• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2010

ТҰРҒЫН ҮЙ ЖИНАҚ ЖҮЙЕСІ ЖАҢА ЖАҒДАЙДА ДАМЫТЫЛМАҚ

719 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздің тұрғын үй құрылысы саласын дамытуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Соның бірі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін дамытуға арналды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған еліміздің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық істері жөніндегі агент­ті­гінің төрағасы Серік Нокин Ел­ба­сы Жолдауында берілген тап­сыр­маларға сәйкес аталған агенттіктің “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-пен бірлесіп тұрғын үйлерді салу мен сату жөнінде арнайы кесте әзірлегендігін айтты. Осы кесте бойынша “Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі” АҚ белгіленген баға мен жайлылық ахуалы бой­ын­ша тұрғын үй сатып алғысы келген салымшылардан пул қалыптас­ты­ра­тын болады. Ал жергілікті ат­қа­ру­шы орган республикалық бюд­жет­тен бөлінетін несие есебінен алдын ала бөлініп қажетті инфра­құ­ры­лымдар жүргізілген жер телім­де­ріне тұрғын үй салуды ұйымдас­тырады. Тұрғын үй пайдалануға бе­рілген соң жергілікті атқару органы банктің салымшыларымен тұрғын үйді немесе пәтерді сату және сатып алу жөнінде келісім-шарт жасайды. Банк жергілікті атқару органына салымшылардың қаржысын аудара­ды. Жергілікті атқару органы осы қар­жыны пайдаланып республика­лық бюджеттен алынған несиені өтейді. Осы мәселе бойынша өңір­лер­мен жүргізілген алдын-ала талқы­лаулардың барысында әкімдіктердің барлығы бұл жүйені қолдаған. Сон­дықтан агенттік биылғы жылдың 2 наурызынан бастап осы жүйені Астана, Алматы қалалары мен Ақ­тө­бе облысында қанатқақты негізде қалыптастыру ісіне кірісті. Осы қалалар мен облыс әкімдіктерінің деректері бойынша бір шаршы метр­дің бағасы орта есеппен алған­да Алматы қаласында 142,5 мың тең­гені (950 доллар), Астана қала­сында 121 мың теңгені (807 дол­лар), Ақтөбе облысында 90 мың тең­гені (600 доллар) құрайтын бо­лады. Нақты баға жобалық-смет­а­лық құжаттар әзірленіп, оған мем­лекеттік сараптама жүргізілгеннен кейін барып шығарылады. Осы қанатқақты жоба бойынша барлығы 745 пәтер 2011 жылы пай­да­лануға берілуге тиіс. Осы үшін республикалық бюджеттен құры­лыс­ты жүргізуге несие есебінде 7,7 млрд. теңге бөлінуі керек. Бұл жолғы Үкімет отырысы облыс әкімдерінің қатысуымен се­лекторлық кеңес түрінде өткізілген болатын. Аталған жобаға әкім­дер­дің барлығы ықылас танытты. Оны еліміздің барлық өңірлері бойынша жүргізуді өтінді. Осыған орай “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ басшысы Нұрбибі Наурызбаева Үкімет отырысында сөз алып, жо­баны бүкіл ел бойынша өрістетуге аталған банктің мүмкіндіктері бар екендігін айтты. Сөйтіп, бұл жоба енді неғұрлым кең ауқымда тағы пысықталатын болды. Үкімет отырысында үлестік құрылыстың қазіргі жағдайы туралы да мәселе қаралды. Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған Серік Нокиннің айтуынша, елімізде 2007 жылдың соңғы кезеңінен бері 41 мың үлескердің мәселесі шешілген. Енді биылғы жылы 21 мың, ал келесі жылы 5 мың үлескердің проблемасы шешімін таппақ. Отырыста қаралған үшінші мә­селе құрылыс саласын техникалық тұрғыдан реттеу мәселесіне ар­нал­ды. Үкіметтің тапсырмасы бой­ын­ша Құрылыс және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық істері жө­ніндегі агенттік өткен жылдың со­ңынан бастап осы мәселені рет­теу­ге қатысты реформалық шаралар­ды жүзеге асыра бастады. Бұл рет­те Австралия, Ұлыбритания, Еу­ро­па Одағы, Канада, Жаңа Зеландия, АҚШ, Жапония секілді елдердің тәжірибелеріне зерттеулер жаса­лын­ды. Осыларға сүйене отырып құрылыс саласын техникалық рет­теудің қазақстандық жобасы әзір­ленді. Аталған мәселе жөнінде баян­дама жасаған агенттік басшы­сы Серік Нокин осы жобаның ерекшеліктерін айтып берді. Мұнан кейін Үкімет отырысы еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарлама­сын жүзеге асыру үшін құрылған республикалық басқарушы орта­лық­тың отырысына ұласты. Онда еліміз бойынша жүзеге асырылу үстіндегі әрбір индустриялық жо­баның орындалу барысы сарапқа салынды. Осы мәселе бойынша әрбір жоба үшін жауап беретін мем­лекеттік органның басшы­лары­ның және облыс әкімдерінің есебі тыңдалды. Олардың сөзіне қарап аталған жобалардың тыңғы­лық­ты түрде жүзеге асырылу үс­тінде екендігін байқадық. Өйткені, проблемалардың көпшілігі іс ба­рысында өз шешімін таба бастаған. Осы жолда қандай проблема­лар­дың барлығы тағы бір анықталды. Әрбір проблемаға сәйкес жеке тапсырмалар берілді. Мәселені қорытындылаған Үкі­мет басшысы Кәрім Мәсімов үш мәселені ерекше атап көрсетті. Со­ның біріншісі — үдемелі индус­трия­лық-инновациялық бағдар­ла­ма­ны жүзеге асыру үшін ірі жо­ба­лардың дер кезінде орындалуына қол жет­кізу. Осы үшін әр жоба бойынша жауапты тұлға белгіленіп отыр. Олар өздеріне жүктелген міндетке барынша сергек қарауы керек. Екінші — “Бизнестің жол кар­тасы-2020” жобасын жүзеге асыру. Бұл жоба неғұрлым күрделі болып та­­бы­лады. Өйткені, бұл іс кәсіп­кер­лердің ынтасын оятуды қажет етеді. Сондықтан бұл мәселені Пре­мьер-Министр облыс әкім­деріне барынша тиянақтап тапсыр­ды. Жо­баны жүзеге асыру үшін банктермен жұмыстар жүргізілуі қажет. Банктер өз ставка­ларын 12 пайызға дейін тө­мен­детпек. Осы пайыздық ставканың біраз бөлігін мемлекет өз мойнына алып отыр­ған­дықтан, кәсіпкерлер іске ын­та­лы болуы тиіс. Ол үшін өңір­лерде қажетті жұмыстар жүргізілуі керек. Үкімет басшысы, сонымен қатар, Әділет министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, бала асырап алу туралы заңнама­лар­ды қайта бір қарастыру жөнінде тапсырма берді. Бұл мәселе әйел­дер мерекесінің қарсаңында Елба­сының қабылдауында көтерілген болатын. Осы кездесуде бала асы­рап алуға ынта танытып отырған қазақстандықтардың көп екендігі байқалды. Ендеше, заңнамада осы іске қолайлы жағдай туғызудың жолдары қарастырылуы қажет. Үкімет басшысы, міне, осын­дай тапсырмалар берді. Дерек көзі: Сұңғат ӘЛІПБАЙ.