• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Сәуір, 2019

Агроөнеркәсіп кешені цифрландырылады

907 рет
көрсетілді

Таяуда Ақмола облысы Щучинск қаласында С.Сейфулин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары ауыл шаруашылығы кешендерін цифрландыру бағыттары бойынша семинар өткізді.

Осы семинарда айтылғандай, еліміздің ауыл шаруашылығында қолданылатын әдіс-тәсілдер жаңа технологиялардың көмегімен күшейе түспек. Мысалы, өсімдік шаруашылығындағы дәлме-дәл егіншілік – осы саладағы шаруашылықтар игеруге тиіс маңызды тәсілдердің бірі. Семинарға арнайы Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарынан АӨК бизнес өкілдерінің келу себебі де осы. Олар елордадағы Қазақ агротехникалық университеті қабырғасында зерттеумен шұғылданатын ғалымдардың дәрісіне қатысып, ортақ мәселелерді талқылауға мүмкіндік алды. Білікті де білімді дәріскерлер фермерлерге, бизнесмендерге тың технологиялардың, жаңа идеялардың жай-жапсарын, жаңа техникалардың артықшылықтарын айтып, жұмыс өнімділігін арттырудың жолдарын көрсетті.

– Бұл семинардан алқаптарда кездесетін аурулардың алдын алу және зиянкестермен күрес әдістері, дақылдардың өнімділігін арттыру тәсілдері,  жайылымдардың электрондық картасын жасау деген секілді жаңа ақпараттар алып жатырмыз. Осының арқасында щаруашылығымызды дамыту үшін білімімізді жетілдіргіміз келді. Кейін жұмысымызға септігін тигізеді деп ойлаймын, – дейді Атбасар ауданынан келген «Бастау» ЖШС аграномы Шұғалов Сәтбай.

Бұған дейін мұндай семинар Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Петропавл секілді тағы басқа қалаларда өткізілді. Әр ұйымдастырылған сабақтар өзектілігімен ерекшеленеді. Өйткені алқаптарды картографиялау негіздерін оқыту, агроқұрылымдар мониторингінде геоақпараттық жүйелерді пайдалану секілді тың тәсілдер ауыл шаруашылығын өркендету ісінде аса қажет. Агротехникалық университетінің оқытушылары бұл тәсілдерді сынақтан өткізіп те жүр.

– Былтыр біз дрон пайдаланғанбыз. Ең алдымен ғарыштан алынған фотолар арқылы егіс алаңын анықтап,  жағдайын тексердік. Белгілі бір жерде қандай өзгеріс болып жатқанын, тіпті қандай арам шөп өсіп, қандай зиянкестер егістікке зақым келтіріп жатқанына дейін білу үшін ұшқышсыз дронның көмегіне сүйендік. Дронның бір жақсысы  – қалаған биіктен бастап, бір метр төмендетіп те қарауға болады. Мысалы, 500 га егіс алаңын бір зерттеуші 5-6 сағатта зерттеп шыға алады. Ол шаруашылықта 10 000 - 15 000 га жер болатын болса, онда екі ай уақыт арнауға тура келеді. Мен айтып отырған құрылғыларды пайдалансаңыз 500 га жерді  10-15 минуттың ішінде зерттей аласыз. Сол  секілді екі-үш күннің ішінде  15 000  га аумақты бақылау қиын емес. Нақты егіншілік үшін мұның маңызы орасан, - дейді «Өсімдік қорғау және карантин» кафедрасының оқытушысы Садықов Бекмырза.

Фотоларды түсірген автор.