
Осы күні қарыз мәселесі еліміздегі күрделі мәселелердің біріне айналды. Расында, қарыздың қай түрі де оңай емес. Ұлттық банк деректеріне сәйкес, қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерге 6 триллион теңге қарыз екен. Сонда жан басына шаққанда әр қазақстандық орта есеппен 900 мың теңгеден аса (!) берешек деген сөз. Мейлі автокөлік алуға, мейлі кәсіп ашуға болсын, әйтеуір банк қызметіне жүгініп, өсімақымен несие алмаған азаматты табу қиын бүгінде... Ең сорақысы, біз «қарызға» өмір сүруге әбден бой алдырдық – соңғы бір жылда халықтың қарыз алу қарқыны 15 пайызға артқан.
Тарихта «бесінші әділ халифа» атанған Омар ибн Абдулазиздің өмірінен алынған бір мысал есіме түсіп отыр:
Айт күні қарсаңында Омар халифаға баласы келіп:
– Әке, киімім тозды, маған жаңасын әперіңіз, – дейді.
Ол кезде мұсылмандардың әміршісі атанып, ел басқарып тұрған Омар өте әділ және адал адам болғаны белгілі. Өзі қарапайым тұрмыс кешкен және артық тиыны болмағандықтан, қазынашыны шақырып алып:
– Маған келесі айдың жалақысы есебінен қарызға ақша бер, – депті.
Сонда қазынашы тұрып:
– Уа, мұсылмандардың әміршісі! Егер сіз келесі айға дейін тірі болып, өмір сүретініңізге кепілдік берсеңіз, мен сізге қазынадан қарызға ақша бергізейін, – дейді.
Мына сөзден шошып кеткен халифа сонда:
– Ондай кепілді Алла бермесе, мен қайдан бере аламын? Онда сен қарыз жазба, мен алмаймын, – деген екен.
Бұдан соң ол баласына:
– Өзіңнің жаңа киімдерің үшін әкең тозақ отына кірсін демесең, райыңнан қайт, – депті.
Расында, бүгінге дейін марқұмды жерлер кезінде оның жаназасын шығарып болған молда: «Бұл кісінің мойнында қарызы бар ма еді? Алашағы бар адам айтсын!» – дейді. Сол кезде «Менде қарызы бар еді» деген біреулер шықса, оны сол жерде не балалары, не туыстары өтейді немесе қайырлы адамдар «қарызын кешірдік» деп борышкерді босататын ғұрып бар. Мұның бәрі соқыр сенім емес, «кісі ақысы кісіде кетпейді» деген түсініктен.
Ізгі адамдар бір-бірінің қарызын кешіріп жіберетін болса, банк жүйесі кісі қайтыс болғанда оның несиесін баласына не мұрагерінің мойнына жазады.
Бізде ипотекалық қана емес, тұтынушылық несиенің өзі «кешірілмейтінін», әкеден балаға немесе марқұмның отбасына қалдырылатынын көріп жүрміз. Сонда біздің бүгін тұтынушылық несие алу туралы шешіміміз күні ертең баламыздың өміріне тікелей әсер етуі мүмкін екенін неге ойламаймыз?
Біз бұл жерде кәсіп ашу үшін не үй салу үшін алынған несиелерді сөз етіп отырған жоқпыз. Себебі несиенің түрі көп. Кәсіп ашып, өзін де, өзгелерді де жұмыспен қамтимын деген адамның алдына қойған мақсаты бөлек. Банктің өзі одан әуелі бизнес жоспарын сұрап, барлық тәуекелін ескереді.
Біздің қабырғамызға бататыны – сайда саны, құмда ізі жоқ, біркүндік мақтан үшін, бір жайылатын дастарқан үшін, түптің түбінде «елден қалмас үшін», «ағайын-туыстан, құда-жегжаттан ұят болмас үшін» қарызға белшеден батудың қажеті бар ма?
Үйлену тойы деген не, қазір құндыз жағалы тон, соңғы үлгідегі теледидар, компьютер, қалта телефоны секілді тұрмыстық заттардың өзін барынша қымбат алып, сол үшін 3-4 жыл бойы банкке қарыз болып жүру ел ішінде етек жайып келеді екен. Ең өкініштісі сол, бәсекенің жетегінде автокөлік алу үшін, шетелдерге барып демалу үшін де қарызға белшеден батуды шығарды.
Ең бастысы – қарыз тәуелділігі рухани психологиялық тәуелділікке алып барады. Біз осыны ескеруден қалып барамыз!
Осындайда кемеңгер Ұлы ойшылымыз Абайдың мына сөздерін еске аламыз:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбе оқып көруге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге.
Қалай сабыр қыласың,
Жазықсыз күнде сөгуге?
Өнерсіздің қылығы –
Тура сөзін айта алмай,
Қит етуге бата алмай,
Қорлықпенен шіруге.
Аз ақшаға жалданып,
Өнбес іске алданып,
Жол таба алмай жүруге...
Жапон халқының қарыз-несие мәселесіне көзқарасы тіпті басқаша. Бір кезде самурайлық философияны өмірлік ереже еткен жапондықтар қарыз мәселесіне өте сақ қарайтын. Дайдодзи Юдзан Сигэсуки «Самурайдың кодексі» атындағы кітапта былай дейді: «Самурай ұдайы, күндіз-түні мынаны есінде ұстауы тиіс – жаңажылдық тағамнан ауыз тию үшін қолына таяқша алған таңғы сәттен бастап, ескі жылдың соңғы түніне дейін, қарызын өтеу кезінде – ол өлетінін есте ұстауы тиіс». Сол сияқты, біздің ата-бабаларымыз мойнындағы борышты өтеудің ауырлығын өз жанын аманатқа қалдырудан кем санамаған. Сөз басында келтірген Халифа Омардың өнегесі сияқты кісі ақысын жеуден, қарызын өтей алмай көз жұмудан, өсімқорлықтан қатты қорыққан.
Борышкер демекші, былтыр шілде айында банктер мен микронесие ұйымдарына қарыз қазақстандықтардың саны 4,58 миллион еді. Яғни, елдегі экономикалық белсенді, еңбекке жарамды халықтың тең жарымы банктерге қарыз деген сөз.
Орыс ақыны Николай Некрасов банк жүйесін былай деп сынаған екен: «Банкир – күн шығып тұрған кезде сізге қолшатыр беріп, жаңбыр сіркірей бастағанда оны тартып алатын адам». Әлгі «Кепілсіз несие!», «Комиссиясыз!», «Жалақыға дейін!» деген түрлі алдамшы жарнамалармен арбап шақырып алып, микронесиені мойныңызға «іліп» жіберетін, кейін берген қаражатын екі-үш есе етіп қайтаруды талап ететіндерді дәл сипаттап тұрған жоқ деңізші! Дәл өзі емес пе!
Иә, қарыз алу – тығырыққа тірелудің басы екенін ешкім жоққа шығармайды. Қарап тұрсақ, арғы-бергі философ, ойшыл, зиялы қауым өкілдерінің бәрі дәулетті болу үшін адам ең әуелі шамадан тыс, қажетсіз шығындардан сақтану қажеттігін айтады. Ежелгі грек ойшылы Демокрит мұны бір-ақ ауыз сөзбен: «Тілекке кедей бай болады». Бұдан да тереңірек қозғасақ, қарыз алудың астарында құлдық сана-сезімнің сипаты бар. Себебі қарыз алушы қарыз берушіге тәуелді болатыны бір бөлек, адам өз талап-тілегінің құлы деген сөз. Яғни, бір сәттік тілектің жетегімен ұзақ уақытқа, кейде тіпті өмірлік борышкерлік қамытын мойнына кигенін сезбей қалады. Мұндай адам өз арман-мақсаттары үшін емес, мойнындағы қарызын өтеу үшін жанталасып жұмыс істейді. Сонда қаржылық-материалдық тәуелділік адамды моральдық-психологиялық тәуелділікке ұрындырады.
Ағылшын жазушысы Бернард Шоу: «Қарыз деген кез келген басқа қақпанға ұқсайды: оған түсу оңай, бірақ одан шығу өте қиын» деп қысқа-нұсқа суреттейді.
Ал француздың әйгілі жазушысы Виктор Гюго бұл мәселені жете талдап, былай деген: «Қарыз – құлдықтың басы, тіпті құлдықтан да жаман, себебі қарыз беруші құлиеленушіден де сорақы: ол сіздің тәніңізге ғана емес, сіздің абырой-беделіңізге де иелік етеді және орайы келгенде абыройыңызды айрандай төге алады».
Бұл қисынға салсақ, қазір қаншама адам банктер мен микронесиелік ұйымдардың құлы болып жүр бүгінде?
Ендеше, банктерге құл болғанша, қаржылық-материалдық жағдайды көтеріп, тұрмысты жақсарту үшін еңбек еткен абзал ғой.
«Қарызы жоқ адам ең бай адам» деген сөз ел аузында жүр емес пе? Джон Рокфеллер бай болудың нақты жолын көрсетіп кеткен: «Егер ақшаң аз болса, кәсіп аш. Егер ақшаң мүлде жоқ болса, шұғыл түрде дәл қазір кіріс іске!». Ешкім де қарыз батпағына батып жүріп, арман-мақсатына қол жеткізген емес.
Осы орайда, «Байларда бала жоқ, оларда мұрагер бар» дейтін еврей халқының ұрпақ қамын ойлайтын стратегиясы назар аударуға тұрарлық. Бұл халық әлемнің қай түкпірінде тұрса да, бақуатты тұрмыс кешуінің сыры неде екенін зерттеушілер әлі нақты айта алмайды. Бәлкім, оның сыры бала кезден үнемшілдікке үйрену, еңбекқор болу мен ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінуде болар? Оның үстіне, «Егер алтын мен кітапты түсіріп алсаң, әуелі кітапты көтер» дейтін еврейлер бала тәрбиесінде пайдалы білім алу мәселесін бірінші кезекке қояды. Яғни, бақуаттылыққа, байлыққа ұмтылғанымен, олар үшін білім, рухани тәрбие және отбасы құндылықтары бәрінен жоғары тұр.
Прагматикалық ағылшындар ақшаны қайда жұмсау керектігін онсыз да жақсы біледі: «Білім алуға жұмсалған ақша текке кетпейді». Бұл сөздің мағынасын ашып жатудың өзі артық.
Басқаша айтқанда, бір күндік қызыққа әуес болмай, ұзақ мерзімді стратегия ұстануға үйренген жөн. Бұл мәселенің екінші бір ұшығы халықтың психологиялық-рухани жағдайына тіреледі. Қарыз түгілі, кез келген «алмақтың салмағы бар» дейді дана халқымыз. Қарыз мәселесі ең алдымен тұтынушылық психологиямен тығыз байланысты.
Дана халқымыз өз жанын «аманат» деп санаған. Яғни, Жаратушының аманатқа – уақытша сақтауға берген жанын өзіне де телімегені. Сол үшін өзіне де, өзгеге де қастық жасаудан тыйылып, адал өмір сүруді парыз санаған... Ал біз бұл иірімі терең дүниетанымнан жеріп, бір күндік қызыққа бола өмірімізді, денсаулығымызды, адами келбетімізді, кейде тіпті отбасы тыныштығын да безбенге салып, «қарызға» өмір сүруден қорықпауға айналдық...
Егер бұл мәселені жете ойланып, жіті зерттемесек, қоғамды ішінен ірітетін әлеуметтік дертке айналу қаупі өте зор. Әйгілі философ Аристотель бұл тұжырымды қуаттай түседі: «Біреулер мәңгі өмір сүретіндей дүние жинайды, ал бәзбіреулер дәл қазір өле қалатындай ақшасын шашады». Кез келген нәрседе шек болуы тиіс.
Психологтар үнемі қарызға белшесінен батып жүретін адамдарды араққа не есірткіге тәуелді адамдармен теңестіреді. Яғни, өз қаржылық әлеуетін есепке алмай, несиеге өмір сүретін адам өзінің шын жағдайын көрмейді, қиялындағы иллюзия әлемінде өмір сүреді. Бұл орайда «несиеге тәуелділік» деген термин шығарсақ та болады. Көбіне мұндай адамдар дәл қазір «қалап тұрған» затына қол жеткізбесе, өмірі тоқтап қалатындай не бар қызығынан айырылатындай күй кешеді. Олар үшін дәл қазіргі сәттегі қалауын жүзеге асыру маңызды. Ал оның салдарын ойлауға қабілеті жетпейді. Ең сорақысы, «несиеге тәуелді» адамдар өзгелер бұларға әлдене тиіс сияқты сезінеді, яғни отбасы, туыстары, көршісі, мемлекет... бұларға көмек қолын созып, қарыз бере тұрса деген тілек. Олар қарыз алудан қорықпайтыны сияқты, үстін-үстін қарыз сұраудан ұялмайды.
Бірақ мұндай күрес жолына түсу үшін адамға әуелі психологиялық және рухани бостандық қажет. Басқаның қажеттілігін өтеу үшін күндіз-түні жұмыс істейтін, өзгеге тәуелділіктен түні бойы ұйықтамайтын адамда ақыл-ой, сана бостандығы қайдан болсын? Қарап тұрсақ, адам болу – еркін болу – бақытты болу бір-біріне тығыз байланысты құбылыстар екен. Ендеше, пендешілік осалдықтан, несиеден, тұтынушылық құлдықтан құтылайық!
Арыстанбек Мұхамедиұлы, Мәдениет және спорт министрі