• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Сұхбат 04 Сәуір, 2019

Қ.Көшербаев Шекара қызметінің әскери бөліміне жөнелтілетін азаматтарды шығарып салды

1285 рет
көрсетілді

Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев Алматы қаласындағы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөліміне жөнелтілетін 18 азаматтан жасақталған команданы шығарып салды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Қарулы күштері қатарына аймақтан әскери қызметке шақыру мезгілінде 800-дей азамат жіберіліп отырады.

«Сіздер бүгін әскер қатарына аттанғалы отырсыздар. Ата-бабаларымыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат еткен жері мен ел тыныштығын күзету – қасиетті борыш. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағы- бізді қорғады» деген болатын. Тарихта қайсар мінезімізбен танылған елміз. Осы ретте, жауға тайсалмай тойтарыс берген Жалаңтөс Баһадүр, Жанқожа, Есет, Бұқарбай, Сартай сынды дарабоз батырлардың көзсіз ерліктері әлі талай ұрпаққа үлгі болары сөзсіз»,-деді аймақ басшысы.

Кездесуде халқымыздың біртуар батыр перзенті, Совет Одағының батыры Бауыржан Момышұлы туралы жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабы жас ұландарға мерзімді әскери қызметін жоғары жауынгерлік деңгейде атқарады деген зор сеніммен табысталды. Сонымен қатар, облыстық қорғаныс істері департаментінің бастығы Еркінбек Байболов пен «ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Меңділдә Ршауов ел айбынын асқақтатар ер-азаматтарға борыштарын аман-есен атқарып, абыроймен елге оралуға тілектестік білдірді.