– Біз жыл сайын аталымдар санын көбейтуге тырысамыз. Биылғы жылы аквапоника, жасанды ой-өріс, интернет заттары секілді күрделі санаттарды енгіздік. Бұл фестиваль сондай-ақ халықаралық қатынастардың дамуына ықпал етеді, себебі біз жыл сайын қатысушылардың географиясын кеңейтуге тырысамыз. Менің ойымша, бұл алаңқай соны тәжірибе жинақтап және білімді ұштауға мол мүмкіндік береді, – деді А.Аймағамбетов.
Биылғы фестивальда алғаш рет VEX роботтары санаты ұсынылды. Мұндай роботтарды жасауға арналған жинақтар перфорацияланған металл бөлшектерден, яғни профильдер мен пластиналардан, пластикалық беріліс элементтерінен тұрады.
– VEX – АҚШ пен Қытайда қолданылатын роботтардың өте танымал түрі. Танымалдық жағынан ол Lego-дан да асып түседі. Қазіргі таңда Қазақстанда VEX-пен жұмыс істеу енді ғана қолға алына бастады. Қазақстанда биылға дейін осындай роботтармен жұмыс істеген жалғыз мен ғана болдым. Қазір көптеген адамдар мұның өте жақсы білім беру роботтехникалық алаңқайы екенін түсіне бастады. Менің ойымша, көптеген мектептер алдағы бір-екі жылда осыған көшеді. Бұл роботтар көптеген нәрселерді жасай алады. Мысалы, биыл олар белгіленген жалаушаларға шарларды тастап, платформаларға кіріп, берілген алаң шегінде қозғалуы тиіс, – дейді Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің роботтехниканың оқытушысы Том Ноа.
Сонымен қатар фестивальда RoboLand friendship санаты да алғаш рет ұсынылды. Бұл сында бірнеше командаларды біріктірген топтар жұмыс істейді. Роботтар да бірлескен жұмысқа бағдарламалануы тиіс болды.
– Бұл – көп деңгейлі санат. Жұмыс мынадай ретпен жүзеге асырылады: бір робот жүкті «қоймаға» тасымалдайды, екіншісі оны «қойма» ішінде тасымалдайды, үшінші робот оны алып, «өндіріске» алып барады. Роботтар бір команда ретінде жұмыс істеу үшін қатысушылар командада жұмыс істей білуі тиіс, – деп түсіндірді фестивальдың бас төрешісі Максим Васильев.
Айта кететін бір жайт, фестивальда жылдан-жылға ұсынатын санаттардағы тапсырмалар да күрделеніп келеді. Мұндай қадам жарысқа осымен бірнеше рет келіп отырған қатысушылардың жаңа технологияларды дамытып, игеруі үшін жасалып отыр.
Мысалы, Қостанайдың 8-сынып оқушылары Диана Мельникова мен Камилла Өтегенова аэрогидропоника бойынша жобаны ұсынды. Олар шаммен, жылытқышпен және пульверизатормен жабдықталған арнайы қорапта құлпынай өсіреді. Оның тамыр бөлігі суда, басқа бөлігі ауада орналасқан. Мұндай әдіс үшін топырақ қажет емес.
Бастауыш сынып оқушылары үшін ұйымдастырушылар шығармашылық тапсырмалар дайындады. Мысалы, Қарағанды қаласының №101 мектебінің 3-сынып оқушылары олимпия ойындарына қатысушыларды бейнелейтін үш роботты дайындады. Көкшетау қаласының «Легион» командасының оқушылары мексикалық ұлттық қалпақтар киген алты роботты дайындады.
Ал Италиядан келген жоғары сынып оқушыларының командасы фестивальда анағұрлым күрделірек робот-досты таныстырды. Ол мүмкіндігі шектеулі адамдарға көңіл-күйді тануға, диалогты қолдауға және қажетті заттарды әкелуге көмектесе алады.
Фестивальда сонымен бірге отандық роботтехниканың соңғы жетістіктерінің көрмесі жұмыс істеді. Мұнда көмекші-роботтар, 3D-принтерлер және тағы басқалар ұсынылды.
Сондай-ақ шара аясында STEM-білім беруді енгізу және балабақшаларда, мектептер мен жоғары оқу орындарында роботтехниканы пайдалану тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына Екатеринбург қаласының ақпарат пәнінің оқытушысы, «Ресейдің жыл мұғалімі-2018» байқауының лауреаты Максим Новиков және Сицилияның Пакино қаласындағы физика-математика техникалық лицейінің профессоры Сальваторе Кавалло қатысты. Ресей Федерациясындағы Том қаласынан келген RoboCupJunior өкілі Евгений Шандаров, Сүлейман Демирел университетінің ректоры Қанат Қожахмет, Қазақстан Автоматтандыру және роботтехника қауымдастығының президенті Владимир Төреханов және өнертапқыш Санжар Мырзағалым сөз сөйледі. Алматыдан келген қонақ Тамара Стрельникова есту қабілеті бұзылған балаларды оңалтуда роботтехникасын пайдалану тәжірибесімен бөлісті.
RoboLand фестиваліне осымен екінші рет бас төреші болған халықаралық білім беру роботтехникасы қауымдастығының президенті Максим Васильев ұсынылған жұмыстардың балалардың өз қолымен жасалуына мән берілетінін атап өтті.
– Әлбетте, балаларға ұстаздары бағыт-бағдар беріп отырады, – деді мәскеулік мәртебелі мейман. – Дегенмен, роботтехникасы білім беру үдерісіне жатады, ал RoboLand болса нәтиже көрсететін шешуші сын. Мұндайда басқалардың бұл іске деген қызығушылығын арттырып және коммерциялық мақсатта пайдалану үшін ол жайында егжей-тегжейлі және тиімді түрде түсіндірудің маңызы зор.
RoboLand-2019 фестивалінің электронды әдіс бойынша шығарылған қорытындысын облыстық білім беру басқармасының youtube-арнасынан онлайн-көрсетілім арқылы танысуға болады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ