Іріктеу кезеңі қалалық мәдениет сарайына ата-аналарымен, музыкалық тәлімгерлерімен және достарымен асыға келген қатысушылардың тіркелуінен бастау алды. Оларға кастингтің ережелері мен форматы түсіндірілді. Әділ қазылар алқасының мүшелері музыкалық продюсер Фарида Ниязова, ұйымдастыру комитетінің өкілі Толғанай Хасен және танымал қазақстандық орындаушы Серік Гамза-Заде 9 сағат бойы жас дарындардың өнерлерін тамашалады.
Ақтық кезеңге жолдаманы 12 жастағы Ділнұр Атагелді иеленді. Ол қазылар алқасын жан тебірентетін дауысы әрі жарқын жүзімен сүйсіндіре алды. Ділнұр 25-27 қазан күні Республика сарайының сахнасында өтетін ақтық кезеңінде Жамбыл облысының атынан өнер көрсетеді.
Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының қолдауымен Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры тарапынан ұйымдастырылатын байқаудың іріктеу кезеңі 29 наурыздан 22 мамырға дейін өткізіледі. Келесі кастингтер 5 сәуір күні Шымкентте және 7 сәуір күні Түркістанда өтеді.