Бүгінде «Халыққа көмек» жобасы аясында Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесі бойынша қызмет көрсетуде. Соған сәйкес қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді жедел әрі тиімді шешу үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге жарияланған ақпараттарға талдау жасалып, алдын алу мониторингі жүргізіледі. Осылайша қабылдау бөлмелері «жедел әрі бір жерде» қағидасы бойынша жұмыс істеп, өзекті мәселелердің оң шешілуіне ықпал етпек.
Мәулен Әшімбаев партияның Ақтөбе облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне арнайы ат басын бұрып, жаңа бастаманың маңызына тоқталды. Өз сөзінде ол қазіргі таңда партия халық пен билікті байланыстырушы алтын көпір ретінде қалыптасқанын айтып, Nur Otan-ның басты міндеті халықтың мәселесін тиімді шешуге ықпал ету екенін жеткізді.
Жаңа бастама қолға алынғалы бері азаматтар өз өтініштерін жеке қабылдау, сайт, электронды пошта, Call-center сияқты дәстүрлі жолдардан бөлек, әлеуметтік желілердегі парақшалар, WhatsApp мессенджері, әкімдіктердің цифрлы қызметі және электронды Үкімет порталы арқылы да жолдауға мүмкіндік алды. Бұл іске қоғамдық қабылдау бөлмелерінің қызметкерлерімен бірге мемлекеттік орган өкілдері, қажет жағдайда салалық мамандар да жұмылдырылады.
Бірыңғай әлеуметтік терезе жүйесінің жұмысы таяуда ғана басталғанына қарамастан, қазірдің өзінде өз жемісін бере бастады. Мәселен, Ақтөбе облысы бойынша бүгінге дейін 80-нен астам көп балалы отбасының өкілдері аталған әлеуметтік терезе арқылы өтініш білдірген. Соның 30 пайыздан астамы жедел шешімін тапса, қалған өтініштер бойынша тиісті жұмыстар қолға алынды. Бұл ретте өтініштердің негізгі бөлігі баспанамен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту және материалдық қолдау көрсету мәселелеріне қатысты екенін атап өткен жөн.
Сонымен қатар сапар барысында Мәулен Әшімбаев облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен бірге аз қамтылған отбасыларға пәтер кілтін тапсыру рәсіміне қатысты. Мұндай көңіл жадыратар игі іс «Бақытты отбасы» жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жаңа үйлер облыс орталығының «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында орналасқан. Бұл күні қоныс тойын тойлағандар қатарында көп балалы отбасы, жас отбасы, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар және мүмкіндігі шектеулі жандар болды.
Оларды қуанышты сәтпен құттықтаған партия Төрағасының Бірінші орынбасары бұл Елбасы саясатының нәтижесі екеніне назар аударды.
– Халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру – Елбасы саясатының негізгі басымдығы. Соның ішінде баспанамен қамтудың маңызы зор. Осы тұрғыдан келгенде, Елбасының тікелей тапсырмасымен айтарлықтай жұмыстар атқарылып, үлкен нәтижелерге қол жеткізіп жатырмыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Өңірге сапары кезінде Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Ақтөбе қаласындағы ерекше талаптарды қажет ететін жандарға арналған «Coworking space» орталығына да барды. «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында еліміз бойынша алғаш рет ашылған бұл орталық мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетуге бағытталған.
Мұндай орталықтардың кез келген қоғам үшін маңызы зор екенін айтқан партия Төрағасының Бірінші орынбасары елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «кедергісіз орта» қалыптастыру Елбасының тікелей тапсырмасы екенін жеткізді.
Әрі қарай Nur Otan партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының сапары Қобда ауданында жалғасты. Атап айтқанда, Мәулен Әшімбаев Қобда ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде болды. Заман талаптарына сай салынған бұл спорт нысанында бассейн, фитнес және жаттығу залы, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар.
Сонымен бірге Мәулен Әшімбаев Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалының конференциясына қатысты. Жиынның күн тәртібінде қаралған мәселелердің бірі партия облыстық филиалының төрағасын сайлау болды. Бұған дейін бұл қызметті атқарып келген Бердібек Сапарбаевтың таяуда басқа қызметке ауысқаны белгілі. Осыған орай Мәулен Әшімбаев Елбасы – партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағалығына өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің кандидатурасын ұсынды. Оны конференцияға қатысушылар бірауыздан қолдап, облыс әкімі партия аймақтық филиалының төрағасы болып сайланды.
Одан бөлек, жиында партияның кезекті XVIII съезінде Елбасы айқындап берген жаңа міндеттерді орындаудың тиімді тетіктері талқыланып, жоғарыда аталған төрт әлеуметтік жобаны Ақтөбе облысында жемісті жүзеге асыру барысы пысықталды. Осы бағытта өңірдің алдында тұрған басымдықтарға назар аударған Мәулен Әшімбаев аталған жұмыстардың ұтымды тұстарына тоқталып өтті.
Сондай-ақ ол Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың президенттік өкілеттігін өз еркімен тоқтату туралы шешіміне назар аударып, Тұңғыш Президентіміздің қашанда ел мен халықтың мүддесін бірінші кезекке қойып, әрдайым дұрыс шешімдер қабылдайтынын айтты.
– Қазақстан халқы үшін Елбасының есімі қашанда мемлекеттілік, егемендік және Тәуелсіздік сияқты аса маңызды құндылықтармен бір қатарда тұрады. Еліміздің барлық жеңістері мен жетістіктері Тұңғыш Президентіміздің есімімен тығыз байланысты. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Елбасы Қазақстан тарихында тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаған, қазақтың мемлекеттілігін қайта жандандырған ұлы тұлға, барлық реформалардың авторы, әлемдік деңгейдегі ірі саясаткер ретінде мәңгі қалады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Бұдан басқа ол Елбасының Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Nur Otan партиясының Төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы және Конституциялық Кеңестің мүшесі ретінде ел дамуына одан әрі ықпал ете беретініне назар аударып, соған байланысты алдағы уақытта бұрынғыдан да белсенді жұмыс істеу керектігін тілге тиек етті.
Сонымен бірге Мәулен Әшімбаев Ақтөбе маңындағы Қарғалы елді мекенінде орналасқан «Энергия тиімділігі орталығында» болып, цифрландыру бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ облыс орталығындағы автоклавты газбетон блоктарын дайындайтын «ТД Фотон» зауытына арнайы барып, кәсіпорында жүргізіліп жатқан жөндеу және жаңғырту жұмыстарының жай-күйіне назар аударды.
АҚТӨБЕ