Форумға партияның 200-ден астам белсенділері қатысты, олардың арасында бастауыш партия ұйымдарының өкілдері, партия ардагерлері бар. Форумды Облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Есжанов жүргізіп отырлы. Форумға қатысушылар Тәуелсіз Қазақстан мен оның жас астанасының дамуына Нұрсұлтан Назарбаевтың еткен еңбегін атап айтты. Партия ардагері Михаил Дәуенов елорда көшірілген 21 жыл ішінде астана тұрғындарының саны 300 мыңнан 1 миллионға дейін, экономикалық, ғылыми және мәдени әлеуеті де өлшеусіз өскендігін тілге тиек етті.
«Тәуелсіз жас мемлекеттің астанасын елдің ішкері жағына, орталығына көшіруге Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бастама көтеріп, шешім қабылдаған еді. Уақытысында оған қарсы болғандар да табылды. Бірақ оның бұл шешімінің дұрыстығын уақыт көрсетті. Тұңғыш Президентіміздің елді басқаруда, экономиканы дамытуда, елдің әлеуметтік жақсаруын қамтамасыз етуде, Қазақстанды әлемге танытудағы жасаған барлық жұмыстарының дұрыстығын уақыт өзі дәлелдеді. Сондай тұлғаға өзі өсірген елорданың атын берудің де дұрыстығын болашақ көрсетеді» деді Михаил Жүсіпұлы.
Мұнан кейін сөзді партияның жергілікті жерлерден келген белсенділері мен бастауыш ұйымдар өкілдері алды.
«Ең бастысы, бірлік пен тұрақтылықты сақтауымыз керек. Елбасы көрсеткен бағытпен жүрер болсақ, дамыған 30 елдің қатарына да жетеміз. Талай асуларды аламыз, қиындықтарды еңсереміз, мен соған сенемін. Қазақстан десе Нұрсұлтан, Нұр-Сұлтан десек Қазақстан әуезді естіледі. Яғни, біз елордаға Нұр-Сұлтан атауын беруін өте дұрыс шешім деп білеміз, қолдаймыз!» деді партияның Жангелдин аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Сүндетбаев.
Ел болашағы – жастардың қолында. Елбасы өзінің былтырғы Жолдауында жас ұрпақтың Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап қалудағы аса маңызды ролі туралы атап өткен еді. «Жас ұрпақтар келеді... Олар да елімізді одан әрі гүлдендіру жолында бар күшін салады» деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев. «Жас Отан» елорданың жаңа атауына қолдау танытты.
« Астана атауының Нұр-Сұлтанға ауысуы, бірінші кезекте елдің Тұңғыш Президентке деген алғысы, екіншіден бұл үрдіс арқылы Елбасы салған сара жолдың әрі қарай да жалғасын табатыны деп білуіміз керек. Қажырлы қайраткер ретінде мемлекетімізде тұтас татулық пен келелі келісім орнатты. Қандай құрметке болсын лайықты тұлға. Біз шешімді бірауыздан қолдаймыз!» деді Әулиекөл аудандық «Жас Отан» ЖҚ төрайымы Назым Серікова.
Форум барысында бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері, белді кәсіпкерлер, өңірлік Саяси кеңес мүшелері сөз алды. Олар партия Төрағасы алға қойған тапсырмаларды орындау үшін күш-жігерін бағыттауға дайын екендіктерін білдірді және елорда атының Нұр-сұлтан болып өзгеруі өте дұрыс шешім екенін айтты және онымен қазақстандықтарды құттықтайтындықтарын білдірді.
Қостанай