KASE таратқан ресми ақпарат бойынша, олардың ел нарығына келуіне қазақстандық «Фридом Финанс» компаниясы ықпал еткен. «Фридом Финанс» баспасөз қызметіне хабарласып бірқатар жайттарды анықтадық. Атап айтқанда, наурыз айының соңына дейін Ford Motor Company, The Coca-Cola Company, Nike, Tiffany & Co., Exxon Mobil Corporation, Tesla, Intel Corporation, Pfizer, PLLC Yandex N.V және ресейлік «Лукойл» өздерінің бағалы қағаздарын KASE арқылы ашық саудаға шығарады. Бұл дегеніңіз әрбір қазақстандықтың аталған компаниялардың акционері болуға мүмкіндігі бар деген сөз. «Фридом Финанс» компаниясына әлемдік бренд компанияларды таңдау оңайға түспепті. Олардың танымалдылығына, фундаментальді әлеуетіне және техникалық тренді мен өтімділігіне басымдық берілген. Бұл компаниялардың қай-қайсысы да түрлі салаларда көшбасшы.
– Компаниялардың акцияларын сәуір айының алғашқы онкүндігінен бастап «Freedom24.kz» сайты арқылы сатып алуға болады, – дейді компанияның өкілдері.
Олардың пайымдауынша, алғашқы үш айда акция сатып алуға ықылас білдіргендер брокерлік және банктік комиссия шығындарынсыз, нарықтық кұнымен ғана сатып алады екен. Мұндай шешім шетелдік компанияларды қазақ нарығына шығуға ынталандыру үшін қабылданған. Сатып алынған акциялар «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңға сәйкес Депозитарлы орталықтың брокерлік есепшотында сақталады.
Шетелдік бренд компаниялардың біздің нарыққа келуі өткен жылдан басталғанын айта кету керек. «FinEx FFIN Kazakhstan Equity ETF» компаниясының акциясы KASE-нің ресми тізіміне орналастырған болатын.
– Алып компаниялардың акциясы 3 мың теңгеден бастап 1 млн теңгеге дейін сатылады, – делінген Фридом Финанс» компаниясының баспасөз бөлімі таратқан ақпаратта.
Қазақстандық сарапшылар шетелдік алпауыт компаниялардың қазақстандық нарыққа келуі күтілген жағдай деп отыр. Себебі табыс декларациясы нәтижесіндегі экономикада пайда болатын артық ақшаны игеруге олар да ниетті. 2019 жылдың соңына табыс пен мүлікті заңдастырудан түскен қаржыны олар көріп-біліп отыр. Сол себепті мүмкіндікті уыстан шығарып алғысы келмейді.
Қаржыгер Ілияс Исаев Үкімет пен халық бұл мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмаса, табыс тағы да шетелдіктердің қанжығасына кететінін айтады. Себебі экономикадағы ақша массасын айықтыру арқылы ғана инфляцияны төмендетіп отырғанымыз белгілі. Енді ондай жағдай инфляцияны тұрақтандыра алмайды. Өндірісті көтеру арқылы ғана экономиканың күретамырына қан жүгіртіп, инфляцияны тұрақтандыруға мүмкіндік бар.
Бізге пікір білдірген мамандардың басым көпшілігі атағы жер жарған компаниялардың ел нарығына келуге дайын тұрғанына сенбейтінін айтты. Мысалы, кәсіпкер Сайлау Тотықов оларға Қазақ нарығына шығу үшін акцияларын Қазақстанның қор биржасына орналастырудың қажеті жоқ екенін айтады. Алпауыт компаниялар әлемнің кез келген нүктесінен-ақ қазақстандық компаниялардың акциясын сатып алады немесе сатылымға шығара алады.
Қор биржасының жетекші мамандары бұл акциялар бағалы қағаз нарығындағы ойыншыларға ғана қызық болуы мүмкін деген пікірде. Мысалы, Apple корпорациясының жария болған бағалы қағаздарының саны 12,5 миллиард дана. Starbucks Corporation-ның 2,5 миллиард қарапайым акциясы мен 7,5 млн дана айрықша акцияларын саудалайды. Сондай-ақ КАSЕ алаңына Microsoft 24 миллиард, Facebook 5 миллиард дана бағалы қағаз шығарғаны белгілі болды. Әйгілі компанияларға тиесілі бағалы қағаздардың қай күннен бастап саудаға қойылатыны беймәлім. Сондай-ақ оның қай валютамен сатылатыны да қарастырылып жатқан көрінеді. Қазақстан қор биржасының мамандары бұл өте қызық әрі тартымды акциялар екенін айтады.
– Ірі компаниялардың акцияларын жекелеп сатып алатын ойыншылар үшін бұл тиімді, – дейді қаржыгерлер. Қазақстан қор биржасы басқарма төрайымының орынбасары Наталья Хорошевская өткен аптада журналистермен кездесуде.
– Акциялардың азғантай бөлігін ғана сатып алып, пайда табатын брокерлер үшін тиімді. Олардың қаржы айналымына оң әсері болады. Шетелге барып инвестиция салғаннан гөрі, елімізге өзі келген акцияларды сатып алу мүмкіндігі туды. Енді ойыншыларды сауда алаңында күтеміз, – деді ол.
Дегенмен, шетелдік компаниялардың акцияларын 100 пайыз әкеледі деген уәдені КАSЕ де, «Фридом Финанс» компаниясы да айтып отырған жоқ. Біздің нарыққа қанша пайыздық акциямен келетіні олардың акционерлеріне ғана белгілі.
– Қазақстанда басы артық қаржысын қандай тетікке саларын білмей жүрген қалталылар жетеді. Бұл қазақстандық инвесторлардың әлемдік нарыққа шығуына үлкен мүмкіндік. Бізге келгелі отырған компаниялардың басым көпшілігі IT саласынан екені белгілі. Мәскеу немесе Украина IT хабында қазақстандық мамандар отыр. Сондықтан олардың мүмкіндіктерін, әлеуеттерін пайдалануға тырысайық, – дейді сарапшы Жарас Ахметов.
АЛМАТЫ