• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Сәуір, 2019

RoboLand – арманшылдар алаңқайы

567 рет
көрсетілді

Қарағанды қаласында дәс­түр­­лі RoboLand-2019 халық­аралық фестивалі табыс­ты өтті. Осымен бесінші рет жалау көтерген жарысқа Ита­лия, Ресей, Өзбекстан және Қазақ­станнан 300 команда қатысып, олар 14 санат бо­йынша сынға түсті.
Аталған шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов құт­тық­тау сөз сөйлеп, RoboLand фести­валінің жаңа технологиялармен айналысатын арманшыл балалар мен жасөспірімдерге арналған Қа­зақ­стандағы ең ірі алаңқай екенін атап өтті. 

– Біз жыл сайын аталымдар­ са­нын көбейтуге тырысамыз. Биыл­ғы жылы аквапоника, жасан­ды ой-өріс, интернет заттары секілді күрделі санаттарды енгіз­дік. Бұл фестиваль сондай-ақ халықаралық қатынастардың дамуына ықпал етеді, себебі біз жыл сайын қаты­сушылардың географиясын кеңей­туге тырысамыз. Менің ойымша,­ бұл алаңқай соны тәжірибе жи­нақ­тап және білімді ұштауға мол мүмкіндік береді, – деді А.Аймағамбетов.

Биылғы фестивальда алғаш рет­ VEX роботтары санаты ұсы­ныл­­ды. Мұндай роботтарды жа­сауға арналған жинақтар перфо­ра­цияланған металл бөлшектерден, яғни профильдер мен пластина­лардан, пластикалық беріліс эле­менттерінен тұрады.

– VEX – АҚШ пен Қытайда қол­данылатын роботтардың өте танымал түрі. Танымалдық жағы­нан ол Lego-дан да асып түседі. Қазір­гі таңда Қазақстанда VEX-пен жұмыс істеу енді ғана қолға алына бастады. Қазақстанда биыл­ға дейін осындай роботтармен жұмыс істеген жалғыз мен ғана бол­дым. Қазір көптеген адамдар мұ­ның өте жақсы білім беру роботтехникалық алаңқайы екенін түсіне бастады. Менің ойымша, көптеген мектептер алдағы бір-екі жылда осыған көшеді. Бұл роботтар көп­теген нәрселерді жасай алады. Мысалы, биыл олар белгіленген жалаушаларға шарларды тастап, платформаларға кіріп, берілген алаң шегінде қозғалуы тиіс, – дейді Ал­матыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің роботтехниканың оқы­тушысы Том Ноа.

Сонымен қатар фестивальда RoboLand friendship санаты да ал­­ғаш рет ұсынылды. Бұл сын­да бірнеше командаларды бірік­тір­ген топтар жұмыс істейді. Ро­бот­тар да­ бірлескен жұ­мысқа бағдар­лама­ла­нуы тиіс болды.

– Бұл – көп деңгейлі санат. Жұ­мыс мынадай ретпен жүзеге асы­­рылады: бір робот жүкті «қой­ма­ға» та­сымалдайды, екіншісі оны «қойма» ішінде тасымалдайды, үшін­ші робот оны алып, «өндіріске» алып барады. Роботтар бір коман­да ретінде жұмыс істеу үшін қа­ты­сушылар ко­­­мандада жұмыс істей білуі тиіс, – деп түсіндірді фес­ти­валь­дың бас тө­­решісі Максим Ва­сильев. 

Айта кететін бір жайт, фестивальда жылдан-жылға ұсынатын санаттардағы тапсырмалар да күр­­­деленіп келеді. Мұндай қадам жа­рысқа осымен бірнеше рет келіп отыр­ған қатысушылардың жаңа тех­нологияларды дамытып, игеруі үшін жасалып отыр. 

Мысалы, Қостанайдың 8-сынып оқушылары Диана Мельникова мен Камилла Өтегенова аэрогидропоника бойынша жобаны ұсынды. Олар шаммен, жылытқышпен және пульверизатормен жабдықталған арнайы қорапта құлпынай өсіреді. Оның тамыр бөлігі суда, басқа бөлігі ауа­да орналасқан. Мұндай әдіс үшін топырақ қажет емес.

Бастауыш сынып оқушылары үшін ұйымдастырушылар шығар­ма­шылық тапсырмалар дайын­дады. Мысалы, Қарағанды қаласы­ның №101 мектебінің 3-сынып оқу­шы­лары олимпия ойындарына қа­тысушыларды бейнелейтін үш роботты дайындады. Көкшетау қала­сының «Легион» командасының оқу­­шылары мекси­калық ұлттық қал­пақ­тар киген алты роботты дайындады. 

Ал Италиядан келген жоғары сынып оқушыларының командасы фестивальда анағұрлым күрделірек робот-досты таныстырды. Ол мүм­кін­дігі шектеулі адамдарға көңіл-күй­­ді тануға, диалогты қолдауға және қажетті заттарды әкелуге кө­мек­­тесе алады. 

Фестивальда сонымен бірге отан­­дық роботтехниканың соңғы жетістіктерінің көрмесі жұмыс іс­те­ді. Мұнда көмекші-роботтар, 3D-­принтерлер және тағы басқалар ұсы­­нылды.

Сондай-ақ шара аясында STEM-білім беруді енгізу және бала­бақ­шаларда, мектептер мен жоғары оқу орындарында роботтехниканы пайдалану тақырыбында дөң­гелек үстел өтті. Оның жұмы­­сына Екатеринбург қаласының ақ­парат пәнінің оқытушысы, «Ре­сейдің жыл мұғалімі-2018» бай­­­­қауының лауреаты Максим Но­виков және Сицилияның Пакино қа­ла­сындағы физика-математика техникалық лицейінің профессоры Сальваторе Кавалло қа­тысты. Ресей Федерациясындағы Том­ қаласынан келген RoboCupJunior өкі­лі Евгений Шандаров, Сүлейман Демирел университетінің ректоры Қанат Қожахмет, Қазақстан Авто­маттандыру және роботтехника­ қа­уымдастығының президенті Вла­димир Төреханов және өнертап­қыш Сан­жар Мырзағалым сөз сөйледі. Алматыдан келген қо­­­­нақ Тамара Стрельникова есту қа­білеті бұзыл­ған балаларды оңалтуда роботтехни­ка­сын пайдалану тәжі­рибесімен бөлісті.

RoboLand фестиваліне осымен екінші рет бас төреші болған халықаралық білім беру роботтех­ни­касы қауымдастығының прези­денті Максим Васильев ұсынылған жұмыстардың балалардың өз қолы­мен жасалуына мән берілетінін атап өтті.

– Әлбетте, балаларға ұстаздары бағыт-бағдар беріп отырады, – деді мәскеулік мәртебелі мейман. – Дегенмен, роботтехникасы білім беру үдерісіне жатады, ал RoboLand болса нәтиже көрсететін шешуші сын. Мұндайда басқалардың бұл іске деген қызығушылығын арттырып және коммерциялық мақсатта пайдалану үшін ол жайында ег­жей-тегжейлі және тиімді түрде түсіндірудің маңызы зор. 

RoboLand-2019 фестивалінің электронды әдіс бойынша шығарыл­ған қорытындысын облыстық білім беру басқармасының youtube-арна­сынан онлайн-көрсетілім арқылы танысуға болады.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Egemen Qazaqstan»

ҚАРАҒАНДЫ