• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Әдебиет 03 Сәуір, 2019

«Оның жазуында культура бар»

735 рет
көрсетілді

Жоқтықтың да, тоқтықтың да, оқудың да қадірін біліп өскеннен бе екен, біздің қатарымыздың қолынан кітап түспеді, кітаппен өсті. Қолымызға бір кітап түссе, соны бітірмей қоймайтынбыз. Осы дағды бала күннен қалып қой­ды және жақсы болған деп ойлай­мын. Әлі күнге жалғасып келе­ді. Менің 37 студентім бар. Солардың бәріне кітап оқыта­мын. Қазірдің өзінде төрт-бес ро­ман оқығандары бар. Қазір өзі кітап көп шығатын заман. Меніңше, кітап шығаруға талпы­на­тын адам дұрыс адам болуы керек. Кез келген кітаптан бірдеңе алуға болады. Оның шедевр болуы міндетті емес. Ең бастысы, оны рухани тазалыққа, керек болса кемелдікке жасалған қадам деп те қабылдау керек. Бұл менің кітап жөніндегі жалпы түсінігім. Бұл тәрізді толғаныс­та­рым күнделігімде де ұшырасып қалады.

Айтайын дегенім, арты­ма қарасам өкшемізді басып келе жатқан інілерімнің бойын­да­ғы осы оқуға, кітапқа деген құмар­­лықты көргенде марқайып қала­мын. Соның бірсыпырасы қалам ұстағандар.

Бұл қатарда Қали Сәрсенбай да бар. Оның қатары, осы бір тегеурінді буынның шығар­ма­шы­лығының алдыңғы буынмен сабақтастығын, ұқсастығын байқаймын. Өзіңнен кейінгі толқынның ізденісіне ден қою өз алдына, олар үшін алаңдап отыра­тын да кезің болады. Өйт­ке­­ні өнердің қай саласында бол­сын кешеден қалған үздік үрдіс жалғасын таппай жатқанда кәдім­гідей күрсініс күйін кеше­тінің де рас. Ал олардың шығар­ма­шылығына, оның ішінде сөз өнеріндегі Қалилардың қата­ры­на алаңдаушылыққа аса негіз бола бермейді. Олардың әрқай­сы­сы­ның өз қолтаңбасы бар.

Өзім көптен бері шығар­ма­шы­лығын қадағалап жүре­тін осы буын­ның бір озық өкілі Қали Сәрсенбай. Құдай берген талантты былай қойғанда, егер оқы­ған-тоқығаны болмаса, ойы озық, іргелі ізденісі болмаса кімнен де өз қолтаңбасын күту де қиын. Мен Қалидың қолтаңбасын отбасымызға аптасына үш рет құтты қонақ болып келетін «Алматы ақша­мы­нан» байқап отырамын. Газет ұжымдық жұмыс деген­мен де бәрібір одан бас иесінің қолтаңбасы аңғарылмай қал­май­ды. Осы басылымның қазір өзгеден өзін ерекшелеп тұратын өзіндік ұстанымы, бағыты бар. Бұрыңғыдай түнде көлеңке іздеп жүріп жазатын жазармандар қазір ешкімге де қызық емес. Өзі айтқандай, Қали «қыңыр емес, қоңыр газет» жасады. Бұл басылымның зиялы қауымның, элитаның оқитын басылымына айналуының сырына тереңдесек, алыс­тап кетеміз.

Әйгілі Әбең, қазақ әдебиетінің абызы мен аңызы Әбдіжәмил Нұрпейісов менің осы газетке күнделіктерім жарияланған күн­­нен бастап телефон соғып, ке­мі 40 минут әңгімелесетін едік. Бұл кісі әбден шешіледі, бір тұста жастар туралы айтуды да ұмыт­пайды. Бірде Қалиға «Мен сені неге ПЕН клубқа мүше­лікке қабылдадым? Неге саған Зейнолланың өзі кепілдеме берді?» деп оған өзі «Сенің жазуыңда культура бар» деп жауап беріп еді. Міне, басылымға сол культура келді. Менің аға досым, аса талғампаз академик Төрегелді Шарманов «Ақшам» туралы айтқанда өзін зорға тежейді. Қали­ды жан досым Ақселеу айрық­ша жақсы көрді. «Жас Алашта» жүргенінде «Сенің де қарым-қабілетің газеттің қара жұмы­сына кетіп қалатын болды-ау» деп алаңдағаны бар еді. Ақсе­леудің сол алаңдауынан қоры­тын­ды шығарды ол. Газеттің қара жұмысымен алысып жүр­іп, шығармашылығынан да қол үзбеді. Басылымның беделін тұлғалар өмірін дендеп жазу, ұлт зиялыларымен тығыз байланыс арқылы көтерді. Қали­дың шығармашылығын, азаматтық болмысын жоғары бағалайтын Әшірбек Сығай алғаш рет «Алма­ты ақшамына» Қапан Бадыров­тың күнделіктерін ұсын­ды. Одан кейін Қадыр­дың афоризм­дері, менің күнделік­те­рім, Сәбит досымның әңгімелері жыл­дар бойы жарияланып, кейін «Алматы ақшамының» кітапханасы» серия­сымен кітап болып жарық көрді. Бұдан соң Т.Әсемқұловтың Асқар Сүлейменов туралы «Кемеңгер өмірі­нен бір үзік сыр» атты эссесі жарияланды. Сөйтіп ол басы­лымды қаптаған жиналыстар мен ағымдағы ақпараттар құрсауынан «құтқарып», рухани дүниемізді бүтіндеуге кірісті.

Онысы жемісті болды да. Мен оның бар кітабын оқып шықтым. «Сендерді сағынғанда», «Өнер-өмір», «Тұлға-тағдыр», «Шал мен шындық», «Шер-шындық», «Абыз-аңыз» атты кітаптары арқылы ол ұлт мәдениеті мен өнеріне зор үлес қосып келеді. Басқасын былай қойғанда тұлға­лар туралы толғануға шебер. Өзі де биік, кейіпкерлері де биік, соның қыр-сырын ашып, аршып жазады. Бүгіннен гөрі өткеннің әңгімесін, өнегесін айтуға көп пейіл.

«Кейбір тұлғалар туралы жаза қалсаң ұлт мүддесі, мұра­ты туралы үлкен сөз қатар жүре­ді. Мұндайда қаламың да қи­нал­­­майды, жүрдек келеді. Ал кейбір тұлға деп жүргендер жөнінде айтуға сөз таба алмай ит боласың» дейді Қали. Бүгін­де шын мәнінде қоғамда бар мәселені ол осылай талғам таразы­­сына салып қарайды.

Қазір қоғамда тұлға бар ма? Болса қандай? Ол соның баға­сын біліп, қадіріне жетіп жүрген азамат. Шыны керек бүгінде көзден де, көңілден де таса болып, назардан тыс қал­ған тұлғаларымыз да бар. Бұл солардың да жоқтаушысы және олар жөнінде жай ғана жазып қоймайды, жұртқа беймәлім қырын, болмысын терең ашып, зерделеп, жарқыратып жазады. Бұдан артық іс бола ма? Рухани сауап деген осы. Оның әр жыл сайын өз басылымында оқырманға арнау сөзінде «Тұлғатану үрдісі жалғаса береді, біз мерейтойға, басқаға қарамай оларға қайта-қайта оралып отыруымыз керек» дейді. Егер шын зерделеп айтатын болсақ, әлдебір зерт­теушінің жазғанындай, ол «Тұлғатануды» тұңғыш рет шығар­машылық, ғылыми айна­лым­ға ендіріп, тіпті бір «жанр» ретінде қалыптастырды десек артық айтқандық емес. Бүгінде тек басылым бетінде ғана емес, арнайы «Тұлғатану» сериясымен шағын кітаптар шоғырын шығара бастауы соның дәлелі.

Әу баста консерваторияның актерлік бөліміне бет түзеген ол бәрібір бұл саладан алыстаған жоқ. Ол тұста Қазақстанда бір-екі жерде ғана журналист кадрла­рын даярлайтын еді. Ол жолы болып 1976 жылы КазГУ-дің журна­листика факультетіне оқуға түсті. «Ұстазы жақсының ұста­мы жақсы» деген, бұл буын да ұстаз­ға жарыды. Атақ-даңқы дүрілдеп тұрған Т.Амандосов, З.Қабдолов, Т.Қожакеев сынды айыр көмей шешендерден дәріс алды. «Мен бұл мылтықты наган кезінен білемін ғой» демекші, ол сол наган кезінен-ақ іргелі ізденістерге кірісті. Бүгінгі тұлға­ларды түгендеп жүретін қасиеті сол кезде қалыптасты. Оның уни­верситеттен кейінгі ұстаз­да­ры да мықты болды. Өзіміз жақсы білетін, пікірлес, сырлас болған ұлт қайраткерлері Ш.Мұртаза, С.Бердіқұлов, К.Смайы­лов, Ә.Кекілбаев, О.Бөкеев, Б.Мұқаи, Н.Оразалин сын­­ды тұлғалардың мектебінен өтті. Ж.Бейсенбаев, Ж.Аупбаев, Н.Жүнісбаев, Қ.Жиенбаев сынды журналистердің шеберлігінен үйренді. «Жас Алашқа» келгенде Нұртөре екеуі жарасып жұмыс істеді. Жұртты жұмысын «Жас Алаштан» бастайтындай жағдайға жеткізді. Сағиым өмірден озғанда «Жас Алашқа» берілген көңіл айту менің еңсемді көтерген еді. Кейіннен сол көңіл айтуды «...Жан бөлек» атты кітабымда пайдаландым. «Жас Алаш» шын мәнінде ұлт мінберіне айналды. Басылым бетінде құр сөз, бос айқай емес, бүгінгі күннің шындығынан өзге елдің мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын, тарихты түгендейтін дерек пен дәйекке негізделген танымдық, тағылымдық дүниелер көптеп берілді.

Әлі есімде. Бірде Қалидың «Ұлылықтың бетін жуатын жан бар ма?» атты шағын мақаласы жарияланып, онда Абай ескерт­кі­шіне ит-құстың саңғып кетіп, сағал-сағал боп тұрғаны туралы ащы айтылған еді. Ертеңіне ескерт­кіш жалтырап шыға келді. Енді бірде Бердібек Сапарбаевпен сұхбатын «Ер екеніңді білейін, Шымкентті басқарып көрші» деп атап, елжанды, мемлекетшіл тұл­ға­­мен болған сұхбат ел назарын айрықша аударып еді.

Осы «Алматы ақшамына» бас­шы­лыққа келгенде қызметін ең алды­мен басылымның қақ маң­дай­шасындағы сөзін өзгерту­ден бастап, «Мың жасаған шаһар­дың шамшырағы» деп жаздырды. Бұл тұста Алматының мың жылдығы туралы әңгіме әлі айтыла да қоймаған еді. Бір бөстекі басылымдарда қайта-қайта «Алматыға 150 жыл» деп жазылуы оның намысына тиіп, осындай шешімге келген. Осы сөзге байланысты басылымның бірінші бетіне жазған алғысөзінде ол «бұл сөзді бізге жаздырып отырған намыс» деп түсініктеме берді. Шынында, Ұлы Жібек жолының бойында жатқан, тарихы мыңдаған жылдарға кететін жеті кенттің бірі Алматының (Аlmaty. Алмалық. Алматы) тарихын кеңестік тарихшылардың айтуымен Верный бекінісінен бері қарай жазып келгеніміз де рас қой. Бас қаланың бас басылымының маңдайшасына әлгі сөздің қашалып жазылуы бұл шын мәніндегі ел назарын аударған оқиға еді.

Ол Алматы қалалық мәслиха­ты­ның 5, 6-шы шақыры­лы­мында екі мәрте депутат болып сайланды. Осы сайлау­да Сәбит екеуміз оның сенімді өкілі болдық. Сол күндерде байқағаным, Қали­дың ел ішінде абыройы, беделі биік екен. Халықтың мұң-мұқтажын, өтінішін байыппен тыңдап, мәселені сабырмен шешу­­дің жолдарын айтқанда шын зиялы­лық­тың, мәдениеттің үлгі­­сін таны­тып жүрді. Бүгінде ол журна­­листік қызметпен қоса осы қо­ғамдық жұмысын да абырой­мен атқарып келеді. Оның азамат­тық, елжандылық болмы­сын айғақ­тай­тын мұндай мысалдарды айта берсең көп.

Кей тұста қойын дәптеріме түртіп қойып жүретін мына бір тапқыр тіркестердің өзі оның қаламгерлік келбетін ашып көрсетпей ме? Оқып көріңізші.

«Тазалық пен тартым­ды­лық­тың тәңіриясы құстан асқан әнші жоқ», «уайым жей бергеннің ұшпаққа шыққан кезі жоқ», «сұлу тағдырға, сымбатты өнерге сор жабысқыш келетіні-ай!», «теңіздің тілі – толқын», «суреткерде ауыз жоқ, жүрек сөйлейді», «қасірет­ті түсіне алмағаннан қасиет те күтуге болмайды», «пен­де­шіліктен биік тұрмаған талант таусылады, шашылып қалады», «ақиқат айтылған жерде өзің­ді адам сезінесің», «кеңдікті теңдік деп түсінетіндер бар», «теледидар тойхана емес», «адам театрға не үшін барады? Сірә, адам бола түсу үшін баратын шығар», «жоғарыда көр қазылып жатыр, етекте біреуді тағы да сол көрге түсіретін өсек қызып жатыр», «адамды адам жейді екен», «Аға» деген ауру бар», «дилетанттар – рухани қалдықпен өмір сүретіндер», «ақиқаттың өзі де соңғы сөз емес, процесс...», «партиялар алдымен Абайды оқысын», «дәстүр сақталмаған жерге жын-шайтан үйір», «шеберге шебер қосылса шедевр туады», «әйел болмаса үйдің пердесі де ашусыз қалады екен», «біздің қоғамда жақсылардың атын атай бермейтін бір иттік бар», «айтар сөзі, көрсетер өнегесі жоқтар өсекпен күн көріп жүр», «дүниені сұмдық көңілсіздік басқан кезде көңілденіп кететін адамдар болады», «қызып алған бір әнші «тірі даусымды сағындым» деп жылапты», «тіліңді білмесең, өмірбақи тіліңді тістеп өтесің», «бір азамат «дерттімін» деді. Ой­дың дерті болса жақсы әрине», «елге барса алдымен әкесіне емес, әкімге сәлем беретіндер бар», «бір Алладан асқан сцена­ри­ст жоқ», «көргенсізде көз бол­майды, санасызда сөз болмай­ды», «бүгінгі қоғам қажетін қанағат­тандырмағандар өткенді сағы­на­ды, өзге елдің жетістігі туралы айт­қыш келеді», «тұлғасын танып, қадірін білген елдің таңы ағарып атады, күні қызарып батады», «қазіргі қоғамды ұстап тұрған өтірік тәрізді», «ешкімді сағынбайтын бала көрдім», «біраз нәрсені көріп келе жатырмыз, еңіреп отырып ет жегенді де көрдік», «жақсы көру сезімі дамымай қалған адамдар бар».

Кейде Қалиға осы бір ойлары үшін ризашылық білдіре қалсаң «Ой, аға жұмыс қой» дей салады. Соншалықты сөз, ой энергия­сын жұмсап жазылған дүниеге «жұмыс қой» деп жайбарақат қарайды. Тиісті орындардың маң­дай­шасына жазып-ақ қоятын сөз ғой. Өз басым юморы бар адамды ұнатамын. Қалида сол қалжың бар. Күнделігімде жазған болуым керек, бұл Нұртөре екеуінің басы қосыл­са, бір шағын театр.

Қалидың қолтаңбасы қазір кемеліне келді деуге болады. Басқа­сын былай қойғанда соңғы уақыт­та бас басылым «Егемен Қазақ­­станда» жарияланған Мейрам­­­бекке хаты руханият дүние­­сін дүр сілкіндіргенін айт­сақ та жетіп жатыр. Бұл шын мәнін­дегі сенсация, руханият әлеміндегі бағдарлама іспетті болды. Айналып келгенде, Қалидың қатарының қаламының қуатты болуының басты себебі, қазіргі интернет иірімдерінен аман қалып, шын мәніндегі ұлттық құндылықтар қайнарынан, таза бұлақтан шөл қандыруы еді. Содан болар бұлар елдің мәдени-рухани деңгейін терең талдап, саралай алады. Бұлардың өзі де қазір бір мектеп қалыптастырып, шәкірт тәрбиелеп үлгерді. Артыңда осындай ірі інілерің барда алаң­да­майсың. Өйткені олар кешегі біз көрген, бүгінде аты аңызға айналған редакторлардың тәлімін алды. Менің барлық кітап­та­рыма редакторлық еткен ол сол мектептің үздік өкілінің бірі екенін әркез дәлелдеп келеді. Алдында көргені бар. Бұлар сондықтан да жаман жұмыс істей алмайды. Қазір өзі адамшылықпен жұмыс істеу сирек жағдайға айналды ғой. Рухани мұратқа адал, бардың бағасын, жоқтың қадірін біледі бұл буын. Мені де осындай інілеріммен көбіне жақындастыратын туыстық сезімдер емес, рухани туыстық. Рухани жағынан жақындық тапқан адамның жұмысында да жетістік болады. Ондай адамның бойынан алдымен зиялылық, тектілік ұшқындап жүреді.

Кісінің уызға жарып өскені, тегінде бары жүріс-тұрысынан, өмір салтынан аңғарылып тұрады. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты Күләш Ахметованың оған арнаған «Тереңдік пен кемелдік» деген өлеңінде:

Тектілікке бермейміз-ау әлі мән,

Тереңдікті кемелдіктен танығам.

Жақсылар мен жайсаңдардың көзі едің,

Парасаттың уызына жарыған, – деуі де тегін емес.

Тектіден текті туады деген рас. Қалидың шыққан тегі, өскен ортасы да маған жақсы мәлім. Жамбыл облысының Сарысу ауданында Сәрсенбаевтар, Тоқаевтар әулетін ел жақсы біледі. Менің пірәдар Ысқақ атаммен замандас болған атасы Сәрсенбай астындағы бәйге атын Сәкенге түсіп берген деген аңызға бергісіз әңгіме бар. Бір заманда атаман Аненковтың азап ваго­нынан қашып шыққан Сәкен Бетпақдаланы, Қаратаудың теріс­кей­ін паналаған ғой. Атақты «Тау ішінде» әні сол күндерде туған көрінеді. Әлгіндегі аңызға бергісіз әңгіме де сол тұста сәтімен болған болуы керек. Сәкеннің өмір жолының сол бір қиын шақтары туралы әңгіме көп. Ол жөнінде осы «Ақшамда» жазушы Жеңіс Шыныбеков те жақсы жазды. Сәрсенбайдың әкесі Жұмағұл қажыға барған адам. Үлкен әкеле­рі­нің бірі Елемес Тоқаевты ел құрмет тұтты. Әкесі Қошқар мен шешесі Тұрғын ұзақ жылдар ұстаздық етті. Қошекеңмен тете Алдаберген ағамыз өзімізге сабақ беріп, Сарысу өңіріне білім, мәде­ни­ет әкелген алғашқы аға буын өкілдерінің бірі. Бұл бір зиялы, бекзат кісі, жүріс-тұрысында, мінез-құлқында, сөз сөйлеу мәне­рін­де тектілік тұнып тұратын. Көл­гірсіп көп сөйлемейтін, өті­рік айтпайтын. Мен Қалиды осы кісіге көп ұқсатамын. Бұл кісі Байқадам мектебінде дирек­тор болды. Атақты Герольд Бель­герді алғаш жұмысқа алған да осы кісі. Аудандық оқу бөлі­мін басқарды, Талас аудан­дық пар­тия комитетінің ұзақ жыл­дар хатшысы болды. Жамбыл облыс­тық мәдениет бас­қар­ма­сына басшылық етті. Алде­кең­­­нің қарындасы Рәбиғамен бірге оқыдық. Бүгінде елде осы әулет­тің үлкені, балаларға бас-көз болып отыр.

«Сенің жазуыңда культура бар».

Әбең бәріміздің көкейіміздегі ойды бірауыз сөзге қалай сыйдыр­ған?! Сөздің киесі, қасиеті деген болады. Халқымыз сөзді биік ұстаған, өнер деңгейіне көтерген. Бүгінде сөз бостандығы дегенді желеу етіп зілді сөйлеу, көкбет­те­ніп жазу да бәзбір жазармандардан байқалмай қалмайды. Бұрынғының тілшілері қандай еді, сөздің дәмін алып жазатын еді ғой. Олардың сөз қолданысында кешегі билердің шешендік мекте­бі­нің үлгісі, болмысы, сөз саптауы көп кездесетін. Менің бір қуанатыным осы буынның бойында сол қасиет бар. Жалпы, бұл буынның жазуында культура бар. Сол қасиет кейінгілерге жұғысты болса деймін.

     Асанәлі ӘШІМҰЛЫ,      Қазақстанның Еңбек Ері