министрі Карлуш Гомеш Жуниорды кінәлап отыр. Төңкеріс жасауға талпынғандарды тұншықтыру нәтижесінде 6 адам қаза тапқан. Үкімет күштері реактивті гранаталар қолданған көрінеді. Айта кету керек, қазіргі үкімет үстіміздегі жылдың 12 сәуірінде жүзеге асқан мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде жасақталған болатын.
Өзгелерді жаралап, өзі қаза тапты
Американың Висконсин штатында полиция жергілікті спа-салондардың бірінде оқ атқан ер адамды анықтаған.
Оқ ату салдарынан 7 адам зардап шеккен көрінеді. Ал «атқыштың» өзі оқиға болған жерде ажал құшқан. Полицияның айтуынша, ер адам өз-өзіне атқан оқтан қаза тапқан. Алдын-ала мәліметтер бойынша, 45 жасар Рэдклифф Хафтонның мұндай әрекетке баруына отбасылық жанжал түрткі болған көрінеді. Спа-салонында оның көптен бері бөлек тұрып жатқан әйелі жұмыс істейді екен. Жарақат алған адамдар ауруханаға жеткізілген.
Ресейлік туриске шабуыл жасалды
Таиландтың курортты қаласы Паттайяда ресейлік турист әйелге қарақшылық шабуыл жасалды.
Жергілікті полицияның мәліметтеріне қарағанда, 25 жасар ресейлік Евгения Николина шабуыл құрбаны болған. Мотоцикл мінген екі қылмыскер оған ол тұратын қонақ үйдің алдында шабуыл жасаған көрінеді. Өзін тонап жатқан қарақшыларға қарсылық көрсетпек болғанда қылмыскерлер қызға бес рет пышақ сұққан. Осыдан кейін қарақшылар қыздың ақшасын, ұялы телефонын, бейнекамерасын алып қашып кеткен. Зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізілген. Оның жағдайы туралы нақты мәліметтер жоқ.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.