• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Сәуір, 2019

Ырыс-несібе адал еңбекпен келеді

1025 рет
көрсетілді

Шалқар ауданы бойынша ең жасы үлкен адам – Бозой ауылын­да тұратын Зиба Келімбетова есімді әже. Ол осы жылдың баcында 105 жасқа толды.
Кіндік қаны тамған жері – Қызылорда облысының Арал ауда­ны. Әке-шешесі сол заман­ның бақуатты кісілерінің қатары­нан саналған. Содан болар, әкесі Ер­нияз «пәрменділердің» бұй­ры­ғымен қудалауға ұшы­рай­­ды. Кішкентай Зибаны сол тұста Махамбет Келімбетов деген ауылдасы өзінің перзенті болмағанын алға тартып, атына жаздыр­тып алады. Бойжеткен шағын­да Зиба Аралға қарасты Құланды ауылының азаматымен тұрмыс құрады. Арал теңізі кемелденіп тұрған сонау шақта олар балық аулау ісін отбасылық кәсіпке айналдырған.  – Әйелдің ошақ басындағы тір­лі­­гі таусылған ба?! Біз де жас кезде өзімізге қараған кез кел­­ген үй мен тыстың шаруасын уақытпен санаспай атқара беретінбіз. Егін ордық, сиыр сауу, т.б. жұмыстарға аянбай аралас­тық. Әйтеуір отағасының жанынан қалмай, ерлерше жұмыс істе­геніміз рас. Оның қайсысын айтып тауысасың, көп қой,– дейді ғасыр куәгері. Ұзақ жасаған әже асты тал­ғамай, өзің қалағаныңды адал дастарқаннан қорек ету ден­саулыққа пайдалы дейді. Ал көп жасаудың сыры неде деген сауалымызға ол: «Жас кезімде малдың сүтін саумалдай, яғни жылылай ішуді дағдыға айналдырдым, мүмкін содан болар. Осы күнге дейін басты байлыққа шағым айтқан күндерім аз деп жауап қатты», – Зиба әже. Оны назардан тыс қалдырмай баптап, батасына кенеліп отырған шаңырақтағы келін Күнсұлудың да беделі ауылдастарының ал­дын­да бір төбе. Енесіне деген қамқорлығы көпке үлгі. Бір қыз бен бір ұлды өмірге әкелген қарт кісі қазір ұлынан 4 немере, 2 шөбере, қызынан 5 жиен немере, 12 жиен шөбере сүйіп отыр. Бозойлықтар Зиба әжені сөзге шешен адам деп біледі. «Ол кісіден асырып кім айтқан дейсің?!», деп тауып айтатын шешендігіне тамсанады. Ал қолдағы немере-шөберелері әжелерінің әрдайым сүйеніші. Үлкен кісі елдегі жаңалықтардың анығын кейде солар арқылы естіп алады. «Менің шашым жас кезімде өте ұзын болды, тіпті екі бұры­мымды орап күлтемнің екі қал­тасына салып алатын едім», де­ген әже жастарға былай деп өсиетін айтады.  – Болашақ тұтқасын уақыт көшімен алмасып жаңа жас ұрпақ ұстайтыны ақиқат. Сол жастары­мыз зейінді, ұлтқа адал, елдік дәстүрден аттамауы тиіс. Оның барлығы берекелі шаңырақтағы тамшыдай тұрақты берілетін тәрбиемен қалыптасады. Әрбі­ріміз осыған мығым болсақ, келе­шегіміз жаман болмас, – дейді Зиба әже.  Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Бозой ауылы