Соңғы жылдары ауылдан түлеп ұшқан азаматтардың туған жерге деген махаббатынан өзіндік «қолтаңбалар» қалдыру үрдіске айналды. Әрине мұндай бастамаға ел-жұрт қуанады. Ақкөл ауылы тоғыз жолдың түйіскен жеріне орналасқан. Бұдан төрт-бес жыл бұрын сол ауыл орталығының айналма жолына мектеп бітіріп кеткен түлектер еңселі етіп «Бәйтерек» тұрғызды. Ауыл азаматтары қатысуымен лентасы қиылып, салтанатты жағдайда ашылуы өтті. Ауыл ағайындары арасында бастамашыл жастарға жүрекжарды жақсы тілектер айтылып жатты.
Азаматтардың маңдай терімен тапқан ақшаларына келісті етіп жасатқан «Бәйтерек» ауылға сән беріп тұратын. Қазақ елінің символына айналған бұл «Бәйтерек» маңайынан өткендер оған сүйіспеншілікпен қызыға қарайтын.
Былтыр осы «Бәйтерек» орнынан алынып тасталды. Сол орынға тағы да ауылдан шыққан кәсіпкерлер өз қаражатымен «Бақ құсы» монументін орнатты. Аудан әкімі Досмаханбет Әлиевтің өзі қатысып, сөз сөйлеп, лентасын қиды. Жаңашылдыққа құмар халықпыз ғой. Бұған да көзіміз үйренді.
Ал бұрынғы «Бәйтерек» ауылдық мәдениет үйінің алдына тұрғызылатынын естіген жұрт қатты қуанды. Көпшілік жиі келетін орынға қойылатын болған соң ауыл азаматтары да разы болып едік. Алайда, орнынан алынған «Бәйтеректі» керексіз дүниедей көлікке артып, көзден тасалау жерге аудара салған. Темірлерінің біраз жерлері майысқан. Аздап жөндеуден өткізсе бұрынғы қалпына келтіруге болады.
Еліміздің символына айналған «Бәйтеректі» қалпына келтіріп, тұрғызу жөнінде ауыл округінің әкімі Асқар Қуанышқа айтылғанымен, ол бұл шаруаны қолға алмады. Міне, осылайша тасада қалған «Бәйтерек» қашанға дейін жатары белгісіз.
Кезінде мектеп бітіріп кеткен түлектердің ауызбіршілігімен, маңдай терімен тапқан адал ақшаларына тұрғызған, ауылға сән берген, елдің мақтанышына айналған «Бәйтеректің» құлағаны көпшіліктің көңіліне қаяу түсіргені жасырын емес. Сол іске атсалысқан азаматтардың арасында бүгінде Алланың жазуымен о дүниелік болғандар да бар. Артында қалған ата-анасы, бауырлары сол балаларының қолынан шыққан «бәйтерегін» іздеуде. Осы мәселеге келгенде әкімшіліктің көз жұма қарауы көңілге қаяу түсіреді. Бүгінде ел арасында «Мұны соққандардың өздері бұзып әкеткелі жатыр. Қайтсін? Темірін сатып, бақилық болғандарға Құран бағыштатудан басқа амалдары қалмапты» деген сөз желдей есуде.
Осылайша қолда бардың қадіріне жете алмай отырған жайымыз бар.
Сәбен ҚОЙШЫБАЙ
Жамбыл облысы
Талас ауданы,
Ақкөл ауылы