Жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы әлемдік білім беру стандарттарына сай. Оны республикадағы өзге ЖОО-лардан ерекшелеп тұрған басты жайт – өз технопаркінің жасақталғаны. Оған «Зерек» деген атау қойылған.
Таяуда Бәйішевтіктер екінің бірінің қолы жете бермейтін тағы бір жетістікке қол жеткізді. Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті белгілеген «Өнімді инновацияны қолдану» жобасының жеңімпазы атанды. Осы арқылы ұйымшыл ұжым құны 98 миллион теңге тұратын грантқа ие болды. Бұл биыл Бәйішевтіктер ұтып алған екінші ірі көлемдегі грант болып отыр. Өйткені бұған дейін жоғарыда аталған «Зерек» технопаркі 47 миллион теңгелік мемлекеттік грантты ұтып алған болатын. Қомақты қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау техника ғылымдарының докторы Байзақ Исақұлов басқаратын «Зерек» технопаркінің құзырына жүктелген. Грант арқылы бөлінген салмақты соманы университет ғалымдары құжаттарды ағылшын тілінде ресімдеудің сан қырын үйреніп күнделікті дағдыға айналдыруға және халықаралық ғылыми жобаларға жол ашудың амалдарын іздестіруге жұмсайтын болады. Біздің өңірлік жоғары оқу орнының тең жеңімпаз атанған Қазақ-Британ техникалық университеті секілді мүйізі қарағайдай жоғары оқу орнымен бір қатарда тұруы біз үшін үлкен жетістік, биік мерей, – дейді С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университеті «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Мұхтар Миров.
АҚТӨБЕ