• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
09 Сәуір, 2019

Ұстазға құрмет

1190 рет
көрсетілді

Жуырда Зайсан ауданында іссапарда болған кезде елді елең еткізетін, адам жанын ізгілікке бөлейтін жаңалықтың куәсі болдық. Ардақты ұстаз, зейнеткер, 90 деген мерейлі жасқа толған Бикамал Рахымбаеваның мыңдаған шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, жас ұрпақты тәрбиелеудегі елеулі еңбегін ескерген Зайсан аудандық мәслихатының депутаттары қарияға «Ауданның құрметті азаматы» атағын берді.

Осы оқиғаға орай аудан орталығында ананың 90 жылдығы, Бикамал әженің шөпшегі Бекарыстың тұсаукесері өтті. Аудандық мәслихаттың хатшысы Дәулет Ыдырышев ұстазға ата дәстүрімен иығына қамзол жауып, «Ауданның құрметті азаматы» атағының куәлігін табыс етті. Кеш болса да еңбегі еленіп, құрметке кенелген ана жерлестеріне, аудан басшыларына алғысын білдірді.

Иә, бұл кейінгі толқын ұрпаққа сабақ боларлық, үйренетін үрдіс. Ұстаз еңбегі ескерусіз қалмады. Кеште аудан өнерпаздары ән мен күйден шашу шашты. Бір жасқа толған Бекарыстың тұсауын Алматыдан арнайы келген қари-қажы Қайрат Көкбаев кесіп, батасын берді.

* * *

...Жүзінен мейірім шуағы шашып тұра­тын, осынау бір қарапайым әжейді кездестірген сайын есіме елуінші жылдардың соңы түседі. Зайсан ауданындағы шағын ғана Саржыра ауылындағы сегіз жылдық мектептің табалдырығын аттағанбыз. Бір күні мектепке жаңа мұғалім келіпті деп балалар шу ете қалды. Міне, ұлағатты ұстаз Бикамал Рахымбаевамен осылай танысқан едік. Ол сабырлы, зекімейтін, сабақты балаларға ұғынықты түсіндіретін мұғалім болды. Біз де ұстазды ерекше сыйлайтынбыз. Мұның алдында Жамбыл, Бесжылдық, Каганович мектептерінде қызмет еткен, сосын Дауал, Сарши, Абай, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы мектептерде шәкірттерге дәріс оқыған, мыңдаған баланың сауатын ашқан ол ұстаздық жолда жарты ғасырға жуық қызмет етті. Ұзақ жылғы еңбегі бағаланып, сан мәрте медальдармен, оқу министрлігінің құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды. «Күміс алқа» медалі асыл ананың алты баланы тәрбиелеп өсіргені үшін берілген баға. Ал ұстаздың жұбайы, ұзақ жылдар ауданның бірнеше елді мекендерінде басшылық қызметте болған Зинабек аға әкемізбен бірге еңбек етті. Ағаның ұзақ жылғы еңбегі ескерусіз қалған жоқ, көптеген орден, медальдарға ие болды. Адам ұрпағымен өсіп-өнеді демекші, Зинабек аға мен Бикамал апай 6 бала, оннан астам немере, шөбере тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы жоғары білім алды, олардың ішінде зоотехник, мұғалім, басқа да мамандық иелері бар. 65 жыл өмірдің қызығы мен шыжығын бірге көрген Зинабек аға бұдан бес жыл бұрын бақилыққа аттанып кете барды.

Бұдан бірнеше жыл бұрын Айнабұлақ ауылындағы мектепте ұзақ жыл бастауыш сыныптарда ұстаз болған ардақты ананың «арнаулы сыныбы» ашылғанда куә болған едік. Ұстаздар қауымы Бикамал Рахымбаеваның аудан мектептеріндегі қызметі, есімі елге кеңінен танымал шәкірттері жайлы суреттер мен өмірбаяндарын тізіпті. Әженің балалары мен немерелері арнаулы сыныпты жиһазбен, интерактивті тақтамен жабдықтап берді. Қазір бұл сыныпта озат оқушыларға құрмет көрсетіледі. Бикамал әжені Айнабұлақ ауылындағы мектептің ұстаздары өздеріне жиі шақырып, ақылдасып, түрлі жиындардан қалыс қалдырмайды.

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің батылдығы.

Ұстаз болу – өмірдің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның алтындығы, – деген жыр жолдары ұстаз ұғымының ұлылығын айқындайды. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаз бақыты осы болса керек.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Egemen Qazaqstannyń» ардагер журналисі

 Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы