• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2019

Шиелі ауданында мемлекеттік рәміздер алаңы мен «Рухани жаңғыру» аллеясы ашылды

1274 рет
көрсетілді

Қырымбек Көшербаев Шиелі ауданына жұмыс сапары барысында нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шиелі кентінде мемлекеттік рәміздер алаңының ашылу салтанаты өтті. Рәміздер алаңында Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Гимннің мәтіні және биіктігі 23 метр болатын  Мемлекеттік Ту орналасқан.

«Қазақ елінің тәуелсіздік алып, әлем елдерімен терезе теңестіріп, шекарасын шегендеп, бірлігін бекемдеп, мемлекеттік рәміздерін бекіткеніне биыл 28 жыл толады. Бұл - аз уақыт болғанымен, әлем картасында Қазақстан деген дербес мемлекеттің бар екенінің бірегей белгісі. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Тәуелсіздік – Алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі рәміздеріміз бар, оның біріншісі – Елтаңба, екіншісі - Әнұран, үшіншісі – Көк Байрақ, төртіншісі – Қазақ тілі» деген халық жүрегінен орын алған дана сөзі бар. Рәміздер халықтың рухы мен айбатын білдіріп қана қоймай, сол мемлекеттің әлемдік өркениет көшіндегі орны мен деңгейін де белгілейді. Бүгін, міне, Көк Байрағымызды биікке көтеріп, Мемлекеттік Рәміздер алаңын ашқалы тұрмыз», деді аймақ басшысы. 

Айта кетейік, алаңда кент тұрғындары мен қонақтарының жайлылығы үшін барлық жағдай жасалып, іргелес аумақ қоршалған, жасыл желектер отырғызылып, демалушыларға арналған орындықтар орнатылған. Бұл жер мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ант қабылдау, әскерге шақырылушыларды шығарып салу және басқа да патриоттық іс-шаралар,  ресми мерекелік жиындар өткізілетін орынға айналады.

Рәміздер алаңының ашылу рәсімінде сот саласының ардагері Тұрмат Баймағамбет аудан тұрғындарын құттықтады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы рәміздер алаңы Қазалы және Арал аудандарында ашылған еді, келешекте барлық 7 ауданда да салынатын болады.

Сонымен қатар, бүгін «Рухани жаңғыру» аллеясы ашылды. Онда 11 метрлік «Қазақ елі» мен «Қазақ хандығы» монументі, Қазақ халқының ежелгі дәуірі, лайдбокстарда Тәуелсіздік жылдарындағы қабылданған тарихи шешімдер кезеңі жазылған. Іргелес аумақ абаттандырылып, көгалдандырылды.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы жеке кәсіпкер «Б.Әшірбеков» күріш ақтау зауытының жұмысымен танысты. Зауыт өткен жылдың желтоқсан айында кәсіпкер қаражатына салынған. Нысанда 12 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын тәулігіне 86 тонна ақталмаған күріш өңдейді және 28 тонна жарма өндіреді.