• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Сәуір, 2019

Жеті қазынамыздың бірі емес пе еді?!

1028 рет
көрсетілді

Ежелден айдын көлге құс салып, ен далада ит жүгіртіп саятшылық құрған халқымыз сол саятшылық пен аңшылықты ақсүйек әрі бекзат өнердің бірі деп тани білді. Қыран құсын тұғырына қондырып, жүйрік тазысын төріне шығарған ата-бабаларымыз солардың қасиетін жете танып, иттің өзін жеті қазынаның бірі деп санады.
Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдар­лама­лық мақаласы жарық көр­гелі хал­қы­мыздың өткеніне, ата салт-дәстүрі мен төл тарихына ой көзі­мен қарап, ұлттық құн­ды­лық­­тары­мызды танып, қалпына кел­тір­у қолға алына бастағаны анық әрі «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында да Елбасы: «Төл тарихын білетін, бағалай­тын және мақтан ететін халық­тың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақ­­тан тұтып, бүгінін нақты баға­лай білу және болашаққа оң көз­қарас таныту – еліміздің табыс­ты болуы­ның кепілі дегеніміз осы», деп өт­кенімізді мақтан тұту арқы­лы бола­шақты бағамдауды табыс­ты болудың кепілі есебінде қарастырады.

Міне, осыған орай ендігі арада біздің түгендейтін, ұлттық құн­­ды­лықтарымыздың бірі ре­тін­де ие болып бағалайтын қазы­на­мыз­дың бірі де бірегейі қазақ­тың төбеті мен тазысы деп санаймыз.

Қазақы төбет пен қазақы жүй­рік тазы құстың қанатын тал­дыр­ған, аттың тұяғын алдырған кең-байтақ сақараны емін-еркін жайлаған ата-бабамыздың малын да, қотанын да күзеткен есті серіктерінің бірі болған еді. Сол қазақы төбет пен тазы­ның керемет қасиеттерін өз көзі­мен көріп, тамсанып, сүйсін­ген ортағасырлық италия­лық жиһан­кез Марко Поло ХІІІ ғасыр­да­ғы көшпенділер туралы жаз­ба­ларында ойға сыймайтын алып денелі, ерекше күшті иттер жайында: «Тайыншадай биік денелі иттер тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыс­тарда тамаша серік», деп жазып кеткен болатын. Зерттеуші мамандар қазақ тазысының шығу кезеңі Мысыр пирамидаларымен сәйкесетіндігін алға тартады. Ал ел аузында бір тазы аштық жылдары бір ауылды асыраған деген де әңгіме бар. 

ҰҒА корреспондент-мүшесі, КСРО Мемлекеттік сыйлығы­ның лауреаты, академик Арка­дий Александрович Слудский 1930-жылдардың соңын ала қазақ даласында шамамен төрт мың­нан астам тазы ит болғанын жазып, қалдырған. Алайда, қазіргі уақытта қазақтың төл иттері – таза қанды төбет пен тазының азайып, бекзат тұқымы азып бара жатқаны алаңдатады. Біздегі төбет пен тазының жанашыр азаматтары Қазақстанның барлық өңіріне арнайы экспедиция шы­ғарып, «осы төбет болар-ау» деген 600-ге жуық итті тексеріп негіздегенде, сол 600 иттің 60-сы ғана таза қанды төбет болып шыққан көрінеді. 

Асыл тұқымды иттердің таза тұқымын сұрыптап, гене­тикалық тұр­ғыдан топтас­тыру­дың ғылы­ми-зерттеу жұмыс­тары да қол­ға алынуы керек болып тұр. Осы арада тағы да айта кете­йік, 1958 жылы академик А.Слуд­ский қырықтан астам тазы­ға зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп, таза қазақы тазының нақ өзі екендігін ғылыми түрде дәлел­деп, оның стандартын белгі­леп, бекітіп бергенді­гін ескеру қажет деп білеміз. Қазіргі күні де осы стандарт бойынша жұмыс істеуіміз керек екендігін атап өткен жөн. Солай бола тұра, яғни Ауыл шаруашылығы министр­лігінің бұй­рығымен қазақы төбеттің болмыс-бітімін екшеп, танып, анықтайтын арнайы стандарт енгізілсе де, бұл іс аяқсыз қалып бара жатыр. 

Біз өзіміздің ұлттық құнды­лық­тарымыздың бірі боларлық қазақы төбет пен тазыны стан­дартқа сай сұрыптап, олар­ды «қазақтікі» деп иемденуге селқос қарап, мән бермей отыр­ғаны­мызды пайдаланып, бүгінде олардың түп иесі қазақ екендігіне күмән келтіріле бастағаны да жасырын емес. Қазақтың төбеті мен тазысын кім көрінгеннің иемденіп, оны заңдастырып алу әрекеттері, өкінішке қарай, әр елде жүріп те жатыр. 

Мысалы, қазіргі уақытта Еуро­па елдері мен Ресейдегі асыл тұ­қымды иттердің бар­лығы осы қазақы тазыдан тарал­­ға­ны­на дәлелдер бар бола тұра, оны ата көршіміз – Ресей «Орта Азияның тазысы» деп құ­жат­тандыруға әрекет жасап бағуда екен. Кешегі Кеңес өкі­меті орнар тұстағы «ағы» келіп бір шап­қан, «қызылы» келіп бір алған үркіншілік заман­да халқымыз қара басына төн­ген қауіптен жан сауғалап, қо­лындағы малымен де, жанымен де шекара асып үдере көшті емес пе? Міне, сол тұста төбет пен тазы да мал-жанмен ілесіп, жат жұртқа бірге кеткен болатын. Көшке ере алмағандары көшкен жұртта иесіз қалды. Төбет пен тазы тұқымдары құруының және өзге елдерге, әсіресе Ресей мен Кіндік Азия елдеріне таралуының себебін де осы тұстан бағамдау керек. 

Биылғы жылдың маусым айында Дүниежүзілік кинологтер ұйымы Қытайдың Шанхай қаласында иттердің бүкіләлемдік көрмесін өткізбекші екен. Егер осы көрмеге дейін тазының иесі қазақ екендігі жөнінде Қазақстан Республикасының арнайы бір құжаты болмаса, халқымыз өзінің қасиетті тазысынан айырылып қалуы әбден мүмкін деп отыр қазақы тазы мен төбет жанашырлары. 

Бізге жанашыр өзге ел­дің кино­логтері қазір Ресей асыл тұқымды иттерін сақтап, қорғау үшін арнайы заң бекіту­ді қолға алғанын айтып, алаң­дап отыр. Ресейдің ұлт­тық құнды­лық­тары­ның ішінде қазақ тазысы да есепте жүрген көрінеді. Егер ол заң жүзінде бекітілсе, қазақтың сан ғасырлар мақтанышы болып келген қасиетті тазысы өзге елдің асыл қазынасына айналып кетпек. Түркия мемлекеті де таяу­да орталық Анадолыдағы Кангал деген жерден шыққан «Кангал» атты ит тұқымын Түркия­ның ұлттық мәдени құндылығы деп таныды. Осы ел үкіметі иттің аталған түрін сақтап, қорғаудың шараларын да жасады. Енді түрік итінің осы тұқымын арнайы рұқсатсыз басқа елге алып шығу тіпті де мүмкін болмайды. Ал мұндай рұқсатты тек Түркияның әскери ведомствосы ғана бере алады екен. 

Осы орайда қазақы төбет пен жүйрік тазыны халқымыздың шынайы мақтанышы мен ұлт­тық құндылығына айналдыру үшін арнайы бағдарлама да жасалып, тазы мен төбеттің гендік қорын қалыптастыруды қолға алу кезек күттірмейтін мәселе болуы керек. Міне, осы дабыл қағарлық жайды ескере отырып, тез арада арнайы заң, одан кейін арнайы бағдарлама қабылдап, тазы мен төбеттің гендік қорын қалыптастыруды қолға алу қажет деп санаймыз. 

Үкімет ең әуелі төбет пен тазыны қазақтың ұлттық құндылығы ретінде Халықаралық кинологтер федерациясында ресми түрде тіркелуіне ықпал етуі керек. Қазіргі уақытта тазы мен төбеттің шыққан жері Қазақстан екендігін заңдастыру үшін арнайы патент керек. Халықаралық кинологтер федерациясынан осы патентті алу үшін кем дегенде бір мың тазы мен төбеттің құжаттарын ұсыну қажет. Әзірге елімізде небәрі 300-дей ғана тазы мен төбет құжатталған екен. Сондықтан Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі қолда бар тазы мен төбетті құжаттандыру үшін арнайы жұмыстар жүргізілуі тиіс. Бұл – кезек күттірмейтін әрі аса маңызды мәселе. Мұның еліміз үшін экономикалық және саяси мәні бар деп те санаймыз. Қазіргі уақытта Елбасының тапсырмасына сәйкес, Астана Халықаралық қаржы орталығын құру және Қазақстанды халықаралық туризмге айналдыру бағытында жүргізіліп жатқан сан-салалы жұмыстардың ішінде аэропорттарда, темір жол мен автовокзалдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етудің зор маңызы бар. Ол үшін кинолог бөлімшелерінің жұ­мыс­тарын жақсарту қажет. 

2017 жылы Қаржы министр­лігінің бағынысында құрылған Ал­ма­тыдағы кинолог орта­лығы бұл саладағы мамандарды жеткілікті дайындамауда. Тіпті, дайындап шығарып жатқан кинологтердің кәсіби деңгейлері тым төмен. Өйткені бұл орта­лықта кинологиядан еш хабары жоқ, ішкі істер органдарының бұрынғы жедел-іздестіру қыз­мет­керлері мен тергеушілері қыз­­мет етеді. Кинологиялық қыз­­метке қазақтың төбеті мен тазы­­ларын дайындаудың орнына, қазір шетелдерден қыруар қар­­жы жұмсап, иісшіл иттер сатып алу кең етек алып отыр. Кей­де қыруар қаржыға сатып алын­ған сол иттердің көпшілігі талап­қа сай келе бермейтінін біз пікір­лескен кинолог мамандар айтып та отыр. Ал иісшілдігі жағы­нан ешбір иттің тұқымынан кем тү­с­пей­тін қазақтың төбеті мен тазысын пайдалануға әбден болар еді.

Бүгінде еліміздегі тазы мен төбет жанашырларының ой­лары мен пікірлерін және алаң­дау­шы­лықтарын ескере отырып, ұлт­тық құндылықтарымыздың бірі ретінде иемденіп қалатын қазы­намыздың бірі де бірегейі – қазақтың төбеті мен тазысының жайы мен жағдайына Үкімет тарапынан көңіл бөлінуі қажеттігін және бұл орайдағы барлық мәселені заң жүзінде шешу үшін тез арада «Қазақ халқының ұлттық құндылықтары – тазы мен төбетті мемлекеттік қорғау және олардың генефонын таза ұстау мен жақсарту» туралы заң жобасын әзірлеп, Парламентке ұсынуы қажеттігі жайлы депу­таттық сауал жасадық.

Қазір алдымызда қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту мін­деті тұрған шақта, біз көте­ріп отырған мәселенің де айрық­ша өзектілігін ескеру қажет. Әлеу­­меттік жағдайды ойлаумен бірге, халқымыздың ұлт­тық құн­дылықтарын түгендей отырудың да маңызы зор деп санаймыз. 

Аңсар МҰСАХАНОВ, 

Сенат депутаты