• RUB:
    4.82
  • USD:
    439.43
  • EUR:
    473.31
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Наурыз, 2019

Киіз үй жасап, ши тоқиды

1322 рет
көрсетілді

Қызылжар ауылының мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аманжол Әсенқызының ұйымдастыруымен «Шаңырақ» музейі ашылды. 

Музейдегі «Әже үлгісі» үйірмесі­нің оқушыларға үйретері де аз емес. Мұн­да оқушы қыздар шай құю, дас­тарқан жаю, жүн түту, жүн иіру, то­қы­­­­ма тоқу, ши тоқу, киіз үй жабынды­ла­рын тігу, ою ойып, жастық, құрақ көр­­­пе тігуді үйренуде. 

Бұрышта ораулы ақ ши тұр. Тоқыл­ған ши тіпті әдемі көрінеді екен. Бұл үйірме мүшелері тоқып шыққан ши шыпта.

– Мен де кішкентай күнімнен осы­ның барлығын анамнан үйрендім. Ата-бабадан қалған ұлттық құндылық­тарды оқушыларыма да үйреткім кел­ді. Өзіме бір парыз санадым, – дейді Аман­жол Әсенқызы. 

– Ши қыста жылу сақтайды, суық жел­ден, шаң-тозаңнан қорғайды. Киіз үйге пайдаланылатыны сондықтан. Жи­­­налған шиді күнге кептіреміз. Кеп­­кен соң қабығын аршып алып тас­тағанда тоқуға да, өрнек салуға да оңай, – дейді үйірме жетекшісі. 

Иә, осындай тұрмыстық қажетті­лігіне мән бермейтініміз болмаса, әр ауыл маңында ши дегеніңіз қаулап өсе­ді. 

Оқушыларға ши тоқу тәсілін, ши орауды олардың сабақтан бос уа­қыт­тарында үйретеді. Үйірмеге қы­зы­ғу­шылық білдірген кез келген оқу­шы­ келеді. 

Аманжол Әсенқызы – 1992 жы­лы­ Баян-Өлгей аймағынан алғаш­­қы лекпен атамекенге оралған қандастары­мыздың бірі. Өмірінің 35 жылын ұс­таз­дыққа арнаған екен. Ол өзінің Ілия Серікқызы, Махаббат Жапыр, Дина Уа­лиханова, Інжумаржан Жомарт­қызы, Әлия Бердімұрат, Бүл­дір­ген Дайындық, Нұрсәуле Әсет, Аяу­лым Қабышева, Нұргүл Тілейлер сияқты көне ұлттық өнердің қыр-сырына үңілген шәкірттерін мақтан етеді. 

Мектептегі оқу-білім, тәрбие бағ­дар­­­ламасын жүзеге асыруға «Шаңы­рақ» этнографиялық және тарихи, өлке­тану музейі өзіндік үлес қосып келеді. Музейде 3 мыңдай жәді­гер сақтаулы. 

– Бұл экспонаттарды ауыл тұрғын­дары, мектеп оқушылары, ұстаздар «Музейге менің үлесім», «Ата-әжем­нің мұрасы», «Көне жәдігер» шараларын өткізу барысында жинастырдық. Әлі де жалғасуда, – дейді үйірме же­тек­шісі. 

Ал «Ұлттық қазына» бөлімінде киіз үйдің уық, кереге, шаңырақ, туыр­лық, үзік, түңлік, тұскиіз, басқұр, алаша, уық бау, таңғыш бау, ағаш төсек, көрпе, жастық, абдыра, бесік, бала тө­сегі, аша бақан, домбыра, жозы (үстел), сырмақ, кілемше, төсеніш сияқ­­­ты жабдықтары орын алған. 

Жуырда үйірмеге қатысушы оқу­шылар Аманжол апайлары­ және еңбек пәнінің мұғалімі Асқар Ақа­нов­пен бірлесіп киіз үй жасап шық­ты. Киіз үйлері, шиден тоқы­ған бұ­йымдары мен заттары да Нау­рыз ме­ре­кесінде еліміз бойынша өте­тін «Шаңырақ» ғылыми жобалар бай­қауына қатысады. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

 Павлодар облысы, 

 Қызылжар ауылы