Коньки спортынан алдағы маусымда өтетін әлем кубогының кезеңдік жарыстарын қай қалалардың қабылдайтыны белгілі болды. Сол бәсекелердің бірі, яғни үшінші кезеңі үстіміздегі жылдың 6-8 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтанда өтеді.
Былтырғы маусымдағы әлем кубогының кезеңдік сайыстары Жапонияның Обихиро (16-18 қараша) мен Томакомай (23-25 қараша), Польшаның Томашув-Мазовецки (7-9 желтоқсан), Голандияның Херенвен (14-16 желтоқсан), Норвегияның Хамар (1-3 ақпан) және АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити (9-10 наурыз) қалаларында ұйымдастырылған еді. Өкінішке қарай, осы жарыстардың бірде-біреуінде Қазақстанның спортшылары жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың желтоқсан айында әлем кубогының кезеңдік сайысы Астанада өткен болатын. Сол кезде коньки спортының шоқ жұлдыздары біздің елге келіп, айшықты өнерлерімен жергілікті жанкүйерлерді қуантқан еді.