Бүгінгі таңда облыста 249,8 мың гектар суармалы жер бар. Оның 171,7 мың гектары егістік, 58 мың гектары тыңайма жер, 17,4 мың гектары бақшалық, қалған 2,7 мың гектары өзге де ауылшаруашылық алқаптарына жатады. Суармалы егістік көлемін 300 мың гектарға жеткізу тапсырмасына сәйкес жұмысшы топ барлық аудан бойынша зерттеу, талдау жұмыстарын жүргізді. Оның барысында аудан, қала әкімдіктері бұған дейін ұсынған учаскелердің көлемдері мен орналасуы нақтыланып, сонымен қатар қосымша жерлерді қосу мүмкіндіктері талқыланған.
Облыс басшысы бұл жұмыстың өте маңызды екендігіне көңіл аударды.
– Суармалы жер көлемі артуымен егін шаруашылығын әртараптандыру жүзеге асырылып, өнімділігі жоғары, суды аз қажет ететін нарықта сұранысқа дақылдар өсірілетін болады. Ол өз кезегінде өңірдің экспорттық әлеуеті артуына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыстар аудандарда әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің, ауылды көркейтудің, кәсіпкерлікті жандандырудың, жаңа жұмыс орындары ашылуының бірден-бір тетігі. Сондықтан, ешкімге де салғырттыққа салынуға болмайды. Мамандар жаңадан іске қосылатын алқаптарға су жеткізу жолдары мен қандай дақылдар егудің тиімділігін анықтауы тиіс. Жергілікті жерлерде әкімдер осы жұмыстарды атқаруға қызығушылық танытқан инвесторларды тартып, тиісті ұсыныстарын беруі қажет, – деді ол.
Қызылорда облысы