Семинарда айтылғандай, еліміздің ауыл шаруашылығында қолданылатын әдіс-тәсілдер жаңа технологиялардың көмегімен күшейе түспек. Мысалы, өсімдік шаруашылығындағы дәлме-дәл егіншілік – осы саладағы шаруашылықтар игеруге тиіс маңызды тәсілдердің бірі. Семинарға Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарынан АӨК өкілдерінің арнайы келу себебі де осы. Олар елордадағы Қазақ агротехникалық университеті қабырғасында зерттеумен шұғылданатын ғалымдардың дәрісіне қатысып, ортақ мәселелерді талқылауға мүмкіндік алды.
– Бұл семинардан алқаптарда кездесетін аурулардың алдын алу және зиянкестермен күрес әдістері, дақылдардың өнімділігін арттыру тәсілдері, жайылымдардың электронды картасын жасау секілді жаңа ақпараттар алып жатырмыз. Шаруашылығымызды дамыту үшін білімімізді жетілдіргіміз келді. Кейін жұмысымызға септігін тигізеді деп ойлаймын, – дейді Атбасар ауданынан келген «Бастау» ЖШС агрономы Сәтбай Шұғалов.
Бұған дейін мұндай семинар Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Петропавл қалаларында өткізілді. Әр ұйымдастырылған сабақтар өзектілігімен ерекшеленеді. Өйткені алқаптарды картографиялау негіздерін оқыту, агроқұрылымдар мониторингінде геоақпараттық жүйелерді пайдалану секілді тың тәсілдер ауыл шаруашылығын өркендету ісінде аса қажет.