• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Сәуір, 2019

Ежелгі медицина: өркениеттер ізіндегі өріс

8728 рет
көрсетілді

Уақытты аялдата алмайтының тәрізді, заман ағымындағы өзгерістерді де тоқтату мүмкін емес. Әйтсе де адамзат тарихында ықылым заманда өткен дүниенің тегермешпен қайта айналып соғатыны болады.

Қыш тақтайшаға жазылған рецепт

1889 жылы Бағдат қаласынан 160 шақырым жердегі ежелгі шумерлік Ниппур қаласына жүргізілген қазба жұмыстары барысында қыш тақтайшаға сына жазумен бәдізделген 15 рецепт табылады. Толып жатқан шөппен қатар табиғи шайыр, ас тұзы, тасбақаның сауыты, жыланның ішкі органдары, жануарлардың терісі мен жүнін пайдаланып, түрлі ауруды емдеудің жолы жазылған бұл тақтайшаларды б.д.д. III ғасырдың аяғында өмір сүрген дәрі­гер қалдырыпты. 6 мың жыл бұрын пайда болған көне өркениеттің ғаламдық өл­шем­мен, күн жүйесімен таныстығы, Фибоначчи реттілігі сынды көптеген ілімді игеруі таңдандырады. Сондай-ақ сот және сот алқасы, халық сайлайтын органдары, билеушісі, тұрақты әскері, тасқа басылған заңдары бар шумер мәдениетіндегі жетіс­тіктің бірі – медицина, химия, фитотерапия.

Қос өзен аңғарын жайлаған алдымен шумер, одан кейін аккадтықтар және ба­былдықтар сол кездің өзінде уқалап, ысып емдеумен қатар, жоғарыда айтылған ем­дік шөптер мен денеге жағатын, ішетін, таңа­тын майлар жасап, арнайы диеталар белгілеп, көз ауруларына ота жасап, адам гигиенасына мән беріпті.

Папирустағы дәрігерлік энциклопедия

Ніл өзенінің екі беткейі – ежелгі өркениет бесігі. Көне Мысыр медицинасының сол замандағы энциклопедиясы саналатын Эберс папирусындағы жазбалардың кейбірі бүгінгі ғылымды таңдандырып, мұны сол уақыттағы адамдар жазуы мүмкін емес, бұл өзге ғаламшарлықтардың, бөтен өркениеттің жетістіктері деушілер бар. Мәселен, ондағы бас сүйекті трепанациялау, өкпе, жүрекке ота жасаудағы технологиялар, баланың іштегі дамуы, құрсақтағы шарананың жынысын анықтау және басқа да жазылған дүниелер зерттеушілерді тұйыққа тіреген.

1874 жылы неміс шығыстанушысы, археолог Эберс тапқан бұл папируста түрлі өсімдіктен май мен шырын алу туралы және тыныс алу, асқазан мен ішек аурулары, жүрек, қан тамырлары сияқты адам ағзасындағы дертті емдеудің 900-ден астам рецептімен қоса, дененің әртүрлі бөлігіне арналған дәрілерді дайындау туралы бөлім де бар болып шыққан. Жалпы, мысырлықтардың дәрігерлік ілімінен қалған папирустар 10-нан асады. Оның ішінде балалар ауруына арналған б.д.д. 1450-1350 жылдар ең алғашқы пе­диатриялық Бругш папирусы, Эдвин Смит зерттеген хи­рургиялық папирусы, Кахуна папирусы, Рамессеум V, Лейден, Берлин, Херст папи­рустары бар. Мәселен, Смит папирусында дене жарақатының 48 клиникалық түрінің емі көрсетіліпті. Мысыр жұртының қайтыс болған адамдарды мумификациялауды шебер атқаруы да білімді қажет етеді. Мысырлықтар да шумерліктер тәрізді жеке бас гигиенасына көңіл бөлген. Темір ыдыстан су ішіп, күндіз және түнде екі реттен жуынып, ауруларды емдейтін храмдар жанынан арнайы ауруханалар салған. Әр мысырлықтың үш айда бір рет іш құрылысын жуып тазалап, клизма жасатуы міндетті болған.

 Мысыр емшілері ауруды ең алдымен құдайға жалбарынған қуатты дұға айтып барып, түрлі жақпаны, сулы ерітінділерді, майларды қолданыпты. Жол желкен жа­пырақтары, жусан, теңіз жуасы, анар, құрма, сіркесу, шарап, сыра ашытқылары, минералды заттарды, квасты, қайнатылған тұзды және мемфи тастарын, алебастрды, селитраны, жануарлардың майын, өтін, миын, бауырын және ешкінің сүті мен араның балын, жыланның қабығы мен уын емге пайдаланған.

Осындай ілім игерген ежелгі мысыр­­лықтардағы фармак-құтқарушы, өмір сыйлаушы дегеннен барып фармакопея, фармация, фармацевтика терминдері пайда болып кейін грек дәрігерлерінің қолдануымен бүгінгі заманға да жетті. Сонымен қатар көне Египеттегі дәрігерлердің атасы Им­готеп саналып, оған Фива, Саиси және басқа да қалаларда храмдар салынып, жа­нынан арнайы мамандар даярлайтын мектептер ашылды. Мамандар демекші, мысырлық медицинада көздің, тістің, бастың дәрігері сынды жекелеген ауруларды емдейтін және көзге көрінбейтін, яғни ішкі органдарды қарайтын жалпы дәрігерлер болды. Олар ланцет, пинцет, катетер, әйелдердің жатырын қарайтын айна, гинекологияға керекті күйдіру, скарификация жасауға қажет құралдарды пай­даланып, тісті алтын жіппен байлап, тіпті тілікті ауырсынбауы үшін наркозға апиын қолданған.

Көне қытай медицинасы

 Көне қытай мифологиясы бойынша бұл елде медицинаның атасы, алғашқы Үш Ұлы император Фу-Си, Хуан Дидің қатарында аталатын Шень Нун. 17 ұрпағына дейін ел билеген династия бастауындағы әрі дәрігерліктің бабасы Шень Нун 5800 жыл бұрын өмір сүріп, емшілік жайында, 365 шөп пен тамырды қолдану, 70 түрлі у мен оның уытын қайтаратын дәрілер туралы жазба қалдырған.

Одан кейінгі замандарда б.д.д. 2698-2599 жылдардан жеткен «Нэйцзин» еңбегінің шоқтығы биік тұрады. 18 томнан тұратын мағлұмат жиған кітапта бүгінге дейін пайдаланып келе жатқан инемен емдеу, күйдіру, уқалау, дәрілік шөптердің көмегіне жүгіну, тамыр соғысының бүге-шігесін білу сынды шығыс медицинасының тәсілдері айтылған. Осылайша қытай медицинасы 3 мың жыл бұрын сала-салаға жіктеліп, дамып отырған. Жалпы, қытайлықтардың ежелгі заманнан жеткен дәрігерлік қолжазбалары 20 мыңнан асып кетеді.

Ғасырлардан ғана емес, тұтастай мың­жылдықтар бойынша дамып келген медицина сол заманда да дертті емдегеннен гөрі алдын алуға мән берді. 4 мың жыл бұрын тамыр соғуының 500-ден астам түрін жазып қалдырған қытай медицинасы әлі дамып келеді. Ғасырлардан үзілмей келген жазбалардың бірі 1578 жылы Ли Шиченнен жеткен дейтін кітапта 1892 шөпті пайдаланып жасалған 8460 рецепт емші-дәрігерге көмекке келсе, бүгінде қытайлықтар 2 мыңнан астам өсімдіктен дәрі жасайтын көрінеді.

Ежелгі Үндістан медицинасы

 Ежелгі Үндістан медицинасының негізі әйгілі Веда деп аталатын философиялық трак­таттардан басталады. Шива және Дханвантари құдайдың қолдауымен жүре­тін дәрігерлікте б.д.д. ІV ғасырдың соңы мен ІІІ мыңжылдықта Үндістанда қа­лып­тасқан құлиеленушілік қоғамда өмірге кел­­ген философиялық таным өзгеше орын алады. Ведалық көзқарас бойынша, ағза аса маңызды үш элемент – ауа, шы­рыш және өттен, және бес ғарыштық эле­мент – жер, су, от, ауа мен эфирден тұ­­рады. Ал осылардың арасындағы бай­ланыс­қа ақау түссе, ауру иектейді деп есеп­телген. Сондықтан бұл байланыстарды қалыпқа түсіріп, тыныс алу, өт және қан арасындағы жүйеге баса мән беру керек дейді. Дәрігерлікпен алғашында брах­мандар ғана айналысқан. Ал өзге варналардың өкілдері кшатрилер, вайшьилар мен шудраларға бұл кәсіппен жүруге рұқсат етілмейді. Брахмандар өздеріне тумысынан құдай белгілеп берді дейтін кәсібін тегін жүргізген. Кейін брахмандар бұрынғыдан да жоғарылап үйретуші гуру­ларға айналған. Ал олардың алдынан білім алып шыққан дәрігерлер брахман атаулыны тегін емдеп, қалған варналардан ақы алып отырған. Бір айта кетерлігі, науқастардың жазылуымен оның дәрежесі де, емге деген ақысы да өсіп отырған. Ал дұрыс ем жүргізе алмаса кастасының деңгейіне қарай айып төлеген, сондықтан үмітсіз ауруды қарамайтын құқығы болған. Шудраларды өлтіріп алса аздаған ғана айып төлеген, ал брахман өмірі жұтылса кәсі­бімен қоштасқан.

Бүгінгі офтальмология, гинекология, пластикалық хирургия, жалпы хирур­гия, терапия негіздерін салған ежелгі үн­ді­лік дәрігерлер құлақ, мұрын, ерін ке­міс­­тіктерін жауып, пластикалық оталар жасапты. Тіпті әйел өздігінен босана ал­мағанда қазіргі кесарь тілігі тәрізді опе­рацияға барып, қуықтан тас алып, катарактаны сылып отырған.

Мысыр, Қытай медицинасындағыдай үн­ділік емші-дәрігерлер де дәрі жасау мен оны емге қолдануда тәжірибеге бай бол­ды. Дәрігерлер 800-ге таяу дәрілік өсім­діктердің, тамырларынан, дәндерінен дәрілер жасап, минералды заттар мен оның тұздарын да емге кеңінен қолданды. Сондай-ақ үнділіктер Ману заңдарында қарастырылғандай гигиенаға да көп мән берген. Дене күтімі, ас ішетін, даяр­лайтын ыдыстардың тазалығы, күн ша­пағымен бірге ояну, жуыну, дене бітімі үшін билеуді ежелгі үнділіктер назарда ұстапты. Ману заңдары бойынша, үй­ленуге тек дені сау адамдарға ғана рұқсат берілді. Себебі ауру адамнан сау ұрпақ жетілмейді деп заңмен тыйып, ұрпақ саулығын естен шығармаған.

Ежелгі өркениеттер бесігінде өркен­деген медицина сол қалыбымен өрістей бергенде бүгінде оның қандай дәрежеге жететінін кім білген, бірақ пирамидалар тұрғызған, көне жазу тудырған мәдениет ғайыптан тайғандай бір жерде үзіліп, жал­ғасын таппай қалады. Ал бүгінгі заманның пендесі жүгінетін, ғылымға сүйенген медицинаның ең қарышты дамыған уақыты соңғы 200 жылдың аясы деп есептелінеді. Бұл біздің дәуірдегі адамдардың шындығы екені және рас. Ал бұрынғы мыңжылдықтарда көне заманның дәрігері орган алмастырумен айналысты деген ғылыми фантастика деуге саятындай. Бірақ бұл – шындық.