• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2012

Ойынханадағы ойран

406 рет
көрсетілді

Ойынханадағы ойран

Бейсенбі, 23 ақпан 2012 8:13

Жұрттың бәрі Жаңа жыл қарсаңындағы қарбалас қуаныштың жетегінде болғанымен, Б-ның қабағы қатыңқы. Айналадағы жайнаған өзгеріс, қол бұлғаған қарағай-қайың, күміс күн суыт жүрісті жігітті селт еткізер емес. Жасы отыз жетіден асқан оның бар ойы енді екі күннен кейін басталатын Жаңа жылды қызыл жылтырақ думанмен дүркіретіп қарсы алу. Бірақ, ол үшін қыруар қаржы-қаражат керек. Оны қайдан таппақ?

 

Бейсенбі, 23 ақпан 2012 8:13

Жұрттың бәрі Жаңа жыл қарсаңындағы қарбалас қуаныштың жетегінде болғанымен, Б-ның қабағы қатыңқы. Айналадағы жайнаған өзгеріс, қол бұлғаған қарағай-қайың, күміс күн суыт жүрісті жігітті селт еткізер емес. Жасы отыз жетіден асқан оның бар ойы енді екі күннен кейін басталатын Жаңа жылды қызыл жылтырақ думанмен дүркіретіп қарсы алу. Бірақ, ол үшін қыруар қаржы-қаражат керек. Оны қайдан таппақ?

Содан ол бопсалаудың алғашқы жолын «Империал М» казиносынан бастамақ болды. Оның да өзіндік себебі бар еді. Б. мұндай мекемелердің табалдырығын он жыл бойы тоздырған тәжірибелі ойыншы. Бірақ, құмар ойыннан шекесі шылқы­ға­ны да шамалы. Астана қаласындағы Сарыарқа ау­дандық сотының үкімімен, Қылмыстық Кодекстің 103-бабының 3-бөлімімен айыпты деп танылып, 2003 жылы 5 жылға бас еркінен айырылған. Әйт­кенмен, осы үкімнің тең жартысын өтегеннен кей­ін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Оның үстіне, «Империалдың» бас менеджері А-менен кезінде Астана қаласындағы бизнес саласында әріптес болғаны бар. Енді содан қарыз сұрамақ, «берсе жолынан, бермесе қолынан».

Сондықтан, жанына Аслан, Ержан аталатын жан­дайшаптарын ертіп алып, ба­тылдық үшін Бу­рабайға жеткенше екі жарым шыны арақты босатып тастайды.

Обалы нешік, А. ескі досын есік алдынан құ­шақ жая қарсы алып, мейрамхана төріне оздырды. Астаналық қонақ екі-үш рюмкадан кейін нілдей бұзылсын. Алдын-ала топ құрып жасаған жос­парының буымен әрі арақты аузына алмай қойған казиношының қылығы зығырданына тиген Б. тез арада қарызға 100000 теңге немесе 500 АҚШ долларын тауып беруін талап етеді. Бас менеджер ондай ақшаның жоқтығын, бар болғанның өзінде құрылтайшылардың келісімі керектігін айтады. Ашуға булыққан Б. мұнда жайдан-жай келмегенін, мұны қолпаштайтын қылмыс әлемінің серкелері барлығын жеткізіп қоқиланады. Анау міз бақпаған соң, А-ны шалт қимылмен бас-көзіне қарамай соққыға жығып салсын. Оған жанындағы баукес­пелер қосылып, әп-сәтте казиношының қан жосасын шығарады. Ойында ештеңе жоқ бас менед­ж­ер­дің «бізге бөгет жасамаңдар» деген әмірі бойынша, күзетшілер мен қызметшілер құрметті қонақ­тар дастарқанына бас сұға қоймаған.

Көзі қарауытқан Б. қанға малынған досына енді тіпті қатаң талап қойды. А. несие емес, қарыз емес, жүз мың теңгені қолма-қол тауып беріп, есік алдында қаңтарулы тұрған «Тойото Ланд-Крузер» джипін мұның атына ресімдеуі қажет. Осы кездегі жанталас үстінде казиношы бопсалаушылардан қашып құтылудың сәтсіз талпынысын жасайды. Тағы да ұр да соқ, аяусыз тепкі. «Өй, босқа уақыт өткізгенше мынаны сыртқа шығарып, көзін құр­тайық» деген ниетпен қаныпезерлер бас менед­жер­ді сүйретіп ас дайындайтын бөлмеге алып келеді. Осында бет-аузын қан жуған казиношыны жуындырып, далаға дырылдатып алып шы­ғады. Жендеттердің қолында пышақ. Кімде-кім жа­қындаса А-ның кеңірдегін қиып түсірмек. Далада да ұрып-соғу, тепкілеу жалғасты. Осы кезде қыз­метші қыздардың бірі дабыл қоңырауын басып үлгерген. Күзетшілер лап қойды. Бас жендет ұсталып, қалған екеуі ізім-қайым жоғалған. Бұл кезде полицейлер де келіп жеткен. «Импе­риал­дың» бас менеджері сан алуан жарақатпен ауру­ханаға жеткізілді. Одан кейін айлап азапты емделу, ұзан-сонар тергеу, тексеріс амалдары жүргізілді. Оншақты сот-медицина сараптамасы жасалып, отыздан астам адам куәлікке тартылды…

Жуырда Бурабай аудандық сотының төрағасы Самалбек Мұхтаровтың төрағалығымен сот про­цесі аяқталып, Б. Қылмыстық Кодекстің 181-бабы, 2-бөлімінің «а», «б» тармақтарымен 4 жыл 8 ай мерзімге бас еркінен айырылып, А-ның есебіне мо­ральдық нұқсан түрінде 100000 теңге өндіріп алуға үкім шығарылды.

Бақберген АМАЛБЕК,

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы.