• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2019

Көрегенділік танытты

1812 рет
көрсетілді

Мен, репрессияға ұшыраған «халық жауы» балаларының, келіндерінің соңғы ұрпақтарының бірімін. Туып-өскен жерім – Қызылорда облысының Арал ауданы. Жасым 82-ден асты. Теле­­дидар алдында отырып Елба­сы­н­ың мәлімдемесін, оның сабыры мен түр-тұлғасын зерделеп отырдым. 

Өкі­лет­тілікті өз еркіңмен тоқ­тату оңай шешім емес. Ол парасат биіктігінің, ерік-жігері мықты­лығының, халықтың қам­қор­шысы екенінің айғағы. Ой-санам артта қал­ған жылдардың соқпақ­тарын ара­лап кеткенде көшіп-қонған елдей болдым. Егемен­дік­тің алғашқы жыл­дарын­дағы «Жап­пай саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын ақтау туралы» заң қабыл­дағанда да алғыс білдіргенмін. 

Менің әкем – Лекеров Көбеген Арал ауда­нында колхоз төрағасы болып қыз­мет атқарып тұрған 1937 жылдың қара­ша айында Мұса Дайрабаевпен бірге Ақтөбе облыстық НКВД үштігі­нің қаулысымен біреуі 10 жылға бас бостандығынан айырылса, екіншісі ату жазасына кесілген болатын. Ал атам (жұбайымның әкесі) Балапан Ақжанов 67 жыл ғұмырының 22 жылын Ресей Сібіріндегі «халық жаулары­на» арналған лагерьлерде өткізген.1959 жылы Тайга колониясынан елге келіп, 10 жыл Мемлекеттік қауіпсіздік коми­тетінің көз қырында бо­лып өмірден озды. Ол кісінің за­йы­бы – Зейфун ханым (енем) «ха­лық жауының» әйелі болғаны үшін қуғын-сүргін зардабынан 28 жа­сын­да өмірден өткен. Жұбайым – Нәби Бала­панов (1928 ж.) балалық ша­ғын «НКВД балалары» таңбасы таң­ыл­ған, халқы үшін құрбан болған «халық жау­лары» балаларымен бірге балалар үйінде өткізген. Ресейдің Пермь қаласы­нан 1952 жылы елге оралған. Олар бұл күнге жетпегенімен елінің болашағына сенді. Бүгінгі таңда ақталған, «сая­­си қуғын-сүргін құрбан­дары» деген мәртебе беріл­ген ХХІ ға­сыр­дың рухы биік азаматтары. 

Олар елді басқарып, халқына қыз­мет ете­­тін ұрпақты армандады. Ол бақыт біз­­ге бұйырды. Нұрсұл­тан Әбіш­ұлының: «елім­ді тәуел­сіз етем, бо­­ла­­шақ ұрпақ­тың бақы­ты­­на жол салам», – д­еген Алаш азамат­тары­ның ар­­ман­­­дарын орындағаны үшін ризамын.

«Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағ­дар­­­лама­ларын жариялап, іске қосып, қыс­­қаша айтқанда «қазақ халқы­ның өш­ке­­нін жан­дырып, кеткенін келтіргені үшін», ата-бабалар аруағы риза болар.

Елбасының тәжірибесі мен сіңір­ген еңбек­тері арқылы мем­лекетті биік мақ­сат­тарға бастады. Осы сәтте Елбасы­ның қыз­меттен кетуі­нің өзі ісін жал­ғас­т­ырар аза­мат­тардың бар екендігіне сенген­д­ігінен болар деп ойлаймын.

«Өздеріңізбен бірге боламын. Елі­міздің, халқымыздың қамы – ме­нің мүддем болып қала береді», – деген жан толқытып, жүрек тербеген сөзі­н қимастықпен қайталай отырып, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру үшін жасаған еңбегі жемісін бергей деп тілеймін. 

Кулпаршын БАЛАПАН,

Атырау