• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 08 Сәуір, 2019

Қазақстан Президенті ЕҚЫҰ төрағасы Мирослав Лайчакпен кездесті

1068 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясатының бейбітшілдік сипатын атап өтіп, еліміздің халықаралық ұйымдармен арадағы сындарлы ынтымақтастыққа адал екенін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

– Сіздің Словакияның Сыртқы істер министрі әрі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде Нұр-Сұлтан қаласына келгеніңізге қуаныштымын, – деді Мемлекет басшысы.

Халықаралық ұйым жетекшісі ЕҚЫҰ-ның мақсаты қақтығыстардың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жан-жақты тиімді ынтымақтастық орнату екенін атап өтті, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық дағдарыстарды реттеудегі стратегиялық рөліне ерекше тоқталды.

– Мені және делегациямызды қабылдауға уақыт тапқаныңыз үшін Сізге алғыс айтамын. Мүмкіндікті пайдалана отырып, Президент лауазымына кірісуіңізбен құттықтаймын, сондай-ақ Сізге және еліңізге зор табыс тілеймін. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде Қазақстанға келгеніме қуаныштымын, – деді Мирослав Лайчак.

Кездесу аясында тараптар күн тәртібіндегі өңірлік және халықаралық өзекті мәселелерді талқылап, Қазақстан Республикасының Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен ықпалдастығының перспективаларына тоқталды.