• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2010

ШВЕЙЦАРИЯ – ТИІМДІ ӘРІ ПЕРСПЕКТИВАЛЫ ӘРІПТЕС

1410 рет
көрсетілді

Екі мемлекет арасындағы дип­ло­матиялық байланыс 1992 жылы орнаған болатын. Содан бергі екі­жақты қатынастар екі елдің көп­те­ген мәселелерде, соның ішінде ха­лықаралық және аймақтық қауіп­сіз­дік саласындағы ұстаным­да­рын­да өте ұқсас және жақын жақтар көп екенін көрсетіп келеді. Әсіресе, соңғы жылдары Швейцария Кон­фе­дерациясының Қазақстанға және жалпы Орталық Азия аймағына деген қызығушылығы арта түсіп отырғаны байқалады. Қазақстанды Швейцарияның қалыпты, тұрақты жағдайдағы даму тәжірибесі қы­зық­тырады. Швейцария да Қазақстан сияқты көпэтносты мемлекет. Екі елдің арасындағы соңғы кездердегі ведомствоаралық қатынастардың мысалына 2009 жылдың аяғындағы Қазақстан Әділет министрлігі мен Швейцария Әділет министрлігінің арасында өз салалары бойынша ақ­па­раттармен алмасу, тренингтер, се­минарлар мен мамандықты же­тіл­діру жөніндегі курстар өткізуді ұйым­дастыру және қылмысты іс­терді атқару бойынша тәжірибе ал­масу туралы  келісім жасалғанын келтіруге болады. Сауда-экономикалық ын­ты­мақ­тастыққа әлемдік экономика­лық дағдарыс өзінің салқынын ти­гізді. 2009 жылғы сауда айналымы  2008 жылмен салыстырғанда 75 пайызға дейін төмендеп кетті. Сөй­тіп, бар-жоғы 2,8 млрд. долларды  ғана құрады. Соның ішінде экспорт 2,6, ал импорт 155,7 млн. доллар болған. Қазақстан Швейцариядан негізінен химия өнеркәсібі өнім­дерін, мәшинелер мен құрал-жаб­дықтар, электртехникаларын, са­ғат­тар, оптикалық және фотография құралдары мен аппараттарын ала­ды. Қазақстанның статистикалық органдарының мәліметіне қара­ған­да, біздің елімізде швей­ца­риялық капиталдың қатысуымен 208 бір­лес­кен кәсіпорын ті­ркел­ген, соңғы кездегі дағдарыстың сал­­да­ры­нан со­ның 60-тан астамы уа­қыт­ша жұ­мыс істемейді. Осы кә­сіп­орындар не­гізінен банк саласында, жылжымайтын мүліктерге қатысты операциялар жасау, автомобильдер мен үй жиһаздарын сату мен жөн­деуге байланысты шаруалармен айналысады. Қазақстан экономи­ка­сына үлкен көлемде инвес­­ти­ция құйған швейцариялық ком­па­ниялардың арасында осы елдің бү­кіл әлемге белгілі “АВВ”, “Сосьете женераль де Сюрвеянс”, “Ляйка” және т.б. фирмаларын атауға бо­лады. Олар Қазақстан рыногында бірқатар жобаларды іске асырды және өздерінің осында іс-әре­кеттерін одан әрі жалғастыруды көздеуде. Соның ішінде “КЕГОК” компаниясының инфрақұ­ры­лы­мын жаңғыртуға, Атырау мен Шым­кенттегі МӨЗ-дерді рекон­струк­­ция­лауға қатысу ниеттері ба­рын білдіруде. Ауыл шаруашы­лы­ғы саласында швейцариялық “Бю­лер АГ” пен “Бошунг” компания­ла­ры өздерінің өнімдерін Қазақ­стан рыногына жеткізуде. 2005 жылы Қазақстан рыногына келгісі келе­тін компанияларға арналып “Швей­цария – Қазақстан” ассо­циациясы құрылды. Оның мақса­ты – екі елдің арасындағы эко­но­микалық, саяси және мәдени байланыстардың артуына жағдай жасап, ықпал ету. Соның ішінде Қазақстан рыногына швейцария­лық капитал мен жоғары қатар­дағы технологияларды жеткізу, Қазақстанның инвестициялық мүмкіншіліктерінің тұсаукесерін жасау және т.б. шаралар бар. Сондай-ақ екіжақты экономика­лық байланыстарды арттыруды мақсат еткен Үкіметаралық комис­сия да құрылған. 2009 жылы Швей­царияның Цюрих қаласында оның алтыншы отырысы болды. Онда Қазақстан-Швейцария биз­нес-форумы болып, оған жүзден артық швейцариялық компания­лар қатысты. Швейцарияда гендерлік саясат өзінің шешімін әбден тапқаны көрініп тұр. Оған Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен кездескен Парламент жетекшісі, Сыртқы саясат ведомствосының басшысы, Федералдық президент сияқты үш жоғары лауазымда да әйел адамдар отырғанынан көруге болады. Пар­ламент орналасқан Федералдық сарайдың төбесіндегі үш биліктің белгісі де әйел бейнелерінде көр­сетілген. Мұны швейцариялықтар өз арасында  мақтаныш көретінін де жасырмайды. Елдегі атқарушы билікті жеті департамент басшы­лары атқарады және олар жыл сайын өз араларынан консенсус тәртібімен біреуін президент етіп сайлайды. Бұл елдегі биліктің бір адамға тәуелді болып қалуынан қорғайтын тиімді шара көрінеді. Қ.Саудабаев пен Швейцария Парламенті Ұлттық кеңесінің пре­зиденті П.Брудерер Висс ханым арасындағы кездесу достық, түсі­ніс­тік рәуішінде өтті. Келіссөз ба­рысында Швейцарияның қазақ­стан­дық төрағалықтан Еура­зия­дағы қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау бойынша үлкен әрекет күтетіні айтылды. Осы бағыттағы қа­зақстандық бастамаларға швей­цариялық тарап оң қарайтыны білдірілді. Қ.Саудабаев өз кезегінде П.Брудерер Виссті Астана қала­сында мамыр айында болатын транс­азиялық конференцияға қатысуға шақырды. Шақыру риза­шылықпен қабыл алынды. Швейцария – Еуропаның ор­та­лығындағы шағын мемле­кеттер­дің бірі. Халқының саны 7,5 млн. адам, бірақ осынау елдің беделі әлемдік саясатта айтарлықтай үл­кен. Оған аталған мемлекет өзін­дегі мызғымайтын тұрақтылық­тың, берік ұстанымдағы салиқалы саясатының арқасында қол жеткі­зіп отыр. Берн қаласының орталық ала­ңы, онда орналасқан тарихи ғи­мараттар мен ескерткіштер архи­тектуралық жәдігерлердің ашық аспан астындағы мұражайы се­кіл­ді. П.Брудерер Висспен кездесуден шыққан соң, белгіленген бағдар­лама бойынша, соның бәрін Мем­лекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевқа Швей­цария Үкіметінің арнайы блінген адамы аралатып жүріп, көр­сетіп шықты. Қазіргі өрнек­тас­тардай емес, табиғи тастардан рет­тестіріп жасалған жол үсті тақ­тайдай тегіс болмағанымен,  мың жыл жатса да үгілмейтін сияқты. Тас­тан қашалып салынған мың­жылдық ғимараттар арасы тып-тыныш, көліктер саны аз, артық шу жоқ, жаяу жүргісі келген адамға барынша жайлы екен. Швейцарияның Ұлттық мақта­ныштарының бірі оның тамаша табиғаты болса, екіншісі сағат жа­сау өнері екені белгілі. Швейца­рия­лық сағаттар ғасырлар бойы өзінің жоғары сапалы брендін жоғалтпай келеді. Берн көшесінде сағатқа жасалған ескерткіш барын көрдік. Түске таман Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Сау­дабаев Швейцария Конфеде­ра­циясының Сыртқы істер жөніндегі Федералдық кеңесшісі Мишелин Кальми-Рей ханыммен кездесті.  Бұл, біздіңше айтқанда, Швей­ца­рияның сыртқы істер министрі. Кездесу өзгеше басталғанын айта кету керек. Жайшылықта алдымен келіссөз жүргізіліп, артынан келісілген құжаттарға қол қойылатын еді. Ал бұл жолы екі министр кездескен сәттен-ақ бір­ден екіжақты құжаттарға қол қой­ды. Қанат Саудабаев пен Ми­ше­лин Кальми-Рей екі елдің үкімет­тері арасындағы Дипломаттық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы және Рұқсатсыз болатын адамдардың реадмиссиясы туралы келісімдерге қол қойды. Осыдан кейін екіжақты келіс­сөз басталды. Онда М.Кальми-Рей екіжақты қарым-қатынастардың үдемелі түрде дамып келе жатқа­нын қанағатпен атап өтті. Бірақ біз­дің әлі де іске қосылмаған әл­еуе­тіміз үлкен. Қазақстан біз үшін Азиядағы аса маңызды әріптес бо­лып табылады, деді ол. Былтырғы желтоқсанда отырысын өткізген Үкіметаралық комиссияның жұ­мы­сына оң баға беріліп, онда кө­терілген қосарланған салық са­лудан босату туралы хаттаманың дайындалып жатқандығы және оған жуық арада қол қойыла­тын­дығы айтылды. Екіжақты эко­но­микалық ынтымақтастық пен ЕҚЫҰ шеңберіндегі саяси қарым-қатынастардың мәселелері қарас­ты­рылды. Сауда-экономикалық байланыстарды айтқанда, Швей­ца­рия тарабының мәліметі бой­ын­ша, экспорттың  7 пайызға, ал Қа­зақстаннан келетін импорттың 23 пайызға төмендеп кеткені көл­де­нең тартылды. Әрине, олардың объективті себептері бар, әлемдік дағдарыс өзінің салқынын барлық салаға да тигізіп жатыр, бірақ біз бірлесе отырып тығырықтан жол табуға тиіспіз, деді М.Кальми-Рей. Қ.Саудабаев Қазақстан өзінің экономикасын әртараптандыруға басымдық беріп отырғанын, биылғы Жолдауында Президент Н.Назарбаев оған баса көңіл бөлгенін айта келіп, біздің қазіргі міндетіміз елге жоғары дамыған технологияларды жеткізіп, өндіріс қуаты мен сапасын арттыру, деді. Осыған орай Швейцариямен қа­рым-қатынасты одан әрі жандан­дыра түсу ниетіміз бар. Өйткені, сіздердің жоғары технология­ла­рыңызды алуға мүдделіміз, әсіресе бізді медицина саласындағы осы тараптағы жетістіктеріңіз қызық­ты­рады. Сондықтан да Швейца­рия Қазақстан үшін тиімді әрі перспективалы әріптес болып та­былады. Тараптар мәдени-гуманитар­лық саладағы екіжақты қатынас­тарды да талқылады. Бүгінгі күні Швейцарияның жоғары оқу орындарында “Болашақ” бағдар­ла­­масымен келген 200-дей қазақ­стандық студент білім алуда. Алдағы уақытта олардың санын арттыру мәселесі ауызға алынды. Ал төзімділік, діни кемсітушілікке қарсы әрекет жасау, мәдениеттер арасындағы үнқатысулар туралы әңгіме қозғалғанда, Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыра түсіп, оның тәжірибесін үйрену қажеттігі айтылды. Өйткені, Швейцарияда бүкілхалықтық референдум өт­кізіліп, мешіттердің минареттерін салуға қарсылық білдірілген бо­латын. Осыған байланысты бар­лық әлемдік және дәстүрлі дін­дерге тең жағдай жасап отырған, үш жылда бір рет олардың көш­басшыларының съезін өткізіп келе жатқан Қазақстанның тәжіри­бесінен үлгі алудың артықшылығы жоқ екендігін екі жақ та атап өтті. Қазір Швейцария Конфе­де­ра­циясы Еуропалық Кеңеске төра­ғалық етеді, осыған байланысты ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төраға­сы ретінде Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық жасалуы қажеттігі айтылды. Сондай-ақ тараптар әлемдік қаржы жүйесін тұрақ­тан­дыру шараларына белгілі жиыр­ма­лық қана емес, орта дәрежедегі мемлекеттер де қатысуы тиіс деп есептейді. Осы орайда Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың атал­ған бағыттағы бастамасын Швей­цария толық дәрежеде қолдайды. Әңгіме барысында ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізудің қажеттілігі де сөз болды. Швейцария Қазақстан ұсынған күн тәртібін мақұлдай­тынын білдірді. Түстен кейін Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев Швей­царияның Федералдық Пре­зиденті Д.Лойтхард ханыммен кез­десіп, екі­жақты қарым-қатынас­тың көпте­ген мәселелері бойынша пікір ал­мас­ты. Швейцария Прези­денті Қа­зақ­станның ЕҚЫҰ төра­ғасы ре­тіндегі бастамаларына оң баға берді. Кеше Қанат Саудабаевтың Швейцарияға сапары одан әрі жалғасты. Берннен Женеваға қайтып келген еліміздің Мемле­кет­тік хатшысы – Сыртқы істер ми­нистрі бұл күні БҰҰ-ның қа­ру­сыздануға арналған конферен­ция­сына қатысып, сөз сөйледі. Одан кейін ЕҚЫҰ ­– Еуропа Кеңесі ара­­сындағы бірлескен консуль­та­циялар шеңберіндегі жоғары дең­гейдегі кездесуге қатысты. КЕЛІСІМ — ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ немесе төрт “Т” негізіндегі үнқатысу Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақ­стан­ның ЕҚЫҰ-ға төра­ға­лық етуінің басым бағыт­тарына сәйкес Елбасының “Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы: төрт “Т” ұс­та­нымы” ұранына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Әлем назарындағы беделді Ұйымға төрағалық мәселесі өзек болған жиында белгілі ғалымдар мен сая­саткерлер, шетелдік дипломатия өкілдері тереңнен ой тарқатып, ұстаным тетіктерін талқы таразысына салды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. Оқу орнының ректоры ретінде алғашқы болып сөз алған Ба­қытжан Әбдірайым Қазақстанның Ұйымға төрағалығының маңызды тұстарына тоқталып өтті. “Бүгінде әлемнің әр қиырында бой көте­ретін түрлі қай­шылық пен келең­сіздіктің, зорлық-зомбылықтың алдын алу, этнос­аралық, дінара­лық қақтығысты болдырмау үшін күш біріктіру керек. Яғни, ортақ пікірталас алаңына жиналу қажет, – деді Бақытжан Жарылқа­сын­ұлы. – Бұл ретте кез келген қи­ын­дықтың ерте бастан алдын алатын, я болмаса оны бір жүйеге кел­тіретін Қауіп­сіздік және ын­тымақтастық ұйы­мы­ның маңызы айрықша”. Б. Әбді­райым сондай-ақ, 3 континентте орналасқан 56 мемлекеттің өзара әмбебап ала­ңына айналған бұл Ұйымның ор­ны уақыт өткен сайын айшықтала түскенін атап өтті. Жиын барысында өз ой-пайы­мын жеткізген Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Әділ Ахметов пен Камал Бұрханов “се­нім­ді” – әлемдегі этностар мен дін­­дердің бейбіт өмір сүруінің кепілі, ал “дәстүрді” – тұрақты да­мудың маңызды бөлігі ретінде қарастырды. Мәселен, сенатор, Ұйымның Іс басындағы төрағасының жеке уәкілі Әділ Ахметов өз сөзінде қазақтың “төртеу түгел болса, тө­бедегі келеді, алтау ала болса, ау­ыздағы кетеді” деген тәмсілінің тек қазақтарға ғана қатысты емес, әлемдік қоғамдас­тық­қа да қатысты екендігін айтты. “Бірлік болмаған жерде тірлік болмайтыны, сенім болмаған жерде соғыс отының өрбіп, өршитіні, даулардың баста­латыны бесенеден белгілі. Биылғы жылдың 12-15 қаңтары аралы­ғында Ұйымның Венада өткен Тұрақты кеңесіне ТМД елдерінің, Азия мемлекет­­терінің, мұсылман елдерінің ішінде бірінші болып Қазақстан басшылық етті. Бұл көп нәрсені аңғартса керек. Екінші­ден, бүгінде дүниенің әр қиы­рында болып жатқан келеңсіздік пен қиындықтың, дау-жанжалдың түбінде сенімсіздік тұр. Сенім болмаған жерде барлығы ыды­рап, сетінейді, кері кетеді. Осы­ны есте ұстауымыз қажет”, деді Әділ Құрманжанұлы. Бұдан кейін ол өзінің өткен жыл­дың қазан айында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының мұсыл­мандарды кемсітушілікке, шет­тету­шілікке қарсы күрес жүргізу жө­­нін­дегі жеке уәкілі ретінде АҚШ пен Канадаға сапар жаса­ғанын айтты. “Бұл сапарға мұ­сылмандарға қа­тыс­ты мен, басқа да христиан, иудаизм секілді түрлі дін өкілдеріне қатысты АҚШ пен Италия парламенттерінің 2 өкілі – үшеуміз шықтық. Аталған сапардың бағдарламасын екі мем­ле­кеттің үкіметі ұйымдастырып бер­ді. Мен мұсылмандардың жағдайы­мен таныстым. Сондағы байқаға­ны­мыз – 2001 жылдың 11 қыр­күйе­­гінде дүниені дүрліктірген дүр­белеңнен кейін әлемнің өзге­ріске ұшырағаны. Ол – мұсыл­мандарға қатысты көзқарастың 180 градусқа өз­гергендігі дер едім. Мұсылман­дар­ға құбыжық ретінде қарайтын болды. Жағдай шиеле­нісіп кетті. Мұсылман дініне дін емес, идео­логия тұрғысынан қа­раушылық анық аңғарылды. Осы­ған орай мұ­сылмандарды көп жерде шетт­е­ту­шілік кеңінен белең алды. Барлық келеңсіздік мұсыл­мандарға таңыл­ды, барлық дау-жанжал мұсыл­мандармен байла­ныс­тырылды. Осы мәселелерді, мұсылмандардың жағ­дайын Ва­шинг­тондағы 21 адам мү­ше Хель­синки комиссиясына ба­рып, баяндап бердім. Сонда АҚШ-тағы мұсылмандардың жағдайын есті­ген комиссия мүшелерінің көз­дері алақандай болды. Бар шындық жіпке тізілгендей етіп айтылғаннан кейін олар бұл жәйттерді оң қа­был­дады. Бұл нені көрсетеді? Бұл түрлі ұлт өкілдерінің бір-біріне деген сенімсіздігі неге апарып соғатынын көрсетеді. Бұдан кейін Сенат депутаты ЕҚЫҰ-ның 10 шақты жыл бойы­на өт­пеген Саммитін Астанада ұйым­дастыру жөніндегі бастама­ның, еліміздегі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің алар орнының зор маңызға ие екен­дігіне тоқталып өтті. “Ауған­стандағы жағдай бейбіт жолмен шешілуі тиіс. Әрине, Ауғанстан бұл Ұйымға мүше емес. Бірақ мәселеге бұлайша қарамау керек. Себебі, оның екінші жағы бар – ол қауіпсіздік. Бұл ретте Қазақстан араағайын болуға барынша күш салып жатыр. Еліміз гуманитар­лық сала бойынша 50 млн. дол­ларға тарта қаржы бөліп, Ауған­станның 1000-ға тарта жаста­ры­ның жоғары білім алуына қолдау көрсетуде. Міне, нағыз бағыт осындай бейбіт бағыт болуы керек”, деді Сенат депутаты. Конференция кезінде ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының же­текшісі Александр Кельчевскийдің сөзі де көп көңілінен шыққандай бол­ды. ЕҚЫҰ өкілі өзінің баянда­ма­сында беделді Ұйымның артық­шы­лықтары мен ерекшеліктеріне қатысты өз байламын жеткізді. “Қазақстан бұл Ұйымға 20-шы бо­лып төрағалық етуде. Сол себепті ол тек төраға емес, ондағы кез кел­­ген үдерістің басты қозғау­шысы. Алғашында бұл Ұйым Варшава келісіміне сәйкес, кон­ференция ретінде құрылған бола­тын. Сол кезде бұл конференция 3 негізгі себет бойынша жұмыс істеген еді. Олар: әскери-саяси, экономикалық (кейін оған эко­логиялық мәселе де қосылды) және адам құқығы мен демокра­тия­ландыру. Кейін конфе­рен­циядан Ұйым мәртебесін ие­леніп, жаңаша түрленген кезде де осы формат негізге алынды. Күні бү­гінге дейін осы бағыттарды бас­шылыққа алып келеміз. Әрине, Хельсинки үдерісінен кейін, яғни конференциядан Ұйымға айналған күннен бастап ол басқа қағидат­тар­ға да сүйенді. Десек те, бұл 3 бағыт сақталуы керек. Себебі, әуел бас­тан-ақ адамзаттық өлшем мәсе­лелері қауіпсіздіктегі басым бағыт болып саналған еді. Яғни, эко­но­микалық-экологиялық мәсе­ле­лер­мен қатар, адам құқықтарының са­қталуы – Ұйымның негізгі ар­тық­шылығы. Қауіпсіздік – бұл еш­те­ңеден бөлінбеуі тиіс. Қауіп­сіздік бір елге ғана емес, барлық елге де қа­тысты. Сондықтан Ұйым кез келген келіспеушілік пен алау­ыздық тамы­рының кесілуіне жол ашуы қажет”, деді А. Кельчевский. ЕҚЫҰ өкілі сондай-ақ, әлемді жайлаған түрлі қарама-қайшы­лықтың бар­лы­ғын шешу мүмкін емес екендігін, алайда белгілі бір мәселелерді оң­тай­ландыруға бола­тынын алға тартты. Халықаралық ғылыми-тәжі­ри­белік конференция барысында Ұй­ым мен Ұйымға төрағалықтың қыр-сырын әңгіме өзегіне ай­нал­дырған Испания Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Альберто Кор­тес, Словакияның Қазақ­стан­дағы елшісі Душан Подгорский, Грек Республикасының Қазақ­стан­­да­ғы елшісі Евангелос Де­нак­сас та бір­қатар маңызды жәйттер тө­ңі­регінде ой бөлісті. Мәселен, Ис­па­ния Корольдігінің еліміздегі елшісі Евангелос Денаксас Қа­зақстанның Ұйымға төрағалығын­дағы 4 ұста­нымының бірі – сенім мен күнде өзгермелі күйді бастан кешіріп отырған әлемдік қоғам­дастықтағы өзара сенімділікті сақтап қалудың өзектілігі жөнінде ой өрбітті. Ал Словакияның Қазақстан­дағы елшісі Душан Подгорскийдің ба­ян­дамасында төзімділік – қоршаған ортаны сақтаудың басты құқықтық негізі ретінде қарасты­рылды. “То­ле­ранттылық, яғни төзімділік ұғы­мы – қазіргі таңда әлеуметтік-сая­си, мәдени және құқықтық си­пат­тағы әлемдік әде­биетте кездесетін ең танымал тер­миндердің бірі. Толеранттылық­тың түбірін анық­тайтын және оны зерттейтін түрлі гуманитарлық көзқарастың бар­шы­лық екені аян. Бірақ оның пси­хо­логиялық түсіндірмесі жоқтың қасы десе де болады. Бұл – ежелден келе жатқан үдеріс. Сол себепті қазіргі таң­да біз толеранттылық терми­ні­нің мәнін ашудан бұрын оның ха­лық­аралық дипломатия кеңіс­тігіндегі орнын айқындауға мән беріп ке­леміз. Толеранттылық – нәсілдік кемсітушілік, ксенофобия сынды кертартпа әрекеттерге тосқауыл қоюмен қатар, адам құқығы, дін мен сенімді таңдау бостандығына да әсер етеді”, деді Словакия елшісі. Осылай дей келе, ол қоршаған ортаны қорғауға төзімділікпен қа­тар, халықаралық құқық тетігін жоғары деңгейде енгізу мәселесін де қосты. “Бүгінде трансше­ка­ралық өзендердегі түйткілді тұстар дабыл қағарлық деңгейге көте­ріл­ді. Ертіс, Сырдария мен Әмудария мәселелері шиеленісіп кетті. Сон­дықтан бұл түйткілдер судың са­пасын зерт­тей­тін арнайы бақылау кешенінің құрылуы негізінде шешілуі тиіс. Соңғы уақытта Ер­тістің жағдайы түрлі себептерге байланысты күрт нашарлады. Бір ғана мысал. Жыл сайын бұл өзеннің бастауына құйылатын қалдықтардың мөлшері 150 млн. текше метрді құрайды”, – деді Д. Подгорский. Словакия өкілі өз сөзінде Кас­пий теңізі суының сапасын сақтау мәселесіне де айрықша назар ау­да­рылуы қажеттігін атап өтті. “Күні бүгінге дейін гидросфераны зерт­тей­тін кешенді бақылау жолға қой­ыл­маған. Ал еуразиялық кон­ти­нент­тің қазынасын сақтауда он­­­ың жағалауында жатқан елдердің өзара төзімділігі, оның бүгінгі жағ­дайы мен келешегін ғылыми тұр­ғыда жан-жақты зерттеу күрмеулі мә­селенің түйінін шешуге сеп бол­мақ. Осыны есте сақтасақ екен”, деді бұл турасында елші. Бұл ретте ол Қазақстан мен АҚШ ғалымдары жүргізген бірлескен зерттеулер мен сараптамаларды мысалға келтірді. Оның айтуынша, Каспий теңі­зін­дегі бекіре балы­ғы­ның өсімін олар­ды аулау үдерісін тежеу арқылы ға­на молайтуға бо­лады. “Сол себепті Каспий теңізін сақтаудың гидро­ло­гиялық және биохимиялық пара­метрлерін жүйелі түрде енгізуіміз керек”, деді ол. Өзінің баяндамасын қоры­тын­дылай келе Д. Подгорский Елбасы Н. Назарбаевтың Ұйымды бас­қа­руда айқындаған 4 қағидаттың бірі – төзімділікті қолдайтынын жеткізді. “Бұл ретте өркениеттер альянсы, мәдениеттераралық және өркениеттераралық үнқатысу мәселелерін шешуді баса айтар едім. Сонда ғана су шаруашылығы және гидрологиялық тетіктерді ха­лықаралық деңгейде жүйелендіре аламыз”, деді Словакия елшісі сөзінің қорытындысында. Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байла­ныс кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметовтің “Төзім­ді­лік – этносаралық ықпалдастық­тың негізгі ұстанымы” деген тақы­рыпта сөйлеген сөзі де осы қағи­даттың өзектілігін дәлелдей түс­кен­дей болды. “Ұйымды басқа­рудағы 4 ұстаным тегіннен тегін белгілен­беген. 4 құбыла деген сөз халқы­мызда ежелден бар. Бейбіт­шілік пен келісім сарайы да 4 бұ­рыштан тұ­рады. Бұл еліміздің мәң­гілікке, келісім мен бейбіт­шілікті сақтауға ұмтылуын біл­ді­реді. Сол себепті атал­­ған қағидат­тар­дың бірі – тө­зімділіктің орны айрықша. Әрине, біздің мемле­ке­тіміз көп этносты әрі түрлі кон­фессиялы. Кезінде бұған алаң­дау­шылық танытқандар да табылған. Бірақ, бұдан бір нәрсені бағам­дау­ға болады. Ол кез келген діндегі адам жолының тікелей Құ­дайға апаратын жол екендігі. Тө­зімділік қағидаты, міне, осындайдан кө­рінеді, деді Ғ. Шалахметов жи­ынға қатысушыларға қарата айтқан сөзінде. Сондай-ақ ол Таулы Қа­ра­бақтағы, Югославиядағы шие­леністі жәйттерге төзімділік қа­ғидатының сақталмауы әсер ет­кендігіне тоқта­лып өтті. Жиын аясында өз ой-пайы­мы­мен бөліскен Сыртқы істер ми­нис­тр­лігіне қарасты ЕҚЫҰ депар­та­менті директорының орынба­сары Талғат Оңайбаев “уақыт сырғыған сайын адамзат ғаламдық және діни сипаттағы үдерістермен бетпе-бет келетінін, бұларды тек тиімді жол­дармен ғана шешуге болатынын ал­ға тартты. “Бұл ретте Елбасы ай­қын­даған ашықтық ұстанымы үл­кен рөл атқарады. Ашықтық қағи­даты – қауіпсіздік мәселесін жүйе­лендіруде жетекші рөл атқаруы тиіс. Бүгінде “еуропалық қауіпсіздік” ұғы­мы өзінің континенттік шең­бе­рінен асып, Еуразия кеңістігін қамтып отыр”, деді Т. Оңайбаев. Халықаралық жиын кезінде оған қатысушылар таразыға түскен мәселелерді талқылай келе, ар­найы қарар қабылдады. Онда төр­ағалық кезінде 4 ұстанымды бас­шылыққа алған Қазақстан Еуропа қауіпсіздігі үшін ғана емес, ға­ламдық кеңіс­тік­тегі құндылықтар мен стратегия­лар­ды сақтауға да баса назар аудара­тын­дығы айтыл­ған. Бұл ретте қо­ғамдық санаға сәуле тарататын жа­ғымды ақпа­рат­тық өнімдерді өн­діру, түрлі этностарды біріктіретін рухани, ізгі құндылықтарды сақтау, ради­ка­лизм, экстремизм, әлеуметтік және саяси тұрақсыздыққа қарсы қор­ғанысты күшейту, әлемдік сая­сатта “шынайылық” ұстанымын тұрақ­тан­дыру, этносаралық және кон­фес­сияаралық келісімнің қа­зақстандық үлгісін таныту секілді мәселелерге айрықша назар ау­дарылды.