• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 02 Сәуір, 2019

Қызылшаға қарсы қосымша иммундау басталды

1478 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшиннің қатысуымен қызылшамен сырқаттану бойынша эпидемиологиялық жағдайға арналған брифинг өтті.
Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің деректері бойынша эпидемиологиялық жағдайды ведомство тұрақты бақылауға алған және барлық қажетті шаралар қабылданды.

«2019 жылғы 1 сәуірден бас­тап Қазақстанда халықты қо­сымша иммундау басталды. 9 айға толған балалар, егу мәртебесі белгісіз 30 жасқа дейінгі адамдар, бұрын егілмеген және қызыл­шамен ауырмаған, 5 және одан да көп жыл бұрын инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы бір екпемен егілген адамдар, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакци­нациялауға жататын медицина қызметкерлері вакцинацияланатын болады. Себебі халықтың осы тобында қызылшамен ауыратын науқастармен жиі байланыста болғандықтан жұқтыру қатері жоғары» деді Ж.Бекшин.

Вакцинация үшін қызылшаға, қызамыққа және паротитке (ҚҚП) қарсы аралас вакцина пайдаланылатын болады. Вакцинаны «Серум институт оф Индия» (Үн­діс­­тан) компаниясы өндірген, вак­­­цинаның сапасына ДДСҰ кепілдік беріп отыр. Бұл вакцина әлемнің 70-тен астам елінде, оның ішінде соңғы 10 жыл бойы Қазақстанда да пайдаланылуда. Биылға арнап Бірыңғай дистрибьютор – «СК-Фармация» ЖШС республикалық бюджет қаражаты есебінен 788,4 млн теңге сомаға 651,5 мың дозаны (1 дозаның бағасы шамамен 1209 мың теңгені құрайды) сатып алды.

Бүгінде вакцина елге әкелініп, барлық өңірге таратылды.

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер халық үшін вакцинация тегін жүргізілетінін, екпені алу үшін бекітілген аумақтық ем­ха­наға жүгіну қажеттігін атап айтты.

«Қоғамдық денсаулық сақ­тау комитеті қызылшамен сыр­қаттану бойынша жағдайға күн сайын мониторинг жүргізеді. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қазіргі уақыт аралығында қызылшаның 4670 расталған жағдайы тіркелген, оның ішін­де 14 жасқа дейінгі балалар ара­сында 3350 жағдай (71,2%). Қы­зылшаның тіркелуі рес­пуб­ликаның барлық өңірінде бай­қалады, 5 өңірде – Нұр-Сұл­тан қаласында (ағымдағы жыл­ғы қаңтардан бастап – 1342 жағ­дай), сондай-ақ Алматы, Шым­кент қалаларында, Ақмола және Түркістан облыстарында өсуі байқалады, яғни Алматы қала­сындағы 84 жағдайдан Шымкент қаласындағы 700 жағдайға дейін тіркелген. Бүгінде республика бойынша 74 науқас, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 19 науқас емделуде», – деді Ж.Бекшин.

Ол сондай-ақ қызылшамен сырқаттану көбінесе егілмеген балалардың арасында тіркеліп отырғанын, бұл 60,2%-дан астам адамды (2815) құрайтынын, егу жасына толмаған балалар (1 жасқа толмаған) – 54%, меди­ци­налық себептермен кейінге қал­дырулар (жіті аурулар және созылмалы аурулардың асқынуы, окнологиялық аурулар, орталық жүйке жүйесі ауруларының ауыр үдемелі аурулары) – 32%, вакцинациядан бас тарту – 13,9% (391) себептері бойынша егілме­ген. Инфекцияның таралуына егілмеген адамдардың, оның ішінде 80-жылдардың соңында және 90-жылдардың басында вакцинацияның болмауына байланысты вакцинация алмаған келешек аналардың болуы да ықпал етті. Бүгінде эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 10 мың­нан астам адам егілді.

Еуропа елдерінде қызыл­ша­мен сырқаттануда жағдайдың күрделенуі байқалды жә­не Қазақстанда сырқаттың өсуі көп­теген мемлекеттермен іс­керлік және туристік қатынас­тарға байланысты осы елдерде қызылшаның өршуі салдарынан 2018 жылдың соңынан бастап орын ала бастаған. Қазақ­станда айналымда жүрген қызылшаның вирустарын генотиптеу еуропалыққа ұқсас D8 және В3 штамдарының айналымын көрсетіп отыр. Бұл ретте, В3 генотипінде Dublin генетикалық желілері, сондай-ақ жоғары агрессивтілігімен, патоген­ділігі­мен және жұқпалылығымен сипат­талатын Kabul желілері анықталған.

Қызылша вирусы ауа-тамшы жолымен жеңіл беріледі және өміршең бөлшектері қызылша ауруы­н тасымалдаушы үй-жай­дан шығып кеткеннен кейін екі сағатқа дейін ауада сақталады. Қы­зылша бөртпе пайда болғанға дейін төрт күн бұрын және бөрт­пе пайда болғаннан кейін төрт күнге дейін басқа адамдарға бері­ле алады. Сондықтан ауру жұқтырған адам қызылшаның ешбір белгілерінсіз және өзінің денсаулығы туралы білмей вирус таратуды жалғастырады. Олар адамдармен қарым-қатынаста болып, жұмысқа, мектепке, дүкенге барады, маршруттарда және метрода жүреді. Егілмеген адамдар вирусы бар ауамен тыныс алғаннан кейін 90% жұқтыру ықтималдығына ұшырайды.

«Вирустық инфекциялар бо­йынша, оның ішінде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, жас балалары бар аналарға, сон­дай-ақ әртүрлі себептермен (баласының денсаулығы егу жасына толмаған, вакцинация­дан бас тарту және т.б.) профи­лактикалық егу алмаған бар­лық адамдарға қызылша бойын­ша эпидемиялық жағдай тұрақ­танғанға дейін адамдар көп жиналатын жерлерге (сауда-ойын-сауық орталықтары, кинотеатр­лар, ХҚКО және т.б.) бару­дан бас тартқан жөн» деген ұсынысын білдірді Ж.Бекшин.

Қызылшадан қорғанудың бірден-бір тиімді шарасы – вакцинация. Дене қызуының көтерілуі, катаральдық көріністер (жөтел, мұрынның бітелуі, тамақтың ауыруы) және денеге бөртпенің шығуы сияқты белгілер пайда болған жағдайда уақтылы диаг­ностикалау, емдеу және асқы­нуларға жол бермеу мақсатында дәрігерге жүгіну қажет.

Қазылша медициналық кө­мекке кеш жүгінген және қоса жүретін ауыр аурулар бол­ған жағ­дайда өлімге алып ке­луі мүмкін. Яғни, пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, энце­фалит (ми қабығының қабы­нуы) сияқты қабынулардың асқынуымен қауіпті.

Бұдан басқа, жол жүруді, саяхатқа шығуды жоспарлаған кезде азаматтарға бару жоспарланып отырған елдегі инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдайды білу және қорғаныш шараларын қабылдау, қызылша жағдайы кезінде вакцинация алу ұсынылады.

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»